Ақпараттық портал

Өңір спортшылары марапатталды

Әлемде әр алуан ұлт пен түрлі түсініктер бар. Бірақ олардың басын спорт қосары белгілі. Оны жуырда өткен «Еуро-2024» футбол чемпионаты мен Париждегі олимпиада дәлелдеп берді. Сондықтан спортқа әркімнің-ақ бар таласы деуімізге әбден болады.
Елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні атап өтіледі. Президент пәрменімен бекітілген бұл датаны отандастарымыз 2003 жылдан бастап мерекелеп келеді. Сонымен қатар Қазақстан үкіметі осы салаға жете мән беріп, қажетті қолдауды көрсетуде. Бұл салауатты һәм саламатты қоғам құру қағидаты үшін жасалған қам болса керек.
Әуелден спортқа әуестігі бар Шу жұртшылығы да бұл күнді ерекше атап өтті. Ең алдымен, аудан орталығындағы Сары Хасенов атындағы стадионда салтанатты жиын өтіп, өңірдегі спорт саласының үздіктері түрлі деңгейдегі марапаттармен марапатталды.
Жиынға қатысушыларды төл мерекелерімен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев мерекелік жылы лебізін жеткізді.
-Баршаңызды спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз спортты дамытуға ерекше ден қойып жүргенін жақсы білесіздер. Сіздер Отанын сүйетін, оның намысын қорғайтын шәкірттер дайындап, маңызды жұмысты атқарып жүрсіздер. Ауданымыздан атақты чемпиондар шығуына тілектеспін! Жұмыстарыңыз табысты болсын!,-деді Найман Кенжеханұлы құттықтауында.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі өтіп, аудан спортын алға сүйреп жүрген жерлестерімізге аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді. Одан бөлек, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков те спортшыларды марапаттап, кәсіби күнмен құттықтады. Сондай-ақ аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов өз тарапынан өңірдің спортшылары мен спорт жанашырларына марапат қағазы мен сый-сияпат тапсырды.
Салтанатты жиын соңы дәстүрлі спартакиадаға ұласып, спорттың 4 түрінен сайыс ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қатысушылар 6 айналымдық жүгіру, қол күресі мен гір тасын көтеру, кіші футболдан бақ сынады. Жасыл алаңда жастардан қалыспай аға буын өкілдері де өнеге көрсетіп жатты. Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарды бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру орталығы бағалы сыйлықтармен, кубоктармен марапаттады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.