Ақпараттық портал

Мұражай – өткенді тануға мол мүмкіндік

Ғасырлар қойнауынан бастау алатын көшпенділер мәдениетінің шежіре-тарихынан сыр шертетін мәдени құнды мұралар мұражайларда сақтаулы. Бұл тарихи ескерткіштерді дәріптеуге және тәрбие мен білім беруге арналған көп қырлы әлеуметтік ақпараттар институтына айналып отыр.
Мұражайдың мәдени-көпшілік жұмыстары жан-жақты білімді, қоғамда белсенді, эстетикалық талғамы зор ортаны тәрбиелеуге бағытталады. Мұражай қызметінің басты мақсаты да жәдігерлер мен коллекцияларды сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету, мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын көпшілікке таныту болып табылады.
Осы тұста өз өңіріміздегі жергілікті мұражайда қандай жұмыстар жүзеге асырылуда, мұражайдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жоғарыда аталған мақсаттың үдесінен шыға ма? Жуырда осы және өзге де сұрақтарға жауап алып, аудандық мұражайдың жай-күйін оқырман қауыммен бөлісу мақсатында аудан орталығы – Төле би ауылында орналасқан аудандық тарихи-өлкетану мұражайына бас сұғып, аталмыш мекемеде 2019 жылдан бері басшылық етіп келе жатқан меңгеруші Берденова Аида Советханқызымен жолығып, біраз мағлұматқа қанық болдық. Ұсынылған мәліметке сәйкес дайындалған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

