Ақпараттық портал

Зұлмат жылдар естелігі

Қазақ «мал-жан аман ба?» деп сұрақ қойып-ақ, үйдегі еңбектеген баладан, қорадағы төрт түлікке дейін ағайынның хабарын алып, бір-бірімен қауқылдасып қалатын. Бала күнімізде көше бойлап, ойын ойнап жүрген сәттерімізде әр үйдің ауласында шал-кемпірлер әңгіме-дүкен құрып отыратын еді. Жанына аяңдап барып әңгімелеріне құлақ түрсең, аңыз-шежіренің тиегін ағытып, туысқандық қарым-қатынастың үлгісін көрсетіп отырушы еді ғой. Сол үлкендердің тәрбиесін алып, халық ауыз әдебиетіне сусындап өстік. Қазір бір ортаға барып, ойлы сөз, өнегесі мол аңыз әңгіме айта қалайын десең, көбі емес кейбірі «мылжың» деседі. Елдің аңдығаны біреудің сүрінгені, тағы біреудің бүлінгені. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, аракідік аузында өсиеті, көрсетер өнегесі бар ата-әжелеріміз жоқ емес.
«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» демекші, қолына қалам ұстаған әрбір жан шабытты ізденгеннен, оқығаннан, кісімен сөйлескеннен алады. Кей сәттерде үлкен кісілермен сағаттап отырып әңгіме айтсақ та уақыттың қалай өткенін аңдамай, жағымыз ашылып, құлағымыздың құрышы қанып қалады. Осы жолы естіген әңгімемді еш бүкпесіз, боямасыз, қаз-қалпында ұсынсам деймін. Көргені мен түйгені мол атам Берікхан Байтұрғановтың өз сөзімен:
«Бала күнімізде біз де нақ өзіңдей үлкендердің есті әңгімесіне құлақ түре жүретін едік. Тіпті, сол кісілердің әжетіне жарасақ, қолына су құйып, батасын алсақ деп жандарынан бір елі қалмай жүретұғынбыз. Бірде Нұрмағанбет атам өзінің басынан өткен әсерлі әңгімесін айтып берді. Сол әңгіме ара-тұра санама сап ете қалады. Кейінгілер біле жүрсін деген ниетпен қағазға түсіруді де ойлап қоямын. Бәлкім, мен естіген әңгіме көпке ой салып, қазіргі ит басына іркіт төгілген баршылық заманның қадірін түсінер. Кезінде қазақ елін қынадай қырған ашаршылық нәубеті күміс сулы, шөбі нулы, қамысы шулы Шу өңірін де айналып өтпеген. Аша тұяқ түгілі адам жанын аман алып қалу мұң болған заман еді. Ашаршылықты өз көзімен көрген Мекемтас Мырзахметұлының бір әңгімесін естіп қалған едім. Аштықтан бас сауғалап, жан бағу үшін балаларын жетектеп келе жатқан анасының алдынан анталаған бөрілер тап болады. Сонда бүтіндей бір әулеттің тұқымын жалғайды деп ұлын аман қалдыру үшін қасқырлардың аузына қызын тастап, өкініш пен өксік тұла бойын тітіркендірген ашынған ананың азабын айтып, еске алғанда мың өліп, мың тірілген қазағымның қайғысын жанымызбен сезіндік. Нұрмағанбет атамның әңгімесі де осыған ұқсас.
Сол аласапыран заманда рулас ағайынымыз Бает атамыздың бәйбішесі Данышпан апамыз Нұрмағанбет атама Рахманқұл деген баласын құмға жеткізіп беруді өтінеді. Данышпан апа: «Әй, мына бала аштан өлетін болды. Әкесінің жанына жеткізіп бер. Өлсе әкесінің жанында өлсін» дейді. Нұрмағанбет атам ол кезде безгек ауруымен ауырып жүрген кезі екен. Әбден ауруы меңдеп, қалтылдап, дірілдеп жүрсе де жеңгесінің өтінішін аяқасты еткісі келмейді. Содан Рахманқұл бауырын ертіп, құмға қарай бет алады. Бает ақсақал Үшқұдық деген жерде екен. Соған жету үшін жол бойындағы қыстауларды паналайды. Бір қыстауға келгенде Рахманқұл ойын баласы емес пе, тал басында тұрған ұядан балапан алып беруін өтінеді. Бала сұранып қоймағаннан кейін Нұрмағанбет атам ұяға қарай бойын созып, ұяның ішіне қолын салып қалғаны сол еді бір сұп-суық былқылдаған нәрсе қолына түседі. Қолын тартып алып қалса ұстағаны қарашұбар жылан екен. Зәресі ұшқан Нұрмағанбет атам жыланды лақтыра бергенде шынтағы қадаға тиеді. Бойын билеген қорқыныш сезімі бар, одан қалса қадаға шынтағы қатты тиіп, тыз ете қалғанда бойынан безгек ауруы тарап кетеді. Не деген құдірет десеңізші?!
Содан не керек, Бает ағасына баласын дін аман табыстап, өзі ауылға қарай кері қайтады. Қайтар жолда адасыңқырап басқа бағытпен келеді. Келе жатса алдынан ақшаңқан үлкен боз үй көзіне көрінеді. Ақ боз үйдің босағасынан еңкейіп кіргені сол еді ақ перденің арғы жағында төсекте ақ кимешек оранған кексе әйел сұлап жатыр екен. Алтынмен апталып, күміспен қапталып, бар дүниенің ортасында отырса да адам бір жұтым асқа зәру болып, аштан өлетініне сонда көз жеткіздім дейді Нұрмағанбет атам». Міне бұл атам айтқан әңгіменің бір парасы.
Бұрындары ақын-жазушыларымыз ел аралап, жер аралап, ауыл-ауылдарда қона жатып, түрлі оқиғаларға құлақ түріп, қағазға түсіріп, сол арқылы бай әдебиетімізге өшпес, өлмес туындылар қалдырған. Кез келген шығарма ақиқат өмірге сүйеніп жазылады, ал ақын-жазушылар оған тек өзіндік реңк, бояу қосып, оқырманның жүрегіне жеткізеді. Ашаршылық турасында үлкен зерттеу жүргізіп, Әулиеата жерінің арғы-бергісіндегі ел аузындағы әңгімелерге сүйеніп, құнды жинақ жасаған жерлесіміз, тарихшы Тұңғышбек Байқұлов атамыз әлі де осы бір нәубет жылдардың ақтаңдақ беттерін ашу үстінде. Оның «Әулиеата өңіріндегі ашаршылық» деген кітабының өзінде тарихымызды танытатын құнды дүниелер жетерлік. Алдағы уақытта тағы бір жинақ жарық көрер болса, атамның айтқан осы бір әңгімесі де енсе, өткеннен өнеге болмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.