Аудан айнасында аға буынның ізі жатыр
Аудан айнасына айналған «Шу өңірі» газетінің алғашқы санының жарыққа шыққанына биыл 89 жыл толып отыр. Бақсаңыз, тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, адам ғұмыры үшін аз уақыт емес. Ғасырға жуық ғұмыры бар дәл осы басылым уақыт ағымына қарай әлденеше рет түрленді десек те, ол өзінің негізгі мақсатынан бір сәтке де ауытқыған емес. Соғыс жылдарында басына түскен таудай тауқымет те бұл басылымның меселін қайырып, қажырын мұқата алмаған. Керісінше, қаншама адамның ой-санасын байытып, қаншама жанның рухани өрісін кеңейтуге қызмет етті десеңізші…
Бүгінде жүз мыңнан аса тұрғыны бар әлеуетті ауданның тыныс-тіршілігінен тынымсыз хабар таратып келе жатқан басылымда қаншама жас маман еңбек етіп, ысылып шықты. Өйткені, қасиетті қара шаңырақта бір өзі бір мектепке татитын қалам ұстаған қаншама аға-буынның ізі жатыр. Олардың өздері өткеннің еншісінде қалғанымен, өнегесі әлі де жаңғырып тұр. Сол өнегені ой түкпірінде сақтап, алдыңғы буын қаламгерлердің жүрген жолын бүгінгі буын да отшырақ етуге бел буып отыр.
Біз әрдайым аға-буынның ақылын азық етіп, өнегесін жадымызға қазық ету керектігін естен шығармауға тырысамыз. Қазіргі кезде тіршілігін тілшілікке байлаған редакциядағы журналистердің еңбек жолы өмірдің ағысымен ақырын ғана өтіп жатыр. Бір қарағанда, басылым кейбіреулер үшін бұйығы жатқандай көрінуі мүмкін. Әсте олай емес. Қара шаңырақтағы қарбалас жұмыс пен қым-қуыт тірлік тек қана осындағы тілшілерге ғана аян. Аптасына екі мәрте шығып, оқырман қолына уақытылы тиіп жатқан газеттің артында қаншама адамның еңбегі, қаншама адамның қолтаңбасы жатқанын бірі білсе, бірі білмес?! Мақалаға арқау болатын мәлімет іздеу, дәлел-дәйекті жинастыру, оның анық-қанығына көз жеткізу, көптеген жиындарға барып, түсінгеніңнен ой түю, толассыз келіп жатқан оқырман хаттарын қорыту, содан кейін ғана барып жазу үстеліне отыру бір бөлек те, осының барлығын оқырманға түсінікті тілде жеткізе білу бір басқа. Міне, бұл – редакция қазанында қайнап жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Тілшінің төңірегіндегі осындай еңбектің дүбірін қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртаза «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп бір ғана сөзбен дәл сипаттаған.
Иә, аудандық газеттің қазанында әлі қанша жыл қайнайтынымызды кесіп айту қиын. Әлі әзірге оқырманның көңілінен шығуға тырысып, тұщымды ойымызбен, қажетті ақпаратпен бөлісіп, түрлі тақырыптағы мақалаларды жазуды жалғастыра беретін боламыз. «Шу өңірі»–«Шуская долина» газеті биылғы жылдың басынан бастап заман ағымына сай түрленіп, заманауи D2 форматына көшті. Газетті түрлендіру мен оны уақыт бедеріне қарай мазмұнды ете түсу жолындағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатын болады. Қалам басын қысқартпас бұрын ауданымыздың бас басылымында еңбек етіп жүрген әріптестерімізді, барша қалам ұстаған журналистер қауымын 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Оқырманның сенімінен шығып жүрген газеттің серпін танытар сәті әлі де алда деп ойлаймын әрі ақпарат айдынындағы қадамы айшықты боларына сенімдімін.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Шу өңірі» газетінің бас редакторы.