«Күміс жас» жұмыссыз қалдырмайды
Өткен тарихымызға көз жүгіртер болсақ, дүниедегі ең еңбекқор халықтардың қатарынан қазақ халқын көреміз. Жалқаулық, еріншектік, жатыпішерлік секілді жаман қасиеттерді сынап, тек адал еңбекпен ғана еңсе тіктейтінімізді үнемі ойға салып отырған. Хакім Абайдың өзі бес асыл істің қатарына талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым деген қасиеттерді жатқызған. Шын мәнінде ең алдымен адамның бойында талап болу керек, талаптанған адам ғана тынбай еңбек етеді. Ал сол адал еңбек терең ойға жетелеп, түбінде қанағат қылуға әрі тапқаныңда өзгелердің үлесі барын аңдап, рақымшылық жасауға үндейді. «Адал еңбекпен мал іздемек-ол арлы адамның ісі» деп түйіндеген Абай атамыздың сөзінің салмағы басым. Кешегі бабаларымыз таң қылаң бергеннен-ақ тыпырлап тірлігін бастап, содан күн ұясына батқанға дейін тыным таппай еңбектенген.
Қай заманнан екені беймәлім, кім айтқаны белгісіз, әйтеуір “сананы тұрмыс билейді” деген сөз әлі күнге дейін қоғаммен бірге жасап келеді. Қайсыбір мемлекет болмасын кедейшілікпен күресті жолға қойып, ел экономикасын көтеру үшін халыққа балық емес, қармақ ұсыну саясатын іске асыруды құп көреді. Кейбір сыңаржақ пікірлерге жүгінсек, “масыл қоғам қалыптастырып алдық, жатыпішерлерді көбейттік” дегенге саяды. Жақсы мен жаманын, жалқауы мен пысығын екіге айыра қараған қазақтың болмысынан екеуін де табуға болады. Бірі әлі келгенше екі қолға бір күрек ұстап, ебін тапса есектің артын жуып, мал табуды жөн деп таныса, енді бірі «алма піс, аузыма түстің» әуресіне салынып, екі аяғы аспаннан келіп, одан қалса өзінде жоққа өзгені кінәлап, туралап айтқанда, мемлекетті кінәлап жатқаны. Түйсігі бар жанға мемлекеттің қолдауы жетерлік, тек көзін тапса болғаны.
Еліміз егемендік алған жылдардан бері мемлекеттің әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері күн тәртібінен бір күн де түскен емес. Қайтсек те экономиканы алға сүйреп, дамушы мемлекеттермен иық тіресе алға ұмтыламыз деген ұстанымымыз да өзгермеді. Еңбекпен еңсе тіктеген елімізде мемлекет ұсынған тиімді жобалардың игілігін көріп, екі қолға бір күрек тауып, бел жазбай еңбек етіп жүргендер жетерлік. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және қолдауға бағытталған көптеген шаралар қабылдауда. Мұның маңызды құрамдас бөлігі халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар болып табылады және бұл елдегі жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетеді. Қай үндеуін алсаңыз да, сөздің басын елдің экономикасын әртараптандыру тетіктерін қарастырумен бастайтын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауында “Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс” – деген болатын.
Жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі шараларды газет беттерінде жазып-ақ келеміз. 2021 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» әзірленген болатын. Нәтижесінде «Күміс жас» жобасы іске қосылып, жобаға 50 жастан асқан кез келген жұмыссыз азаматтың бағдарлама аясында жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері пайда болды. Расында да, бүгінде зейнетке әлі шықпаған, егде жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын. Жұмыссыздардың көпшілігі – үйде бала күтімімен отырып қалғандар немесе түрлі себептермен еңбек ету мүмкіндігі болмағандар. Жоғарыда аталған жоба осындай жұмыссыз жүрген жандарға зейнетке шыққанға дейін еңбек етіп, нәпақа табуына үлкен көмек. Көптеген азаматтар ақыға жұмыс істегенде зейнетақы қорына және медициналық сақтандыру қорына ақша аударылмай қалады. Медициналық сақтандыру қорына ақша аударылмағаннан кейін медициналық көмекті де ала алмай жатады. Ал «Күміс жас» жобасы арқылы жұмысқа орналассаңыздар, барлық аударымдар заңды түрде аударылып, бейнеттің зейнетін көрер шаққа мол мүмкіндік туады.
