Кіші футболдан жарыс өтті
Қазіргі таңда бұқараның спортқа деген бетбұрысы артып келеді. Оны аудан көлеміндегі жарыстарға қатысып жүрген жерлестердің бұлқынысына қарап байқаймыз әрі спорттық шараларды өткізуге өз ынталарын танытулары да сөзімізді айғақтай түседі.
Мәселен, жуырда ғана Қонаев ауылының 1990 жылы туған жастары кіші футболдан жарыс өткізген болатын. Астана күніне орай ұйымдастырылған теңбіл доп додасында барлығы 6 команда бақ сынады. Жарыс тек қонаевтықтар арасында өтті.
Жарыстың шымылдығын ауыл әкімінің орынбасары Мирас Арыстанқұлов пен ауданымызға белгілі бокс бапкері Қайрат Сыздықбаев мерекелік құттықтауымен ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан кейін жүлде сарапқа салынған турнир басталып, түнгі Қонаевта жастардың қиқуы көкке көтерілді. Тартысты өткен теңбіл жарысында «Қонаев 1» командасының мерейі үстем болып, жеңімпаз атанды. «Қонаев 2» командасы күміс жүлдегер деп танылып, 1988 жылғы азаматтар үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ Аман Жақсыбаев «Үздік шабуылшы», Болат Уалиханов «Үздік қорғаушы», Айнабек Бахтияров «Үздік қақпашы» атанып, арнайы жүлдеге қол жеткізді. Марапаттау рәсімінде жарыс жеңімпаздарына кубоктар табыс етілді.
Байжан Емберді.