Ақпараттық портал

Шулық шаруалар ширақтық танытуда

Ауыл шаруашылығы – айрықша назар аударатын еліміздегі басты саланың бірі. Оның дамуы әлеуметтің әлеуетін арттыруға түрткі болатыны ақиқат. Сондықтан болар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев лауазымды тұлғаларға нақты міндеттерді жүктеп, асыраушы саланың ахуалын жақсарту жайын ұдайы тапсырып отырады.
Әуелден егін мен малға жайлы Әулиеата өңірінде, оның ішінде Шу ауданында жыл сайын атқарылып жатқан толайым табыстарға толы жұмыстар аз емес. Жылдың көктемі мен жазын, несібелі күзін еңбекпен өткізетін шулық шаруалар осы жылды жемісті өткізген сыңайлы. Оны біз Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбековпен әңгімелесе отырып аңғардық.

Оның айтуынша 2024 жылдың мамыр айының статистикалық жедел есеп мәліметіне сәйкес, аудан бойынша ауыл шаруашылығының өндірілген жалпы өнім көлемі 9636,7 млн. теңгені құраған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 17,5 млн. теңге, мал шаруашылығында – 9619,2 млн теңгенің өнімінің үлесі бар. Аталған көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 271,1 млн теңгеге артып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің (көрсетілетін қызметтерінің) нақты көлем индексі 101,6 пайызға жеткен. Бөлімге жүктелген жұмыстың бір бағыты салаға инвестиция тарту екенін ескерген жөн. Биыл Шу ауданына ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылатын инвестиция көлемі 67,619 млн.теңгеге орындалып, көрсеткіш 1,9 пайызды құрап отыр.
Дүрілдеген дала майданын ауыл шаруашылығының техникаларынсыз елестету қиын. Сондықтан қолымызда қандай техникалар бар екенін білгіміз келіп, Қайсар Қоныспайұлынан сұраған болатынбыз.
-Аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарына 975 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатыстырылды. Тарқатып айтқанда, 555 трактор, 235 соқа, 49 қопсытқыш, дән сепкіштер саны -131 болса, 5 тұқым дәрілегіш бар. 2024 жылы өздігінен жүретін 70 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, 6 пайызға дейін техниканы жаңарту жоспарланған. Бүгінгі күнге 21 дана трактор сатып алынып, техникалар 1,8 пайызға жаңартылған. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңару жоспары жыл қорытындысымен орындалады деп күтілуде. Алдағы уақытта «Казагроқаржы» АҚ арқылы жалпы 182,2 млн теңгеге 25 техника алу жоспарлануда. Бүгінгі күнге 76,3 млн. теңгеге 11 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 18,5 млн. теңгеге 3 техникаға өтінім мақұлданып, 87,45 млн. теңгеге 11 техниканың құжаттары қарастырылуда,-дейді Қ.Құтыбеков.
Қолына кетпенін ұстап, әр дәнін асқан үмітпен қарайтын шаруаларға жердің өнімділігін көтеретін тыңайтқыш қасқалдақтың қанындай қымбат дүние. Сондықтан жергілікті атқарушы билік дихандарды минералды тыңайтқышпен қамдау ісіне ден қоюдан танған емес. Асыраушы саланың үйлестірушісінің дерегінше еншіміздегі жылы 74 145 га алқапқа 8 500 тонна (о.і. аммиакты селитра 4135,6 тонна, аммофос 958 тонна, басқа түрлері 3406,4 тонна) минералды тыңайтқыш ендірілген. Сондай-ақ биыл 25882 га алқапқа 6 132 тонна (о.і. аммиакты селитра 2657,5 тонна, аммофос 611,4 тонна, басқа түрлері 2863,2 тонна) минералды тыңайтқыш енгізіліп, жоспар 105,5 пайызға орындалған.
Жыл сайын шаруалардың көңілін күпті ететін дүние бар. Ол – көктемгі дала жұмыстарына арналған дизель отыны. Науқан кезінде бағасы шарықтайтын техника азығын ауыздықтау мүмкін болмаса да, мемлекет арзандатылған бағамен дизель отынын беруді дәстүрге айналдырған. Шу ауданы бойынша арзандатылған дизель отынын алу үшін «Шу мұнай өнімдері» ЖШС-і оператор болып белгіленген. Көктемгі егіс дала жұмыстарына Gosagro.kz порталы арқылы алдын ала 55 шаруа қожалық 740,19 тонна дизель отынына өтінім берген. Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан дизель отыны ақпан айына 325 тонна, наурыз айына 195 тонна, сәуір айына 130 тонна, мамыр айында 90,19 тонна тарату бекітілген. Ал арзандатылған дизель отының бағасы 1 литрге – 250 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар бөлім басшысының айтуынша, 2023 жылы күзгі дала жұмыстарына тағайындалған Silk Way Petroleum операторынан қалған 450 тонна арзандатылған дизель отынының биылғы көктемгі егіс дала жұмыстарына таратылған.
Қайсар Қоныспайұлы биыл шаруалардың шөлдемегенін айтуда. Оның айтуынша аудан аумағында барлығы 102 су жүйелерінің нысандары бар. Қабылданған шаралардың нәтижесіне егін суының жетіспеушілігі туралы шағым түспеген.
-Қазіргі таңда Тасөткел су қоймасында жиналған су көлемі – 325,2 млн текше метр. Биыл аудандағы барлық шаруа қожалыққа суды толығымен жеткізу жұмыстары жүргізілуде,-дейді Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Құтыбеков.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.