Маңызы жоғалмас мәртебелі мамандық
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» деген Ыбырай Алтынсариннің теңеулі тіркесі пошта қызметкерлеріне арналып айтылғандай. Пошта қызметі сонау 400 жыл бұрын да болған деседі. Мифтік аңыздарда көгершін құсы хабарлама тасымалдаушы ретінде қолданылғандығы жиі кездесіп жатады. Міне, қазір дамыған заман, ақпараттық технологияның түрленген кезеңі болса да осы бір қызмет түрі өзінің құндылығын жойған емес. Алыста жүрген жақынының сағынышқа толы хатын яки сүйікті басылымын арқалай жететін пошташыны көргенде төбесі бір елі көкке жетердей қуанған аға буын өкілдері ортамызда әлі де баршылық.
Ал бүгінгі таңдағы пошташының қызметі сан түрлі. Қазіргі заман талабына сай жылдамдық, ыңғайлылық, қолжетімділік бұл салада да орын алған. Пошта мекемесі ең алыс жатқан ауылдық жерлерге пошта қызметімен қоса қаржылай қызмет көрсететін бірден-бір мекеме болып табылады. Осы орайда, 9-қазан дүниежүзілік пошта күні екендігін ескере отырып, аудандық пошта байланыс торабындағы қызметкерлердің аяқ алысын, салада болып жатқан жаңашылдықтар мен өзгерістер жайлы жазуды жөн көрдік.
Аудандық пошта бөлімшесінен барлық ауыл тұрғындары еңбекақысын, жәрдемақысын және аударма ақшаларын ала алады. Көпшілік бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрмайды, банкоматтан карточкамен де алуға жағдай жасалған. Сонымен қатар, «Хоум кредит», «Solvo», банктерімен келісімшарт арқылы аудан халқына несие беру жұмысын жандандыруда. Бұдан бөлек, Хоум және Пошталық депозит ашуға болады, Теміржол, әуе қатынастары билеттерін алуға болады. Жыл сайын жанданып келе жатқан салада жаңашылдық та жоқ емес. Оған аудандық пошта торабының басшысы Анархан Срайлованы әңгімеге тартқанда-ақ көз жеткіздік.
-Пошта саласында қызмет еткендіктен біз заман ағысымен қатар жүземіз, жаңашылдықтан қалыс қалуға әсте болмайды. Іске асырылып келе жатқан жемісті жоба – «Әлеуметтік картаның» әлеуметке берері мол. «Қазпошта» АҚ әлеуметтік картасының өңірлерге байланысты төлем, көлік, жеңілдік тәрізді функционалдары бар. Оның арқасында жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны және шәкіртақыны алып, қоғамдық көліктің ақысын төлеуге мүмкіндік бар. Кейбір өңірлерде оқушылар әлеуметтік карталардың көмегімен білім ордасына кіреді және мектеп асханасында төлем жасай алады. Сонымен бірге оларға балалар тарифі бойынша қоғамдық көлікте жүру мүмкіндігі қарастырылған. Әлеуметтік карталардың иелері post.kz сайтында жеңілдік рецептісі бойынша жазылып берілген және алынған дәрілерді қарай алады. Сонымен бірге жұмсалған ақшаның бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігі бар. Дәріханаларда, дүкендерде, сауда орталықтарында әлеуметтік карта арқылы жасалған төлемдер үшін кэшбэк қарастырылған. Әлеуметтік картаны кез келген қазақстандық тұрғын қолдана алады. Оны шығаруға рost.kz арқылы онлайн өтінім жолдау қажет немесе «Қазпошта» АҚ кез келген бөлімшесіне жүгінуге болады.
Қазақстанда әлеуметтік картаны қолданушылар қатары еліміздегі барлық өңірлерді есептегенде 350 мың тұрғынға жуық. Жаңа қызметті қолданушылар қатары күн санап артып келеді.
Срайлова Анархан Тайбағарқызы басшылық ететін аудандық пошта байланыс торабында өз ісіне мығым, жауапты мамандар қызмет етеді. Елеулі күндерінде елге еңбегі өтіп жүрген сала қызметкерлерінің есімдерін атап өткеніміз жөн деп білемін. Олар АБПТ бастығының орынбасары И.А.Салих, бас маман М.О.Отыншиева, бас кассир Б.А.Турпанбаева, жетекші мамандар А.Мустафаева, сұрыптаушылар Н. Еркимбекова, А.Базарбаева, ООУ басшысы Г.О.Қуанбаева, операторлар Ж Карипбай, Ж.Бегалиева, салық басқармасының операторы А.Бейсенбайқызы, инкассаторлар Д.И.Алпаров, К.Байжарасов, А.Несіпбек Е.Тайжанов Ж.Әшек ауылдық бөлімнің басшылары Р. Абдрашова К.М.Сураншиева, С.М.Жексеналиева, Б.Азбергенова, К.Шакирова, М.С.Уалиева, Б.Б.Омарова, Б. Қаржаубай Г.Даниярова, Б.Құрманалиева, Б. Исмайлова А. Рахиева, Шу қаласының бөлім басшылары Г.Қ.Қосалиева, А.Ю.Жук, А.Сеитова Ә. Смагулова Л. Хорьякова , ЖБО операторы А.Мырзабаева, ХҚКО операторы Д.Беримкулова, хат тасушылар З.Ержанова, , Г.Шымбулатова, Н.Алшиева, А.Ахметова, Г.Али, Н.Сармурзаева, Г.Тростьянская, Д.Тулебаева, А.Самбаева, Т.Спиридонова, Л.Румасова, В.Маркович, Л.Корягина, Р.Усенова, С.Нуртаев, Г. Юст, Ж. Кирбаева Р.Алшимбаева, А.Капанов, Г.Альтаева, Б.Бектемисовалар.
АПБТ қызметкерлерінің негізгі мақсаты – көпшілік көңілін тауып, адал қызмет ету. Осы тұрғыда аудандық пошта қызметкерлері халыққа ойдағыдай қызмет көрсетуде деп айтуға әбден болады. Өз қызметіне деген жаңашылдық пен жылдамдықты күн сайын арттыруға атсалысып отырған пошта қызметкерлері әрқашанда алдыңғы шептен табылсын!
Айғаным Асқарбек.