Газет қызметкері болуыма себепкер болған жан
Қым-қуыт тіршілікпен біте қайнасып жататын газет жұмысы бір қарағанда оңай тәрізді көрінгенімен, оның жарыққа шығуы жолында қателікке бой алдыруға болмайтын, әр сөзіңді аңдып сөйлеуге үйрететін, асқан қырағылық пен жоғары жауапкершілікке толы жұмыстар жатыр. Бұл ортада жүріп, қызмет барысында сан түрлі саланың мамандарымен тіл табыса келе, өзің де әмбебап адамға айналуың ғажап емес. Әсіресе, газеттің әр нөмірінің жарыққа шығуына үлкен моральдық күш-қуат қажет. Бұл тұста оператор-дизайнерлердің де еңбегі ерен. Олар әр газеттің дайындалуы жолындағы ұсақ әрі көзге көрінбейтін, тынымсыз тірлікке толы жұмыстарды жүзеге асырады. Осындай жұмыстарды біліктілікпен атқарған жандардың бірі – Бұралқиева Еңлік Мұхаметқалиқызы. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Шу аудандық баспасы» ЖШС-де жауапты хатшы әрі оператор болып қызмет етті. Ардагер әріптесіміз өз уақытында сала жұмысының алға басуына өзіндік үлесін қосып, өзінен кейінгі жас буынға оң бағыт нұсқай білді. Оған өзімнің осы қызметке келуім айқын дәлел.
Нақты айтар болсам, 2008 жылы «Шу өңірі» газетіне жариялау үшін ұлымның бір жасына арналған құттықтау мен ана туралы өлеңімді алып, аудандық баспаға алғаш рет келгенімде, өлеңімді қабылдап алған осы кісі еді. Туындымды оқып шығып, «жақсы жазылған екен, осы жерге тілші болып қызметке тұрғың келмейді ме?»-деп сұрады. Мен бірден «жоқ, жақында өз мамандығыммен мектепке мұғалім болып орналасайын деп жатырмын»-дедім де, «қай жерде жұмыс істейсің?»,-деп сұраған соң, сол уақыттағы уақытша жұмыс орнымды айтып, кете бердім. Арада ұзақ уақыт өтпей, осы кісінің ықпалымен, аудандық газеттің тілшісі болып жұмысқа қабылдандым. 2008-2015 жылдар аралығында тілші міндетін атқарсам, 2015 жылдан бас редактордың орынбасары болып қызмет етіп келемін.
Еңлік Мұхаметқалиқызы 40 жылға жуық осы ортада еңбек етіп, газет жұмысының қыр-сырын ұғынған жан. Кейіпкеріміздің еңбек жолының басталуының да өзгелерге ұқсамайтын, өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, ол 1971 жылы М.Горький атындағы мектепті бітіріп, қолына аттестат алғанның ертеңгі күні аудандық газеттің редакциясына жұмысқа орналасады. Басқа құрбылары секілді сол жылы оқуға бара алмай қалады. Себебі, ол отбасы мүшелерінің кенжесі әрі басқа бауырларының бәрі өзге өңірде болғандықтан, анасына қарайласып, ауылда қалуына тура келеді. Ол өзінің газетіміздің ауданымызға танымал фототілшісі Петр Норкинмен бір жылы, бір бұйрықпен қызметке қабылданғандығын да айтып қалды.
Бұл жұмысты таңдауына өзінің туған ағасы Жанайдар Бұралқиев себепші болған көрінеді. Ол кісі де еңбек жолын осы газеттен бастаған екен.
-Алғашында корректор-дың көмекшісі, одан соң (қазақ тілінен орыс тіліне) аудармашы болып жұмыс істедім. Ол кезде газетті К.Баққараев ағай басқаратын. Ал, аударма жұмысына сол кездегі редактордың орысша бөлім бойынша орынбасары С.Р.Рахманов көмектесті. Кейбір түсінбеген тұстарымды Б.Атаев, У.Шоқалақов сынды тәжірибелі журналист ағалардан сұрап, білетінмін. Редакция қызметкері болған соң, өзіңді қалай ұстау, қоңырау шалып, хабарласқан адамға қалай жауап беру, редакцияға хат алып келген азаматтармен қалай сөйлесу керектігі, тағы басқа өзіме беймәлім дүниелерді жоғарыда есімдері аталған ағалар үйретті. Біраз уақыт хаттар бөлімін басқардым. Ол кезде редакция мен баспахана бөлек болатын. Газеттің мақалалары линотиппен теріліп, бет құрастырушылар оны баспа цехына өткізетін. Сол тұста редакция ұжымы жас журналистермен толықты.
