Бірлікте спорт нысандары ашылды
Соңғы жылдары елімізде спорт саласына көптеп көңіл бөлінуде. Бұл мемлекетіміздің отандастарымызды салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында жасаған қадамы деп білеміз. Оның ішінде Шу өңірінде спорт саласы серпін алып, түрлі дене шынықтыру кешендері мен алаңшалар ел игілігіне беріліп жатқанына ел куә. Өз кезегінде бұл қарекеттер ауданымызда бұқаралық спорттың дамуына қомақты үлес қосып отырғанын атап өткен жөн.
Сондай қуанышқа кеңелген елді мекеннің бірі – Бірлік ауылы. Себебі жуырда ғана ауыл ішінен сәні мен сәулеті келіскен спорт нысандары ауыл жастарына тарту етілді. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады.
– Бүгін Бірлік ауылында қуанышты жайт орын алуда. Ашылған спорт алаңшалары баршамызға құтты болсын! Осы жерде ауыл жастары спортпен шұғылданып, жат әдеттерден аулақ болады деп сенеміз. “Шынықсаң шымыр боласың” деген тәмсіл тегін айтылмаған. Осыны жастар ескереді деп сенеміз. Сонымен қатар бұл қуанышқа мұрындық болған “Қазақмыс” корпорациясына аудан басшысы мен ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіреміз. Мұндай алаңшалар ауданымыздың бес елді мекенінде беріліп отыр,-деді Найман Кенжеханұлы.
Осыдан соң су жаңа шағын футбол алаңы мен баскетбол алаңының лентасы қиылып, ауыл қариялары ақ баталарын берді. Сондай-ақ аналардың шашуы шашылып, тұрғындардың қуанышы еселене түсті. Ашылу салтанатынан соң аудандық Жастар ресурстық орталығы жаңа спорт нысанында аймақтық жарыс өткізді. Аталмыш жарысқа 10 команда қатысып, жүзден жүйрік атанғандар ұйымдастырушылар тарапынан жүлделерге қол жеткізді.
Бүгінгі күнде ауданда барлығы 287 спорт нысаны бар. Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендері – 4. Оның ішінде 2 стадион, 71 спорт зал, 72 футбол алаңы, 139 спорт алаңшасы бар. Аудан көлемінде спорт нысандарына кіру тегін, арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған.
Байжан Емберді.