«Абай оқулары» байқауы өтті
10 тамыз – қазақтың бас ақыны Абай хакімнің туған күні. Биыл Құнанбайдай тектінің тұяғының дүниеге келгеніне тура 179 жыл. Әр жыл сайын дәл осы күні еліміздің әр өңірінде ақын шығармашылығын ұлықтауға арналған шаралар өтетіні белгілі. Оның ішінде Шу өңірінде де бірқатар шаралар өтті.
Сондай шаралардың бірі – «AMANAT» партиясы аудандық филиалының «Төле би» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында БПҰ арасында өткізілген Абай оқулары байқауы. Аудан орталығындағы саябақта өткен өнер додасына 10-ға жуық қатысушы қатысып, бақтарын сынады.
Алғашқы «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты кезеңде қатысушылар ойшылдың шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу бойынша жарысты. Әрбірінің тыңғылықты әзірлікпен келгені осы сында көрініп, әділқазылар алқасына үздікті анықтау қиынға соқты.
Мұнан кейін кезек «Білімдіден шыққан сөз» кезеңіне беріліп, бақ сынаушылар М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа айтты. Ұмыт болған тұстарын қазылар алқасы еске түсіріп отырды. Қағазға қарап оқыған қатысушылар да болды.
Абай оқулары байқауы «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты халық және Абай әндерін орындау сынымен түйінделді. Бұл сында да қатысушылар бәйгенің алдынан келу үшін барын салды.
Жарыс соңында ең көп ұпай алған қатысушылар жеңімпаз атанып, ұйымдастырушылар тарапынан тағайындаған сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені «Білім» БПҰ иеленсе, бірінші орын «Төле би» БПҰ-ға бұйырды. Екінші орын Мойынқұм ауылына беріліп, үздіктерді «Жаңа жол» БПҰ түйіндеді.
Байжан Емберді.