Ақпараттық портал

Кемеңгер тұлғаны дәріптеу – бүгінгі буынның міндеті

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай – мемлекет ісінің мүдделесі, бірлігі жарасқан жұрт болу идеясының жақтаушысы. Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейді. Біз ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады, тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз” деп дөп басып айтқан болатын. Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, өтімді, өсімді деген сауалдар көптің көкейінде сайрап тұрғаны айтпаса да ақиқат. Ақын өмір сүргеннен бері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де рухани шөліркеген әрбір азамат Абайды оқып, жаңа қарқын, сенім мен серпін, шалқар шабыт, өзгеше ойға орам алады. Ұлт болашағы, ұрпақ қамы үшін жасалатын игі бастамалардағы әрбір басымдықтар даналықтың дарабозы болған Абайдың мұрасымен иірімдес келеді. Абайдың қара сөздерінде ұлттық болмысқа, ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты тағылымдық ой-пікірлердің молдығы баршамызға аян. Сондықтан да Абайдың мәнін жоғалтпас мұрасын насихаттау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай 10 тамыз – Абай күні деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылған болатын.

Міне, содан бері Абай күні кең көлемде аталып өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар легі толастаған емес. Биыл біздің ауданда да мән-маңызы бөлек, тағылымы мол әдеби кештер өткізілді. Соның бірі – аудандық мәдениет үйінде өткен әдеби сазды кеш. Заманының жеті қырлы, бір сырлы, бесаспабы деуге тұрарлық дана Абайдың артында өлең-жыр, дастан-ғақлия, ән-күй, жалпы айтқанда әдеби жанрлардың барлық үлгілері мол мұра болып қалды деуге болады. Содан болар әдеби сазды кеште әуелете ән де шырқалды, мөлдір-тұнық, саф алтындай поэзия да жырланды, Абай өлеңдерінен композиция да оқылды. Атап айтсақ, рухани азық сыйлаған кеште хакім Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Жыл мезгілдері», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Татьянаның әні», «Айттым сәлем Қаламқас» атты туындылары нақышына келтіре орындалып, қара сөздерінен де үзінділер оқылды. Сондай-ақ, жүректі селт еткізер, тебірентер «Абай мен Тоғжан: ғашықтың тілі» атты қойылымы да көрерменнің көңілін бір серпілтті. Кеш соңында «Абайдың аманат сөзі» оқылып, тап бір Абай бүгінгі буынға үн қатып тұрғандай әсерге бөледі.
Әдеби сазды кешпен қатар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде мектеп оқушыларына арналған «Асыл сөзді іздесең…» атты Абай оқулары да өтіп жатты. Байқауға қатысушылар «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын», «Өлең сөздің патшасы», «Әдеби бәйге» атты кезең бойынша бақ сынады. «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырса, «Өлең-сөздің патшасы» кезеңінде Абай шығармашылығынан бір туындыны мәнеріне келтіре орындады. Ал, «Әдеби бәйге» кезеңінде оқушылар Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. «Қазақты Абайсыз, Абайды қазақсыз елестетуге болмайды» демекші, Абайдың ең құрығанда бір өлеңін жатқа айтпайтын, бір әнін әуелете шырқамайтын қазақ кемде-кем шығар?! Мәні бөлек байқауда оқушыларымыз Абайдың бір ғана өлеңімен шектелмей, 2-3 өлеңдерін жарыса айтып, көрермендерді тәнті етті.
Тартысты өткен байқауға төрелік еткен әділқазы алқасының шешімімен Саттар Естемесов атындағы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Абаева Айзере бас жүлдеге ие болса, С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Серік Бейбарыс І орынды, М.Әуезов атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ертайқызы Еркеназ ІІ орынды иеленді. Ал, М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Дулатұлы Бағдатәли мен Д.Қонаев атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Мәдіхан Қорлан ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Қалған қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды. Жүлделі орын алған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үлестірілді. Шара соңында «Кемеңгерліктің биік шыңы-Абай» атты кеңейтілген кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.
Хакім Абай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп түйіндеген. Яғни, «ыстық қайрат» – физикалық дамуды, «нұрлы ақыл» – интеллектуалды дамуды, «жылы жүрек» – рухани дамуды білдіреді. Ал, осы 3 дамуды берік ұстанған, өзін 3 бағытта дамыту жолында жүрген һәм дамытқан ұрпақ қайтсе де «материалдық дамуға» қол жеткізеді. Абай айтқан «Толық адамның» мәні осы.
Сондықтан да ұрпағымызды Абай қайнарынан сусындатуға, рухани азықтандыруды арқауы үзілмес дәстүрге айналдыруға бағытталған тағылымды іс-шараларды жиі өткізіп тұрайық!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.