-Аида Советханқызы, әуелі мұражай қызметінің өркендеуіне тікелей үлес қосып жүрген шағын ұжымыңызбен таныстырып өтсеңіз.
– Иә, біздегі ұжым шағын болғанымен, мұнда атқарылатын жұмыстар айтарлықтай. Бүгінгі таңда мұнда өзімді қосқанда үш маман және екі кіші қызметкер еңбек етеді. Екі маманның бірі экскурсовод, екіншісі кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс жасайды.
Жылдық жұмыс жоспарына сәйкес музей қорын толықтыру мақсатында біз ауылдық округтердегі тұрғындардың үйлерін аралап, оларға мұражайдың жұмысы жайлы түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Осындай жұмыстар барысында археология, этнография, нумизматика, құжат, фотосуреттер, кітап-қолжазбалар, зергерлік бұйымдар жинақталып, музей қоры толықтырылуда.
-Мұражай қанша бөлімнен тұрады, мұндағы жәдігерлер қандай тарихи кезеңдерді қамтиды, бүгінгі таңда сақталған жәдігерлердің сандық көрсеткіші қандай?
-Аудандық тарихи-өлкетану мұражайы тас дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі Шу ауданының даму тарихын қамтитын бес экспозициялық бөлімнен тұрады. Жалпы аумағы 318,5 шаршы метр. Экспозициялық залдардың жалпы көлемі – 258,8 шаршы метр. Музей қорында 4682 бірегей және құнды жәдігерлер сақталған.
Мұражай қызметкерлері жалпы жаһандану заманында мәдени мұраны сақтап, өскелең ұрпақтың санасына қаз-қалпында жеткізу жолында халыққа қызмет көрсетіп келеді. Тәрбие жұмысының түрлі формаларын пайдаланып, жұмыс жасайды. Атап айтқанда, экскурсиялар, тарихи-мәдени ескерткіштерге саяхат, тақырыптық кештер, конкурстар, викториналар, ұйымдастыру секілді жұмыс формалары қолданылады. Осы жұмыстардың барлығын жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін жылдық, тоқсандық, айлық, апталық, күндік жоспарлар жасалады.
-Бүгінгідей технологияның дамыған, әсіресе ұялы телефонның қанат жайған заманында мұражайға келушілер саны да айтарлықтай сиреп қалғанға ұқсайды. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайына келушілердің деңгейі қандай? Жалпы, жергілікті жұртшылық өкілдерінің мұражайға деген қызығушылығы қандай деңгейде? Халықтың мұражайға қызығушылығын арттыру мақсатында қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?
-Күнделікті жұмыста музейге келушілер мен өткізілген іс-шаралардың саны, әрбір музей қызметкерлерінің жұмыс көлемі есепке алынады және барлық деректер талданып отырады. Келім саны өткен жылға қарағанда артқаны байқалады. Өйткені, өткен жылдың алты айлық көрсеткіші бойынша 892 адам келген болса, биылғы жылдың алты айында бұл көрсеткіш 1597 адамды құрады. Жыл басынан жоспарға сай 21 баяндама, 67 экскурсия, 8 көрме өткізілді.
Сонымен қатар, БАҚ беттеріне мұражай жұмысына қатысты мақалалар жарияланып, музей сайты мен әлеуметтік желілер де тың ақпараттармен үздіксіз толықтырылып, насихат жұмыстары да ұдайы жүргізілуде.
-Қазір мектеп оқушылары үшін демалыс уақыты. Жаз бойы телефонға телмірмей, бос уақытында мұражайға келіп, туған өлкесінің тарихымен танысып жатса, бұл қуантарлық жайт. Ұрпақ тәрбиесі баршамызға ортақ іс екенін ескеріп, оқушылардың бос уақытының тиімді өтуіне қандай да бір үлес қосқан сәттеріңіз бар ма?
-Мұражай қызметкерлері тарапынан балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге арналған бірнеше жобалар іске асырылды. Атап айтар болсақ, «Мұражайдағы күн», «Балаларға арналған мұражай оқиғалары», «Балалар мен мұражайлар» атты іс-шаралар ұйымдастырылып, музейді онлайн тамашалаушылар үшін де жағдай жасалған. Мысалы, «Бір жәдігер сыры» айдары аясында музей қорындағы жәдігерлер туралы ақпараттарды түрлі әлеуметтік желілерге салып, әр жәдігер бойынша түсінік беріліп отырады. Одан бөлек, «Туған жерге саяхат» атты кіші музейлік туризм жобасы іске асырылып, аудан аумағында орналасқан тарихи ескерткіштерге саяхат ұйымдастырылды. Мұның барлығы өңірдің тарихи-мәдени құндылығын дәріптеуде зор маңызға ие.
– Сөз басында мұражай қорын толықтыру ұжымның басты мақсаты екендігін ұғындық. Соған сәйкес музей жұмысының басты бағыттарының бірі-ғылыми-зерттеу және жинастыру жұмыстары, яғни музей қорын толықтыру болып отыр. Ағымдағы жылы мұражай қоры қанша жәдігермен толықтырылды?
-Жоғарыда айтып өткендей, қазіргі таңда музей қорында 4682 жәдігер болса, оның 3809-ы негізгі қор, 873-і қосалқы көмекші қор. Музейдің маңыздылығын арттыратын ондағы экспонат, яғни құнды жәдігерлер екендігі белгілі. Ағымдағы жылдың басында жарияланған акция мен қосымша жинастыру жұмыстары барысында биылғы жылы 44 жәдігер музей қорына қабылданды. Бұл жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жәдігерлерді жинастыру жұмыстары барысында өз үйлеріндегі көненің көзі саналатын, бағалы дүниелерді өз еріктерімен ұсынып, оны мұражайға өткізудің жолдары туралы сұрап жататындар да кезігіп тұрады. Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында музей қорын цифрландыру жұмыстары жүзеге асырылып, 2557 сақтам бірлік фотосуретке түсірілді.
-Халыққа қызмет көрсететін кез келген мекемеде күрмеуін шешуді қажет ететін мәселелер де кезігіп жатады. Сіз басқарып отырған мұражайда қордаланған мәселелер бар ма және олар қандай?
-Әрине, шешімін табуды қажет ететін мәселелер жоқ деп айта алмаймын. Оның алғашқысы жылыту пешінің жарамсыздығы болса, екіншісі, әр жыл сайын көктемгі абаттандыру жұмыстары кезінде қажеттілігі арта түсетін колонка (су құбыры) орнату. Бұл екі мәселенің де биылдан қалдырмай шешімін табу аса маңызды. Өйткені, жылыту маусымы жақындап келе жатқандықтан, әсіресе жылыту пешіне қатысты түйінді тарқату біз үшін ауадай қажет.
Жалпы, бұл мәселелер тиісті орган өкілдері алдында көтерілген. Алдағы уақытта көп ұзамай оң шешімін табады деп үміттенеміз.
-Мұражай жұмысын одан әрі жандандырып, өркендету жолында жоғарыдағы басшылық өкілдері алдында қандай да бір ұсыныстар айтып, мәселе көтердіңіз бе?
-Соңғы жылдары жаңа технологиялар жайлы тынбай айтып келеміз. Алайда, бұл жағынан жергілікті мұражайдың артта қалып келе жатқаны жасырын емес. Мұражай қызметіне сандық технологияларды енгізуге барынша күш салып жүргенімізбен, осы тұрғыда өскелең ұрпаққа міндетті түрде мультимедианың жаңартылған түрін көрсету маңызды. Музейлік маршруттар, виртуалды экспозициялар, аудио-гид, QR код арқылы экскурсия, экспонаттардың қысқа 3D видеосын смартфон арқылы көрсету сияқты цифрлық өзгерістерді енгізуді қолға алсақ деген ұсыныстар бар. Мысалы, «Виртуалды экспонат» жобасының негізгі мақсаты – қордағы сирек кездесетін көне жәдігерлерді көпшілікке көрсету, электрондық нұсқада жәдігерлерді көпшілікке қолжетімді жасау, музейге келушілер қатарын молайту.
Ал, «Асыл мұра» музейлік жобасы арқылы музей қорында сақтаулы этнографиялық, археологиялық, нумизматикалық коллекциялар мен ұлтымыздың салт-дәстүрлері халық арасында насихатталады.
Осындай тың идеяларды жүзеге асыру мақсатында бірқатар ұсыныстарды алға тарттық. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
-Сөз соңында музей қызметіне қатысты аудан тұрғындарына айтар ұсынысыңыз бар ма?
-Жалпы, мұражай – тарих пен дәстүрді ұштастыратын, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі. Мұражай арқылы сан ғасырлық тарихымызды көз алдымызға елестетіп, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы туралы көптеген маңызды мәліметтерге қанық боламыз, яғни өткенімізді танимыз. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайы арқылы ауданымызға, оның даму әлеуетіне баға беріледі. Бұл рухани мұрамызды дәріптейтін мәдени орталық. Сол себептен, музей қызметкерлері ауданымыздың рухани-мәдени және материалдық ескерткіштерін, тарихи жәдігерлерін жинақтап қана қоймай, оларды сақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстарын үздіксіз жалғастыра беретін болады.
Бүгінгі таңда ұжымның атқарған жұмыстары жетерлік, алға қойған мақсаттары да айқын. Өйткені, асыл мұрамызды өскелең ұрпаққа насихаттап, жеткізу біздің мақсатымыз болып қала бермек және мұның ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор деп білеміз.
Ал, аудан тұрғындарына өз өңіріміздегі тарихи-өлкетану мұражайына жиі келіп тұрса деген ұсынысымыз бар. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдер мұражай арқылы білім-біліктілігін арттырып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.