Ақпараттық портал

Иман – жүректің кілті

Өткен аптаның сәрсенбісінде белгілі меценат, Шу ауданының Құрметті азаматы, тоқырау жылдарынан кейін аудан көлемінде алғашқылардың бірі болып өзінің туып-өскен ауылына өз қаражатымен мешіт соғып, ауылдағы ағайындарға тарту еткен Жаужүреков Әділханның 70 жас мерей тойы құрметіне Жиенбет ауылында «Жиенбет-Жексенбай» мешітінде мешіт имамы Шүкірәлі Оспанбековтың ұйымдастыруымен, «Имани жаз» демалыс оқу-лагеріне қатысқан шәкірттер арасында мұсылман әліпбиі – құранның алғашқы аяттарынан оқу жарысы өтті.
16 балғын шәкірт қатысқан әсерлі тартысқа аудандық мешіттің имамы Талғат Кәрібайұлы бас төрешілік етті. Мешіт үйінде болған іс-шараны ата-аналар мен ауыл қариялары да тамашалады. Шәкірттердің оқу мәнері мен мақамының жақсы қалыптасып келе жатқанын ескеріп, имам Талғат Кәрібайұлы ақшалай, заттай ынталандыру сыйлықтарын үлестіріп, шәкірттердің мерейін өсірді. Жиенбет ауылының зейнеткер, ардагер ұстазы Шәрия Бекқұлова ата-аналар атынан сөз сөйлеп, болашақ балаларымыздың тәрбиелі болып өсуіне мешіттің де ықпалы тиіп жатқанын айта келіп, өз тарапынан жуырда жаңа оқу жылының басталатындығына орай алғыр шәкірттерге оқу құрал-жабдықтарын тарту етті.
-Өткен ғасырда Шу-Қорағаты өзендерінің иірімінде орналасқан Аша болыстығының болысы болған, Жиенбет руынан шыққан Тілеуқабыл Берікұлы ең алғаш осы жерге медресе, мешіт салып, ел қамын ойлап, болжаған, көзі қарақты кісі болған. Жаужүреков Әділхан ағамыздың аталар ісін жалғап, имандылық үйін соқтырғанына ағайын, ауылдастары ылғи да ризашылықтарын білдіруде. Менің ұстанымым шәкірттерге құран оқытып, санасын діни бағытқа бұру емес, жүректеріне иман ұялатып, адамгершілікті бала жастан насихаттау. Уәдешілдік, үлкенді сыйлау, елімізге деген патриоттық сезімді қалыптастырудың алғышарттарын үйрету. Ғылымды меңгерген әлемдегі айтулы ғалымдар мен даналардың бәрі «иман – жүректің кілті» деген сенімділікті басты ұстанымға айналдырған. Ал, мына оқушы балалар жазғы демалыс кезінде үй шаруасымен ата-аналарына көмектесе жүріп, асыл дініміздің фатиха, бақара, нас сүрелерін жаттап, тіл сындырып, өздерінің қабілеттерін көрсетті. Демек, осы жас балаларымыздың бойына адамгершіліктің дәнін себуге себім тисе, мен үшін бақыт. Құранда ең бірінші не айтады? Ата-анаңды құрметте, үлкендерді сыйла, өтірік айтпа, әлемнің таусылмас құпиясын ашатын ғылымды үйрен дейді. Құранды оқып, білу ешқашан артықтық етпейді. Қысылғанда демеу, сасқанда сабырлылыққа баулитын нұсқалы сөздермен рухани байытып отырады. Әрине, теріс түсінікпен өз ой-ниетін бүлдіріп алғандар кей кездері қателікке ұрынып жатады. Бәрібір құран аяттарындағы тура жолды көрсететін нұсқалар көмектесетіні сөзсіз. Ұлтымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсарин:
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,-деп жазды.
Демек, ұлылар бастаған ісіңнің бәрі ең бірінші жүрекке иман ұйытып, Аллаға сенім білдірсе ғана оңалатынын айтқан. Қазіргі кезде түрлі діни ағымдардың жетегіне еріп, қателікке ұрынып жатқан жастар көбейіп бара жатыр. Халқымыздың ұстанған «Әбу-Ханафи» мәсһабының дұрыстығын ата-бабаларымыз әуел бастан-ақ білген. Қазіргідей еркіндік заман болмаған кездің өзінде ата-апаларымыз иманға ұйып, мұсылмандықтың халқымызға, салт дәстүрімізге лайықты жағын бір-біріне үйретіп келген. Солай болады да. Жасымыз келіп қалған уақытта болашағымыз – балаларымыздың тура жолды таңдай білуіне аз да болса себебіміз тисе деген ниетпен іс қылып жатқан жайымыз бар,-деп өз пікірін білдірген «Жиенбет-Жексенбай» мешітінің имамы Шүкірәлі Оспанбековтың ұйымдастыруымен өткен іс-шарадан көңілден шыққан ой түйіп қайттық.

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.