Жалпыға бірдей декларация тапсыруға асығайық!
Шу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілгендігін және ол төрт кезеңде өтетіндігін хабарлайды.
Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаты:
– әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
– жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру;
– сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
1-кезеңде – 2021 жылғы 1-қаңтардан бастап декларацияны тапсыру 2021 жылдың салық кезеңіне, яғни 31.12.2020 жылғы жағдай бойынша төменде көрсетілген тұлғалар тапсырады:
– жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар және олардың жұбайлары;
– мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар және олардың жұбайлары;
– мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары;
– «Қазақстан Республикасын-дағы сайлау туралы» Конституциялық ҚРЗ және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚРЗ сәйкес ұсыну міндеті жүктелген тұлғалар.
2-кезеңде 2023 жылғы 1-қаңтардан бастап декларацияны тапсыру 2023 жылдың салық кезеңіне, яғни 31.12.2022 жылғы жағдай бойынша төменде көрсетілген тұлғалар тапсырады:
– Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары,
– квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері және олардың жұбайлары.
3-кезеңде 2024 жылғы 1-қаңтардан бастап декларацияны тапсыру 2024 жылдың салық кезеңіне, яғни 31.12.2023 жылғы жағдай бойынша төменде көрсетілген тұлғалар тапсырады:
– заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары;
– жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.
4-кезеңде 2025 жылғы 1 – қаңтардан бастап декларация халықтың қалған санаттарымен ұсынылады.
Жалпы, Шу ауданы бойынша 1 және 2 кезеңде «Активтер мен міндеттемелер туралы» 250.00 нысанды декларацияларын табыс етіп, 2023 жылға 270.00 үлгідегі «Кірістер мен мүлкі туралы» декларацияларын табыс етуге міндетті салық төлеушілер саны – 15 488. Оның ішінде 01.08.2024 жылғы жағдайы бойынша декларацияларын табыс еткен салық төлеушілер саны- 11 943. Табыс етуге міндетті қалған салық төлеушілер саны- 3545 жеке тұлғаны құрайды.
Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларациялаудың 3 кезеңі бойынша, 2024 жылға «Активтер мен міндеттемелер туралы» бастапқы 250.00 нысанды декларацияларын табыс етуге міндетті жеке кәсіпкерлер және шаруа қожалықтарының мүшелері мен олардың жұбайларының жалпы саны – 11 911. Бүгінгі күнге, яғни 01.08.2024 жылғы жағдайы бойынша аталған үлгідегі декларацияларын табыс еткен салық төлеушілер саны – 6747. Табыс етуге міндетті қалған салық төлеушілер саны- 5164 жеке тұлғалар.
Жоғарыдағы мәліметтерді баяндай отырып, декларацияларды табыс ету мерзімінің 2024 жылдың 15 қыркүйегіне аяқталатындығын хабарлаймыз және сіздерден, Қазақстан Республикасы Салық Кодексіне сәйкес, салық міндеттемелеріңізді бекітілген мерзімге дейін орындауларыңызды сұрайды.
Салық декларацияларын «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы 1 121-VI ҚРЗ Заңының 632-бабының негізінде бекітілген мерзімде, яғни 15.09.2024 жылға табыс етпеген жағдайда, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 272-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді.
Шу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер
басқармасы.