Ақпараттық портал

Көктөбе кітапханасына 100 кітап тарту етілді

Өз заманының заңғары болған Лев Толстой бір сөзінде «Жақсы кітап — ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деген болатын. Бұл даналық сөздің астарына үңілсек, кітап – адамзатқа асыл қазынаға бергісіз құндылық екенін ұғамыз. Ал мазмұнды кітапты сыйлау немесе сыйлыққа алу жоғары мәдениеттіліктің белгісі екені ақиқат.
Қазіргі таңда елімізде «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы қызу өтуде. Аталмыш акцияға қолдау білдірген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жамбыл облысына 500 кітап сыйлады. Тағы бір қуанарлық жайт, соның 100 кітабы Шу ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Көктөбе ауылдық кітапханасына бұйырды. Бұл жазушы әрі жерлесіміз Қарауылбек Қазиевтің 85 жылдығына орай тамаша сый болып отыр.
Аталмыш бастама бізді ерекше тебірентіп, оған қоса зор жауапкершілік жүктеп отыр. Себебі топтама ішіндегі тағылымы мол дүниелерді оқырман қауымға таныстыру қажет. Енді, көктөбелік оқырмандарға жаңа топтамадан балалар әдебиетін, есімі елге белгілі авторлардың еңбегін оқуға мүмкіндік туды. Ауқымды акцияның мақсаты – шалғай ауылдардың тұрғындарын соңғы шыққан туындылармен қамтамасыз ету. Сондай-ақ жас буынды кітап оқуға баулу екенін атап өткен жөн.
Қазіргі таңда 2821 адам тұратын Көктөбе ауылдық кітапханасында 8225 кітап бар. Оның 6452-і мемлекеттік тілде. Кітапхана есігін 700-ге жуық тұрақты оқырман ашып тұрады. Жаңа кітаптың берілуімен бұл сан артады деп сенемін. Себебі, халқымыз «Жақсыны көрмекке» деп бекер айтпаған. Оқырман қауымды кітап оқуға, бізбен тығыз байланыс орнатуға шақырамыз.

Бағдагүл Алжанбаева,
Шу аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.