Тазалық – саулық кепілі
Қазіргі таңда жаһан жұртшылығының бас қатырарлық бір мәселесі – экология. Яғни, адамдардың табиғатқа немқұрайды қарауынан туған қатерлі құбылыс. Себебі алып зауыт пен фабрикалардан шыққан зиянды түтіннен бөлек, өзен мен көлдерге, флора мен фауналарға тасталған қоқыстар қоршаған ортаның ластануына әкеп соғуда. Сонымен қатар бұл іске тазалық мәдениеті төмен жандар да өз үлестерін қосуда.
Осыдан бір апта бұрын республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. Бес аптаға созылатын науқанның әр жұмасы нақты тақырып пен мақсатқа құрылып отыр. Президент пәрменімен басталған науқанға еліміздің әр өңірі үн қатып, тазалық шарасына қатысты. Оның ішінде Шу ауданының тұрғындары да бар.
Аталмыш акцияның алғашқы апталығына «Таза өлке» деген атау беріліп, аудан әкімі Б.Жәнібеков пен мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, өңір қариялары мен мекеме басшылары қолдарына күрек-тырмаларын ұстап, аудан орталығындағы М.Жүнісәлиев саябағынан табылды. Ауданның 300-дей тұрғынына акцияға атсалысқандары үшін алғыс білдірген Бақытжан Оразалыұлы шараның мән-маңызына тоқталды.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жуырда облыстар мен қалалардың, аудандардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді. Бұл баршамыз үшін маңызды шара. Өйткені, тазалықты сақтау күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе. Біз бұған дейін де дәстүрлі науқанға мән бердік. Бұдан әрі де тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту арқылы көшелерді тазартып, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Сіздердің азаматтық белсенділіктеріңізге ризашылық білдіремін, – деді аудан басшысы.
Осыдан кейін жиналғандар қыс бойы қар астында көмілген қоқыстарды тазалап, Шу өзеніне дейінгі аллеяның қос тарапын ретке келтірді. Атап айтқанда, тал-дарақтар әктеліп, тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Мылтықсыз майданға тиісті техникаларда тартылып, күл-қоқыстар жүк көліктеріне тиелді. Ауданның осы салаға жауапты бөлімінің басшысы Ж.Каликовтың айтуынша, акция басталғалы аудан аумағынан 8 тонна күл-қоқыс арнайы полигонға шығарылған.
Дәл осындай шара Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағында да жалғасын тапты. Мұнда да аудан әкімі Б.Жәнібеков бастаған мемлекеттік қызметшілер, мәслихат төрағасы Ж.Әбенов бастаған халық қалаулылары, белсенді азаматтар мен ерікті жастар тазалықтың салтанат құруына үлес қосты. 200-ге тарта адам қатысқан сенбілікте талдардың түбі әктеліп, қураған бұтақтар кесіліп, тал-дарақтар отырғызылып, күл-қоқыстар шығарылып, саябақ іші сырланды.
Игі бастамаға үн қосқан Жасұлан Әлкенұлы акцияның тәрбиелік мәні жоғары екенін айтуда. Мәслихат төрағасының пікірінше, мұндай акциялар өскелең ұрпақтың тазалық мәдениетін қалыптастыруға, туған жердің табиғатын аялауға өз септігін тигізеді.
Тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыруда Шу қаласы әкімі аппаратының игі қадамдары көпшілікті қуантады. Олар қаланы бей-берекет ластаушылармен күресіп қана қоймай, сенбілік жасауға ынталандырып отыр.
Қала әкімі Елдос Нұралиев өзінің жерлестеріне қайырылып, тың бастама көтерді. Шараның ерекшелігі сол, тазалық жасауға бейілді тұрғындарды шаһар билігі әктеу-сырлау құралдары мен қоқыс шығаратын техникалармен қамтамасыз етеді. Мұндай іске ниетті тұрғындар алдын ала өтініш беріп, акцияны бір уақытта бастауы керек.
Акцияға алғаш болып «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы Әли Асылбекұлы көшесінің тұрғындары қатысты. Бір күнін берекелі өткізген көше тұрғындары көпірін сырлап, бағаналарды әктеп, түнгі шам орнатып, қақпаларын құлпыртты. Арнайы бөлінген техникаға күл-қоқыстар тиеліп, әп-сәтте «Подхоз» аталатын бөлімше ажарланып шыға келді. Сонымен қатар жасөспірімдердің өтінішімен жазық жерге қарапайым футбол алаңы орнатылды.
«Ауыл болсаң, қауым бол» деген қағиданы ұстанған аталмыш көше қазан көтеріп, дастархан басында мәре-сәре болды. Дәм ұсынылған орында қала әкімі Е.Нұралиев пен қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры акцияға белсене қатысқан тұрғындарды сыйлықтармен марапаттап, қала тазалығына қосқан үлестеріне алғыс білдірді.
Байжан Емберді.