Жұт жайлаған жылдар жұрт жадында
Басынан небір нәубетті өткізіп, тар жолда тайғақ кешкен халқымыздың тарихында зор күрсініспен еске алатын күндер аз емес. Солардың сүйектісі, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық екені айдан анық. Қазақ халқына қасірет орнаған сол бір аумалы-төкпелі жылдарда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге тоғытылды, аяусыз атылды, кір жуып, кіндік кескен жерінен айдалып кете барды. Ұлтын ұшпаққа шығарғысы келген зиялыларға зәбір көрсетіп, ашаршылықтың салдарынан санымызды едәуір кемітті.
Қазақстан халқы 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын зор құрметпен еске алады. Аталған күні Шу жұртшылығы да М.Жүнісәлиев атындағы саябақта орын тепкен ескерткіш маңына жиналды. Ауданымыздың атқамінерлері бастаған жергілікті атқарушы орган өкілдері, ардагерлер мен зиялы қауым, жастар қатысқан шарада ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрбандарды бір минут үнсіздікпен санада сайратты.
Еліміздің көптеген өңіріне түскен салмақтың бір шетін Шу ауданы көтерді. Оны зерттеушілердің еңбегіне қарап анық айта аламыз. Сондай-ақ өз Отанынан ықылассыз жер аударылған бірнеше этнос өкілдері де осы топырақтан пана тапқаны белгілі.
Өткенді еске алмай, болашақты бағамдай алмаймыз. Сондықтан осындай шараға ерекше мән беріп, оны кеңінен өткізген жөн. Мұны аудан билігі тереңінен түсініп, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай іс-шаралар жоспарын түзген екен.
Жоспарға сәйкес, білім ошақтарында оқушылар мен студенттерге тәрбиелік сағаттар өткізіліп, кітапханаларда танымдық шаралар ұйымдастырылды.
Сан жүрекке жазылмастай жара салған нәубетті жылдарға да ғасырға жуық уақыт өтті. Сұрқия саясат пен асыра сілтеу салдарынан сүт бетіне шыққан қаймақтарымыздан айырылдық. Ахмет Байтұрсынұлы мақтаныш еткен 6 миллион халықтың басым көпшілігі ашаршылықтан кеміді.
Бүгінгідей бақытты, бақуатты һәм берекелі уақытта ғұмыр кешіп отқан біз құрбандарды ұмытпауымыз қажет. Қандай ерлік жасағанын, не үшін жан бергенін жас ұрпақтың жадына тоқуымыз керек. Біздің қолдан келетін дүние дұға және осы амалдар ғана.
Байжан Емберді.