Су тасқыны: шулықтар гуманитарлық көмектің үшінші легін жөнелтті
Еліміздің бірқатар аймақтарында орын алған табиғи апатқа байланысты зардап шеккен халыққа тыныс-тіршілігі қалыпты өзге аймақтардан гуманитарлық көмектер көрсетіліп жатқандығын күнделікті ғаламтор жаңалықтары арқылы көріп, біліп жүрміз. Апаттың айтып келмейтінін тағы бір мәрте ұғындырып өткен бұл жағдай көптің қабырғасын қайыстырғаны да анық. Өйткені, кейбір өңірлерде материалдық шығынды былай қойғанда, тасқын салдарынан адам өміріне де қауіп төніп тұрғандығын аңғаруға болады.
Ежелден қайырымдылықтан қалыс қалмайтын халқымыз бұл жолы да тартынбай, апатты аймаққа қолдан келген көмектерін ұсына білді. Сол көптің ішінде Шу ауданының да халқы барын атап айтқымыз келеді. Газетіміздің өткен сандарының бірінде жалпы көлемі 35 тоннаны құрайтын гуманитарлық көмектің алғашқы легі Шу жерінен Ақтөбе облысына жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ал, кеше ғана жұдырықтай жұмыла білген аудан жұртшылығы гуманитарлық көмектің екінші легін жасақтауға үлес қосты. Нақты айтар болсақ, 20-23 сәуір аралығында Шу қаласындағы орталық базар – «Сауда-Сервис» ЖШС маңайында және Төле би ауылының орталық алаңында су тасқынынан зардап шеккен Петропавл қаласына жылу жинауға негізделген екі пункт ашылды. Қазіргі таңда жекелеген аудан тұрғындары және жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен 24,8 тоннаға жуық күнделікті қажетті азық-түлік тауары және 7 тонна материалдық жылу (металдан құрастырылып, қажеттіліктермен қамтылған шағын баспана (металлический юрты), төсек-жабдық, гигиеналық заттар, резіңке етік, жаңа киімдер, қап, күрек, шелек, тағы басқа) жинақталған. Оған 40-тан астам ерікті азамат қолдау көрсетті.
Жиналған жылу кеше түстен кейін Шу қаласынан аттанып кетті. Ел басына күн туғанда, қарап қалмай, бір атаның баласындай ауызбірлік таныта білген барша жерлестерімізге алғыс білдіреміз.
Динара Батырхаирова.