Ақпараттық портал

Йод тапшылығы

 

Йод – адам ағзасының қалыпты өсуiне, дамуына қажеттi микроэлементтердiң бiрi болып табылады. Адам организмiне тағам мен судан түсетiн йодтың қажеттi деңгейде жетiспеуi йод жетiспеушiлiгi аурулары мен олардың бұзылуларына әкеп соғады.
Йод жетiспеушiлiк ауруларының iшiнде эндемиялық зоб аса қауiптi ауру болып табылады. Оның салдарынан көптеген аурулар, атап айтқанда, түйiндi құрылымдар мен қатерлi iсiктер дамуы мүмкiн. Йод жетiспеушiлігі ауруларының ең ауыр түрлерiне балалардың ақылы мен дене дамуының тежелуi, жыныстық дамуының жетiлмеуi, әйел адамдардың жүктiлiк кезiнде түсiк тастауы немесе көзi көрмейтiн, ақылы кем бала тууы сияқты жағдайлар жатады.
Йод тапшылығының басқа аурулардан зардабы еш кем емес. Йод жетіспеушілігі иммунитеттің әлсіреуін тудырып, ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Сондай-ақ, қолдардың дірілдеуі, тахикардия, эндемиялық жемсау ауруларының басталуы да осы йод тапшылығына байланысты пайда болады. Йод жетіспеушілігі балалар үшін аса қауіпті, яғни олардың ақыл-ойының дамуына кедергі келтіріп, өсуін тежеп, кретинизмнің басталуы мүмкін. Ал, жүкті әйелдердегі йод тапшылығын емдеуге баса назар аудармаса, нәрестенің денсаулығына қауіп төнеді, олардың түсік тастау қаупі де екі есеге артады.
Дені сау ұрпақты өмірге әкелу үшін алдымен ананың денсаулығы қалыпты жағдайда болуы керек. Халықтың байлығы – дені сау ұрпақ. Гипотириоз, яғни, йод жетіспеушілігі жүкті әйелдер үшін аса қауіпті. Аурудың асқынуынан сәбидің өлі туылуы да әбден мүмкін. Адамда әлсіздік пайда болады, есте сақтау мүмкіндігі азаяды, сонымен қатар қан аздықты тудырады. Йодқа аса мұқтаж аудандарға таулы жерлер мен аумағы теңiзден алыс орналасқан аумақтар жатады. Өсiмдiктер мен жануарлардың организмiнде йодтың болуы оның қоршаған ортасына байланысты. Себебi, көп топырақтар түрiнде йодтың құрамы аз және азық-түлiк өнiмдерiнiң басым көпшiлiгi бұл микроэлементке тапшы болып келедi.
Зобтың эндемиялық сипатта дамуы жаппай алдын алу шараларын жүргiзу қажеттiлiгiн тудырады. Бiрiншiден, азық-түлiк өнiмдерi мен су арқылы тұрғындарды йодпен қамтамасыз етудi ұйымдастырған жөн. Йодты алудың ең бiр жақсы жолы – йодпен байытылған теңiздiң жәндiктерiн, теңiз балықтарын, теңiз балдырларын, теңiз өнiмдерiн тағамға жиi пайдалану болып табылады.
Адам йодтың 90 пайызын тағамнан, ал қалғандарын ауа мен судан алады. Йодтың тағамдық көздерi: теңiз тағамдары – балық, балық майы, теңiз жәндiктерi, теңiз орамжапырағы және т.б. Көкөнiстер – қызылша, салат, шпинат, қызанақ, сәбiз, қартоп, орамжапырақ, пияз, бұршақ, сарымсақ. Сондай-ақ, жемiс-жидектер, жаңғақтар – құрма, алма, жүзiм, шие, шабдалы және балқарағай жаңғақтары. Жармалардан қарақұмық және тары жармасы.
Құрамында йоды бар тағамдарды пайдалана отырып, йод тапшылығының алдын алыңыз.
Т. Тимошенко,
ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының
Шу аудандық бөлімшесінің санитарлық-гигиеналық зерттеулер зертханасының зертханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.