-«Күміс жас» пилоттық жобасы Шу ауданында 2022 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы жоба аясында 2022 жылы 23 адамға жұмыс беріліп, жоспар 100 пайызға орындалды. Ал, 2023 жылы 69 адамды жұмыспен қамту жоспарланғанымен, 79 азамат жұмыспен қамтылып, жоспар артығымен орындалды, яғни 114,5 пайызға. Үстіміздегі жылы «Күміс жас» жобасымен 150 азаматты жұмысқа қабылдау жоспарланған болса, оның 130-ы жұмыспен қамтылып үлгерді, сондай-ақ жұмысқа қабылдау жыл аяғына дейін жалғасады,-деді Шу аудандық «Мансап» орталығының бөлім басшысы Оралхан Умаров.
«Күміс жас» жобасы аясында 50 жастан асқан қазақстандықтар «Enbek skills» платформасы арқылы тегін білім алып, жұмысқа орналасу үшін жаңа дағдыларды игере алады. Бүгінде «Enbek skills» платформасында “Күміс жас” атты қосымша бет бар. Онда қолжетімді курстардың тізімі орналастырылған. Қазіргі кезде маркетинг, туризм, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету бағыттары бойынша 130-ға жуық курс ұсынылады. Азаматтар 38 сағаттық онлайн курсты тәмамдағаннан кейін, жеке кабинетіне сертификат жіберіледі. Оқыған бағыты бойынша сертификатты жұмыс берушіге апарып, сол арқылы жұмысқа орналасады.
«Күміс жас» жобасы аясында келісімшарт 3 жыл мерзімге жасалады. Оның бірінші жылы жұмыс берушінің қойған айлық жалақысының 70 пайызын, екінші жылы 65 пайызын, үшінші жылы 60 пайызын үкімет субсидиялайды. Келісімшарт аяқталған соң жұмыс беруші уақытша жұмысқа орналасқан адамды кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыспен қамтуы қажет.
Осы «Күміс жас» жобасы арқылы «Лечебный Центр Стоматолог» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне электр маманы ретінде жолдама алған Мырзатаев Ғалымжан Ахметұлы бүгінгі күнге жұмыс жасауда.
– Жұмысты өз бетімше іздеп таба алмадым. Осылайша, халықты жұмыспен қамту орталығына (қазіргі Шу ауданы бойынша «Мансап» орталығы филиалы) барып, көмекке жүгіндім. Олар маған бағдарлама шарттарын сатылап түсіндірді. Осылайша, «Күміс жас» жобасы туралы естігенде қатты қуандым. Өте керемет жоба. Өзімнің барлық қатарласымды және зейнеталды жастағы адамдарды осы жоба арқылы жұмысқа орналасуға, мемлекет ұсынып жатқан қолдауды пайдалануға шақырамын,-дейді Ғ.Мырзатаев.
Бейнетке төселген халқымыздың ұранына айналып үлгерген “Еңбек – бәрін жеңбек” нақылы бұл күнде де құнын жоғалтқан емес. Тынбай еңбек еткен жанның еңсесі биік, тұрмысы берекелі болады. Қазақта «Қолы қимылдаған қыр асады» деген аталы сөз бар. Расында, еңбектенгеннің еңкейіп жерге қарап қалғаны жоқ. Сондықтан да мемлекет ұсынған мол мүмкіндіктерді дер уағында түсінгенге не жетсін?! Абайша айтқанда “қолымды мезгілінен кеш сермедім” деп жүрмелік.
Айғаным Асқарбек.