Орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды
Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының кезекті жиыны өтті.
Оған аудан әкімдігінің тиісті бөлім және
мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, өзге де жауапты қызметкерлер қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімі Б.Жәнібеков күн тәртібінде «Орындаушылық тәртіп мәселелері» жайындағы бір ғана мәселе қаралатындығын айтып, бұл бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Абайға сөз кезегін берді.
Нариман Жетпісбайұлы аудан әкімі тарапынан берілген хаттамалық тапсырмалардың және ауыл тұрғындарымен кездесу барысында бекітілген іс-шара жоспарларының орындалуы қамтылып, слайдпен толықтырылған мазмұнды баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың І тоқсанында аудан әкімінің төрағалығымен 6 аппараттық кеңес өткізіліп, Шу қаласы мен ауылдық округтерде 4000-нан астам тұрғынның қатысуымен 22 кездесу ұйымдастырылған. Жалпы, аудан әкімі тарапынан 236 тапсырма берілген. Оның ішінде 105 тапсырма орындалған болса, 94-і орындалу үстінде. Ал, орындалмаған немесе тиісті деңгейде орындалмаған тапсырма саны 37-ні құраған.
Баяндамашы өз сөзінде орындалмаған хаттамалық тапсырмалар саны мен сапасын әр бөлім бойынша жекелей атап өтті. Мысалы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан 1, дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан 1, ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан 5, «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімі тарапынан 1, жер қатынастары бөлімі тарапынан 2, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан 6 тапсырма орындалмаса, тағы сол сияқты өзге де бөлімдер мен мекемелер қызметіне қатысты орындалмаған және аяқсыз қалған тапсырмалардың саны нақты аталып, сапасы жөнінде мағлұмат берілді.
Мұнан кейін, аудан басшысы Б.Жәнібеков орындалмаған тапсырмалар бойынша тиісті басшылардың жауаптарын тыңдап, мәселенің мән-жайына үңіліп, нақты себептерін сұрады және әлі күнге дейін шешімін таппаған кейбір мәселелерді бақылауға алып, олардың орындалуына қосымша уақыт берді. Кейбір мәселелер бойынша тиісті органдарға ұсыныс беру қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, қызметке қатысты болмашы дүниені үлкен мәселеге айналдыру әдетке айналып бара жатқандығын, мұндай әдетке жол бермеу қажеттігін жеткізді.
Ал, аталған мәселелердің ішінде «Ауыл аманаты» жобасы, көлік және мүлік салығы, тұрмыстық қалдықтар мен апатты қоқыс алаңын болдырмау, медициналық сақтандыру мәселелерінің күрделі күйде қалып отырғандығы сөз болды.
Сан түрлі мәселе көтерілген жиын соңында аудан басшысы жиынға қатысушыларға қорытынды шығаратын уақыт таяп қалғандығын ескертіп, жауапты тұлғаларды өз міндеттеріне салғырт қарамауға шақырды.
Динара Батырхаирова.