Ақпараттық портал

Жат ағым жарға жығады

Ұлт болашағын, ұрпақ қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен кешегі Алаш зиялыларының бірі Мағжан Жұмабаев бабамыз «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қалай иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деп тегін айтпаса керек. Шын мәнінде, қолын мезгілінен кеш сермеп қалмас үшін ата-ана баласының бұғанасы бекімей жатып-ақ мойнындағы борышты жанымен сезінуі керек. Неге десеңіз, теріс иіліп қалған шыбықты кейін түзеймін деп сындырып алуыңыз әбден мүмкін. Бәрінен де маңыздысы, бала тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздардың еңбегі ұштасып жатуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс” деген болатын. Өкінішке қарай, адастыратын ақпараттың желдей ескен заманында жастарымыз жат ағымның жетегіне ілесіп, жағымсыз әдеттерге бой алдырып, шалыс басып, жүгенсіз кетіп бара жатыр. Кез келген кеселмен үздіксіз күрестің арқасында ғана нәтиже шығатыны белгілі.
Осыған орай, Мұхтар Әуезов мектебінің базасында облыс әкімдігі білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Мұхтар Керімбеков, «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторлары Ерзат Джакипов, Бақдәулет Тілеуханның қатысуымен бекітілген жоспарға сәйкес «Кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу» атты облыстық семинар өтті. Оған Шу ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беру ұйымдарының тәрбие, құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, сынып жетекшілері қатысты.
Ең алдымен семинарға қатысушыларға «Кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы» таныстырылды. Онда мектеп директорлары орынбасарларының, әдістемелік орталық басшысы орынбасарының және колледждердің жастар ісі жөніндегі инспекторларының лауазымдық міндеттеріне «рухани-адамгершілік құндылықтарды, толеранттылықты, сондай-ақ экстремизмнің алдын алу бойынша педагогикалық қызметтің түрін ұйымдастыру туралы» міндеттерді енгізу қажеттігі айтылған.
Сондай-ақ, діни экстремизм мен терроризм идеяларына қызығушылық танытатын кәмелетке толмағандарды анықтау үшін білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға бірнеше критерийлерді басшылыққа алып, жұмыс жүргізу ұсынылды. Яғни мектеп формасын сақтамау, білім беру ұйымдарындағы достарының және әлеуметтік ортаның пікірі, бұқаралық іс-шараларға қатысу немесе қатыспау, әлеуметтік желілердегі белсенділік, музыка, бейнелеу өнері, дене шынықтыру сабақтарына (атап айтқанда қыздар) қатысудан бас тарту, жаратылыстану пәндерін (физика, химия, биология) оқу қажеттілігі туралы пікірі, ғылымға қызығушылық танытпаса, кәмелетке толмаған ер балалар мен қыз балалардың бір партада отыруына қатысты қарсылық, білім беру ұйымының аумағында немесе одан тыс жерде намазға қатысу сынды фактілер анықталған жағдайда тиісті жұмыстарды қалай үйлестіру керектігі түсіндірілді.
Бұған қоса, асыл дініміздің атын жамылып адастырып жүрген басқа ағымдағылардың белгілері, қоғамда өздерін ұстауы, салт-дәстүрді теріске шығаруы сынды мәселелер төңірегінде де сөз қозғалды. Жиынға қатысушылар да мазалаған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.