Президент Жолдауы – ел дамуының кепілі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жуырда ғана жариялаған дәстүрлі Жолдауы – еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының жаңа бағытын айқындап берген маңызды құжат.
Жолдауда айтылған басымдықтардың ішінде ең әуелі цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту және инновациялық экономика құру мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қадам. Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестиция тарту, индустрияны әртараптандыру, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды жаңғырту сияқты салаларға нақты міндеттер жүктеді.
Президент саяси реформаларға да тоқталып, Парламенттің құрылымына қатысты мәселені халықтық референдумға шығару туралы ұсыныс білдірді. Бұл демократиялық қағидаттарды нығайтуға, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік салада да айтарлықтай өзгерістер күтіледі. Жолдауда тұрғын үй құрылысы, коммуналдық қызмет сапасы, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен қамтылды. Бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын көтеруге, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Біз бұл Жолдауды толық қолдаймыз. Себебі мұндағы әрбір бастама – еліміздің өркендеуіне, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған нақты қадам. Алдағы уақытта Жолдауда жүктелген міндеттердің уақытылы әрі сапа-лы орындалуына әрбір азамат үлес қосуы тиіс.
Жолдаудың тағы бір басымдығы-отандық өнім өндірушілерді жан-жақты қолдау және қорғау шаралары да ары қарай жалғаса беретіндігі айтылды. Шүкір, қандай өнім өндіреміз десек те шикізат көздері шетел аспай-ақ, өзімізден табылады. “Made in Kazakhstan” деген белгілері бар тауарларды сөрелерден көзіміз шалып қалғанда төбеміз көкке бір елі жетердей қуанамыз. Бұл жолдау шаруасын тіктеген шулықтар үшін де оң жамбасқа түсіп отыр. Біздің Шу өңірінде де шағын өнеркәсіп орындары баршылық және күн санап бой көтеруде. Бұл қуантарлық жай… Болашаққа үмітпен қарайтын әр азаматқа жаңа Жолдау жігер беріп, жақсылыққа жетелесін!
Тарих беттерінде қатталып қалар бұл маңызды құжаттың өн бойындағы межелі міндеттер мезетінен бұрын орындалса мемлекетіміздің мерейі үстем болмақ. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз өзгермей, ұлт болып ұйысып, ұлы істерге жол салайық! «Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады» деген көшбасшымыздың ұранды сөзін әрбір атқамінер азаматтарымыз жанымен ұғынса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Жеңіс НҰРҒАЛИЕВ,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.