Кітапханашылардың абыройы асқан күн
Тұтқасын ұстап, табалдырығын аттаған жанның рухы оянып, ақылы толысып, көкірегі сайрап, көзі ашылатын орда, ол-кітапхана. Сонау хат танып, қалам ұстаған қат замандардан бүгінгі күнге дейін арқауы үзілмей, қоры молайып, сөрелері менмұндалап, талай жанның біліммен сусындауына сеп болған кітапханаға басын иіп, тағзым етпейтін халық жоқ шығар, сірә?! Бағзы замандардың жүгін арқалап, ғасырлардың аманатын тасада қалдырмай, бүгінгі күнге сары майдай сақтап, қызғыштай қорып жеткізіп келе жатқан кітапханашылар да әрқашан құрмет төрінде. Шу өңірінде орын тепкен, тоқсан жылдық тарихы бар кітапханамызда да сан мыңдаған оқырманға қызмет көрсеткен талай кітапханашыларымыздың да еңбегі ерен.
Соңғы жылдары елдің кітап оқуға деген құштарлығын оятатын түрлі жобалар қолға алынып, игі іс жер-жерде жүзеге асып, кітапхана ісі анағұрлым жанданып, жаршылайтын жақсы жаңалықтарымыз көбеюде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн” деп шегелеп айтты. Мемлекет басшысы сөзден іске көшетін азамат екендігін дәлелдеп, бірнеше жобаларды ұсынған еді, нәтижесі де көрінуде. Міне, осыған қарап-ақ кітапханашылардың мәртебесін көтеру ісін жолға қою қажеттігін аңғарамыз. Соны жанымен ұғынған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Алжанбаеваның ардагер кітапханашылардың басын қосып, аудандық рухани орданың 90 жылдық мерейтойын атап өтуінде үлкен мән жатқандай.
Жуырда ғана аудандық мәдениет үйінде «Кітапхана – білімнің шамшырағы» атты ардагер кітапханашылармен кездесу кеші өтті. Біздің алдыңғы толқын ардагер кітапханашыларымыз тоқырау кезеңдерінде кітаптар жоғалып кетпесін деп, беті жыртылып, бүлініп кетпесін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей қорып, тіпті үйіне апарып сақтаған кездері де болған. Әр кітапты бір кесек алтынға балап, қадірін білген жандар да сол кітапханашылар. Неге, қадірлі жандарды құрметке бөлемеске?! Халыққа рухани нәр берудегі, ұлттық мұраны насихаттаудағы талмай еңбек еткен кітапхана саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне арналған мерекелік кеш көпті сүйсінтпей қоймады. Сондай-ақ осы кеште ардагер кітапханашылардың абыройы асып, кеудесіне “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін тақты. Бұған қоса, Шу ауданының Құрмет грамотасымен де марапатталды.
Жазушы Әбіш Кекілбаев «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деген екен. Біздің аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлері оқырман талғамайды, әрқашанда алдына келген оқырманды жылы шырайымен қарсы алып, сапалы қызмет көрсетуге талпынады. Бұл да алдыңғы толқыннан алған тәлім-тәрбиесінің жұрнағы деп білемін. Әрбір кітапхана қызметкерлері оқырмандарына ел тарихын, жер тарихын, туып-өскен өңірдің шежіресін дәріптеп қана қоймай, мақтан тұтар аяулы азаматтарының есімдерін насихаттауды, өскелең ұрпақтың құлағына сіңісті етуді басты назарда ұстайтынын нық сеніммен айта аламыз.
Раушан Даберова,
аудандық ОКЖ қызметкері.