Бір жылдары бізде аудандық радио жұмыс істеді. Оның жұмысын С.Тайшабаров қазақша, мен орысша жүргіздім. Кейін С.Тайшабаров зейнетке шықты да Бақытжан Тастүлеков радио жұмысын газет жұмысымен қатар алып жүрді. Ол екеуміз материалдарды дайындап, радиохабарды жүргізуге аудандық байланыс торабына барып, аптасына екі рет эфирге шығып жүрдік. Маған редакциядағы бір ұстазым, Отан соғысының ардагері С.С.Калашников «Диктор центрального радио» деп қалжыңдайтын. Аударма жұмысын атқара жүріп, анда-санда мақалалар жазып тұрдым. Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін.
Газетке Д.Әбдиев басшылық жасаған жылдары заман талабына сай компьютермен жұмыс жасауға көштік. Өз қызығушылығыммен ауданда алғашқылардың бірі болып компьютерді меңгердім. Сол тұстағы тіршіліктің күрделенген кезінде электр жарығын шектеп, таңғы сағат 6.00-ден 8.00-ге дейін және кешкі 20.00-ден 22.00-ге дейін беретін. Сондықтан, маған компьютерді үйге алып кетуге рұқсат берілді. Түнде екі сағат, таңнан тұрып екі сағат газет материалдарын теріп, қажеттілеріне аударма жасап, одан соң беттеп, оны дискіге жазып, редакторға тапсыратынмын. Редактор Дихан Әбдиев ол дискіні Тараз қаласына апарып, газетті сол жақтан бастырып әкелетін,-деп Еңлік Мұхаметқалиқызы өзі еңбек еткен жылдардың қызметтік ерекшеліктері туралы айтып өтті.
Уақыт бір орында тұрмайды. Өмір көшінен қалмау үшін заманауи өзгерістерді қабылдап, сол арнаға бет бұру заңдылық. Осы орайда Еңлік Мұхаметқалиқызы өзі қызмет еткен жылдардың уақыт талабынан туындаған жетістіктерін де назардан тыс қалдырмады. Оның айтуынша, белгілі бір кезеңдерде баспа жұмысы біраз құлдырап, кері кетушілік болғанымен, уақыт өте келе жағдай жақсарып, газет таралымы өсіп, төл газетіміз өзімізде басылатын болады. Редакцияны білікті журналист Рахметулла Құдабаев басқарған жылдары ол кісі кейіпкерімізге «Сенен жақсы жауапты хатшы даярлаймын»,-дегенді жиі айтқан көрінеді. «Құдай ауызға салды» деген осы шығар, баспа жұмысы алға басқан тұста Е.Бұралқиева операторлықпен қатар жауапты хатшылық қызметін бірге алып, қажет кезде аударма жұмысына да атсалысады. Осы қызметтерді атқара жүріп, Халықаралық мамандықтар институтының Талдықорған филиалын «Аудармашы» мамандығы бойынша сырттай оқып, тәмамдайды.
-Біздің журналистер республикалық, әсіресе облыстық басылымдарға өз мақалаларын жіберетін. Егер, сол мақалалардың аудармасы қажет болса, көлемді болса да оны мен аударатынмын. Ол басылым бетінде жарық көргеннен кейін, «Жақсы сөз жан семіртеді» демекші, сол кездегі редактор Ахметжан Қосақов «Қарашы, сенің аудармаңды еш өзгертусіз жіберіпті»,-деп көңілімді марқайтып қоятын.
Газетте еңбек еткен жылдарымда талай жақсы жандармен қызметтес болдым. Көптеген жастарға өз таңдауын жасауға көмек бердім. Көп жылғы еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың грамоталарымен, ауданның 80 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталдым. Еңбектің еленгені де бір бақыт деп білемін. Сонымен қатар, газеттің ауданның 80 жылдық мерейтойына арналған мерекелік нөмірінің және Шу ауданының энциклопедиясының әрлеу жұмысына атсалысқанымды да мақтан тұтамын. Соңғы жылдары да рекдакция ұжымына басшылық жасаған Н.Қадырбеков, Е.Қартайған есімді азаматтар кәсіби мереке қарсаңында әрдайым назардан тыс қалдырмай, ардагер ретінде түрлі марапаттарға ұсынып, мерекелік салтанатты жиынның төрінен табылуыма себепкер болып келеді. Ол үшін алғыстан басқа айтарым жоқ.
Газеттің мақсаты – қай уақытта да ауданның тыныс-тіршілігін халыққа баяндап, жағымды жаңалықтармен бөлісіп, өзекті мәселелерді алға тарту екені анық. Бүгінде аудандық газет осы дәстүрді үзген емес. Сондықтан, мереке қарсаңында газет ұжымына шығармашылық табыс, жастардың қадамдарына сәттілік тілеймін,-деп сөзін түйіндеді. Е.Бұралқиева.
Өмір жолы еселі еңбекпен өріліп, кейінгі буын өкілдеріне үлгі-өнеге көрсете білген Еңлік Мұхаметқалиқызын да сала ардагері ретінде құрметтейміз. Кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолын үлгі тұтып, алдағы уақытта да абырой биігінен көріне беруіне тілекшіміз.
Динара Батырхаирова.