Қалам ұстаған жандар құрметке бөленді
Елімізде 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл күн қолына қалам ұстап, қоғамның өзекті мәселелерін қаузап, маңызды жаңалықтарды басылым беттерінде, теледидар мен радио арқылы жалпақ жұртқа жеткізіп жүрген жандарға құрмет көрсетілетін мезет.
Төртінші билік өкілдерінің төл мерекелері қарсаңында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков шулық журналистермен жүздескен болатын. Жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаған аудан басшысы өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
– Сіздерді ең алдымен төл мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Төртінші билік ретіндегі жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін!
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері бұқара мен билік арасына алтын көпір орнатқан мерейлі мамандық иелері. Қоғамның үні мен мұңын, өңірдің тыныс-тіршілігін басылым, теледидар, радио және ғаламтор бетінде жариялап, әрдайым өзекті мәселелерді қаламы арқылы қаузайтын жандар.
Біздің ауданымызда 90 жылға жуық тарихы бар төл басылым өз оқырмандарына талмай қызмет етіп келеді. Іргесін ардагерлер қалаған басылымда бүгінде жастардан құралған буын қызмет етіп, ілгерілердің ізін жалғауда.
Биылдан бастап газет форматы өзгеріп, оқырманға ойлы дүниелер сыйлауды қолға алды. Біз ардагерлерге де, жас журналистерге де шексіз ризашылық сезімін білдіреміз. Одан бөлек, өңірдегі толайым тірліктер теледидар арқылы да жария болуда,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Бұдан кейін бұқаралық ақпарат құралдары қызметін жетілдіруге үлес қосқан бірқатар мереке иелері аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болса, тағы бір шоғыры мәслихат төрағасы Жасұлан Әбеновтың қолынан ауданның Құрмет грамотасын алды. Бұл рәсімге «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков те қосылып, Алғыс хатты өз иелеріне тапсырды.
Бүгінгі таңда өңірімізде БАҚ саласында аудандық басылыммен қатар бесаспап журналист Ж.Чекаев пен әкімдік жанынан құрылған ақпараттық-медиа орталық та жемісті жұмыс істеп келеді. Олар жерлестерімізді жедел ақпараттар мен танымдық дүниелермен сусындатып жүр. Олар да сый-құрметтен құр алақан қалған жоқ.
Жиын соңында ардагер журналистер Ахметжан Қосақов, Еңлік Бұралқиева, Жұмахан Чекаев пен Нұржан Қадырбековтер көрсетілген ілтипатқа алғыстарын білдіріп, әріптестеріне жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Байжан Емберді.