Ақпараттық портал

Жер – ырыстың көзі

 

Жер – ықылым заманнан ырыстың көзі, тіршіліктің өзегі. Ол мал баққанға да, егін еккенге де ауадай қажет. Соның мәнін ұққан бабаларымыз ұлтарақтай жер үшін жанын беріп, малын жанының садағасы санаған. Сондықтан жер туралы толғаныс та, түйткілді мәселе де аз емес.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары жер төңірегіндегі мәселелер қордалана түсіп, мемлекеттің араласуымен бірқатар шаруалар шешімін тапты. Әрі Президенттің ұдайы бақылауында ұстайтын мәселе болып отыр.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария еткені елге мәлім.
Президент бұл жолы да жер туралы өз тоқтамдарын айтып, жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екенін атап өтті.
-Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет.
Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуы тиіс,-делінген Жолдаудың мәтінінде.
Осы орайда біз өңірдегі жер қатынастары жайын білмек үшін аудан әкімдігінің тиісті бөлімінен қажетті ақпарат сұратқан болатынбыз.
Бөлім басшысы Асан Көшербаевтың айтуынша, Шу ауданы бойынша жер көлемі – 1 203 030 гектар, оның ішінде егістік – 149 724 гектар болса, суармалысы– 35 000 гектар. Көп жылдық екпелер еншісінде 584 гектар, шабындыққа тиесілі – 5 486 гектар, жайылымдық – 923 212 гектар, бөгде жер 124 024 гектар жерді құрайды.
Оқырманға түсінікті болуы үшін оларды санаттары бойынша тарқатқанды жөн көрдік. Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 696 495 гектар. Оның ішінде – 139 859 га егістік, 28 261 га суармалы егістік. Көпжылдық екпелерге арналған 103 гектар болса, 1777 гектар шабындық, 555 666 гектар жайылымдық және бөгде жер санатында- 2089 гектар бар.
Сонымен қатар, елді мекендерге тиесілі 120 951 га болса, өңірдегі 12 733 га өнеркәсіп, жол, темір жол, байланыс саласының кәдесінде. Орман қоры жерлері – 294 914, су қорының жерлері 11 768, босалқы жерлер 67 760 га құрайды.
– Бізде бекітілген индикаторға сәйкес аудан бойынша 5000 гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы егістік жер учаскелерін қайта айналымға қосу межесі бар. Ағымдағы жылдың жарты жылдығында бау-бақшаға беру арқылы 30 гектар егістік жер учаскесі қайта айналымға қосылды.
Қазіргі таңда 30 жер учаскесі жалпы алаңы 400 гектар егістік жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы әзірленіп, конкурсқа шығаруға аудан әкімдігінің қаулысымен бекітілді,-дейді аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Көшербаев.
Бүгінгі таңда шулық бұқараның биліктен сұрайтын бір өтініші – жайылымдық жерді кеңейту. Себебі шаруалардың тасы өрге домалап, мал басы өсіп келеді. Біздегі мәлімет бойынша ауылдық елді мекен шегіндегі мал басының саны 75 098-ге жеткен.
2024 жылдың басында тіркелген мал басын шартты басқа айналдырғанда (33,6 мың бас) әр бастың қажеттілік нормасы 4,0 га жайылымдық болып бекітілген. Осылайша Асан Алданұлы аудан көлемінде ауылдық округтердің елді мекенге бекітіліп берілген жайылымдық жерлерін зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қанша жайылымдық жер жетіспейтіндігі анықталғанын айтады.
-Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылдың соңына дейін жайылым тапшылығын толығымен шешу үшін ауданның жер қорынан жалпы көлемі 23 294 гектар жайылымдық жер алқабы: Шоқпар а.о. – 5000 , Бірлік а.о. – 2000 , Жаңақоғам а.о. – 3606 , Далақайнар а.о. – 4000 , Өндіріс а.о. – 5223, Жаңа жол 3465 га жер телімдері аудандық жер комиссиясында қаралып, оң шешімі қабылданып, әрі қарай елді мекеннің жеріне қосу амалдары қарастырылуда,-дейді бөлім басшысы.
Бұл жұмыстың жүгі ауыр болғандықтан аса мұқияттылықты талап етеді. Сондықтан тиісті бөлім елді мекендердегі жайылымдық мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жұмыстарды 5 бағыт бойынша жүргізіп отыр.
1-бағыт. Елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша аудандық босалқы жер қорынан қосымша қажеттілікке сәйкес жайылымдық керек болған жағдайда жер учаскелері бекітіліп беріледі.
2-бағыт. Елді мекенге жақын 5-7 шақырым радиуста орналасқан жайылым жерлер бойынша 15 ауылдық округтен, 104 шаруашылықтың 13 300 га жайылымдық жер анықталды.
2 ауылдық округ аумағында (Көкқайнар, Бірлік) 5-7 шақырым радиуста орналасқан жайылымдық жер иеленуші шаруа қожалықтар тіркелмеген.
Ауылдық округ әкімдерінің ауыл тұрғындарымен өткізген жиынның хаттамалық шешімдеріне сәйкес кедергісіз мал жаюға жер иелерімен меморандум жасалды. Одан бөлек, жайылымдық жерлерді тұрғындардың мұқтажы үшін, мемлекет жер қорына қайтару немесе жайылымдық жерлерін шалғайдан босалқы жерге ауданына сәйкес ауыстыру бойынша түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді.
Жаңа жол ауылдық округінен азаматқа тиесілі 37,0 га (тутовник) жайылымдық жер сот арқылы мемлекет жер қорына қайтарылып, ауылдық округтің елді мекен жеріне қосып беру туралы өтініші аудандық жер комиссиясында қаралып, оң қорытындысы берілген.
Алға ауылдық округінен «Корпорация NEXAGRO»- 1561,9 га жайылымдық жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алуға байланысты аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған.
3-бағыт. Мал басы көп тұрғындардың малдарын орман қоры жеріне шығару. Орман қорындағы 38,9 мың гектар жайылым жерге 5 890 мал басы (Абай, Сауытбек, Ақтөбе) шығарылды.
4-бағыт. Ауылдық округ әкімдерімен жер көлемі 14 988 гектар болатын 146 шаруашылықпен жерлеріне мал жаю жөнінде екі жақты меморандум жасалған.
5-бағыт. Осы жартыжылдықта жер қатынастары бөлімімен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жерлерді зерделеу барысында мал басы тіркелмеген 130 149 гектар жайылымдық жер анықталған.
Президент жаңа Жолдауда “Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн”- деген болатын.
Осы орайда жер қатынастары бөлімі өздеріне берілген құзырет шегінде игерусіз жатқан аудан аумағындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану немесе пайдаланбауы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізгенін атап өткен жөн. Оның нәтижесінде жалпы ауданы 146 527 гектар (оның ішінде 555 га суармалы егістік, 15 823 га тәлімі егістік, 130 149 га жайылымдық) жер учаскесі Жамбыл облысы жер ресурстарын басқару департаментіне шара қолдану үшін жолданған.
-Биылғы жартыжылдықта жалпы ауданы 3 653 гектар (оның ішінде 1500 га – тәлімі егістік, 2153 га – жайылымдық) ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскесі мемлекеттің жер қорына қайтарылды. Дәл осындай кезеңде ауыл шаруашылық алқаптарын біртүрден екінші түрге (тәлімі егістіктен суармалы егістікке) 2306 гектар ауыстырылды,- дейді Асан Алданұлы.
Бүгінде баспаналы болуды армандайтын жерлестеріміз аз емес. Олардың алды кейінгі он жылдықтың ішінде жер кезегінде тұр. А.Көшербаевтың айтуынша аудан бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер теліміне кезекте Шу қаласы бойынша 7300 адам, Төле би ауылы бойынша 3259 адам және Алға ауылы бойынша 420 адам кезекке тіркелген көрінеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.