Ақпараттық портал

Махаббат аллеясы құрылса…

Махаббат адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, нәзік сезімі. Батыстың атақты философы Эмпедокл өзінің космология ілімінде махаббат бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған бастапқы күш деп білді. Платон оны сезімдік және рухани махаббат деп екіге бөлді. Сезімдік махаббат – сұлулыққа сұқтанатын махаббаттың төменгі сатысы, ал рухани махаббат – адамның белсенді танымдық қызметінің қайнар көзі деп қарады.
Газетіміздің жыл басындағы №6 санында аудан жұртшылығына танымал мәдениет саласының қызметкері, тіл жанашыры, «2024 жыл адамы» марапатының иегері Нариман Мырзақұловпен болған сұхбат барысында ауданымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы келелі мәселелер қозғалған еді. Осыған орай, бұл жолы аталған тақырып төңірегінде бірқатар жерлестеріміздің пікірін ұсынып отырмыз:

Орманқұлов Қуат Мұхтарұлы, ақын:
-Шу бойы, Шу өңірі ежелден тарихи оқиғаларға бай, аңыз әңгімелері атадан балаға жалғасып келе жатқан шежірелі өлке. Халқымызда «Өткеніңді білмей, болашағыңды болжай алмайсың» деген қанатты сөз бар. Мойынқұм өңірінде Құралай сұлуға, Көкшетау облысы, Зеренді ауданында Ақан сері әнінің өзегі болған Балқадишаға тұғыры биік ескерткіштер орнатылғанын оқып біліп, көріп жүрміз. Кейінгі жастарымызға үлгі етерлік тарихи жәдігерлеріміз баршылық. «Тараз-Астана» күре жолының бойына зәулім мәдени ескерткіш орнатуға қаражатымыз жетпей ме? «Ғашықтар мекені», «Махаббат символы» секілді монумент қойылып жатса, нұр үстіне нұр екені сөзсіз. Күнара үйленіп жатқан жастар монументке тағзым етіп жатса, қосылған жастардың махаббаты бекем болуына себепкер болатыны мәлім. Серуендеп барған жастарға, жас жұбайларға әжептеуір ой салып әрі туған өлкемізде болған тарихи оқиғалармен рухтанары анық. Бәріміз де жас болдық, кез келген жастың басынан кешкен махаббат хикаясы барын екінің бірі мойындайды. Ал «Махаббат монументі» шынайы достық пен махаббаттың символы болып жастар жанына азық болады. Махаббат сөзіне сансыз анықтамалар айтып, түсіндірмелер берсе де, көптік етпейді. Кеудесін махаббат кернеген адам қашан да қайырымдылықпен, адалдықпен ауылдас болуға тырысады. Дүниедегі бар жақсылық махаббатпен жасалады, махаббатпен нұрланады. Өйткені, шын сүйіспеншіліктен туған дүние ғана құнды болмақ. Сол себептен махаббатты дәріптеп, құрметтеуге жасалатын кешенді іс-шараларға еш кедергі болмауы тиіс.

Асанбаев Советхан Бірімқұлұлы, ардагер асаба:
-Өз өңіріміздің тумасы, Ашаның алты салының бірі болған Сауытбек Ұсаұлының арман құсына айналған Ақбөпеге «Тараз-Астана» күре жолының бойынан айшықты мәдени ескерткіш неге орнатпасқа? Құдайға шүкір, ауданымызда мүсін өнерінен хабардар адам бар. Республикамызға белгілі суретші Қали Қораласбаев арнаулы маман ретінде ақыл-кеңесімен атсалысады деп сенеміз. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінбесе, ауданымызда меценат азаматтар баршылық емес пе?! Тіпті, Сауытбек атамыз шыққан Күнту руынан аудан, облыс, республика көлеміне танымал басшы, кәсіпкер, іскер азаматтар жетерлік. Қу дүниенің түбіне ешкім жеткен емес. Кейінгі жастарға үлгі боларлық мәдени кешен соғу, әйдік мейрамхана соққаннан қиын шаруа емес шығар. «Қыза-қыза қаным қайнап кетті ғой» дегендей, Сауытбек атамыз шыққан Күнту руы мен Ақбөпенің шыққан тегі Қыпшақ руының елі әлі күнге қатар жатқан қоңсы ел. Қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып жалғасып жатыр. Ата рухына демесек те, мәңгілік өшпейтін махаббат рухына ескерткіш орнату өте құптарлық іс деп білемін.

Мырзақұлов Нариман Сүндетұлы, ұстаз:
-Шу қаласының халық көп шоғырланған батыс ауданының орталығында кезінде мәдени орталықтың бірі болған «Саламат» кинотеатры жекешелендіру кезінде жымқыру мен қымқырудың олжасы боп кеткені жасырын емес. Мүлкі тоналғанымен, көпшілікке арналған ғимарат әлі күнге еш пайдаланусыз бос тұр. Сол кездегі құрылыс кешендерінің озық үлгісімен салынған ғимарат әлі күнге сыр бермей, берік қалпында тұр. «Халық қаласа, хан түйесін сойыпты» дегендей, қазір соған иелік қылып отырған азаматтан еш қимылсыз тұрған ғимаратты халық игілігіне қайтарып, кәдеге жаратуға мемлекет қаржысы жетпей жатыр деуге ауыз бармайды. Аудан әкімдігіне қарасты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығы осы іспен нақты айланысса, дұрыс болар еді. Шу қаласында тұрғындар саны күн санап көбейіп келе жатқанын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Қаламыздың қақ ортасындағы ғимарат нағыз ыңғайлы ортаға айналар еді. Игі іс-шараларға атсалысып жүрген кәсіпкерлер жоқ емес. Сонда да көңіл түкпірінде қылаңдаған ой түйінін ортаға салғанның айыбы жоқ тәрізді.
Қазір жалпы елімізде әлеуметтік жағдай жақсы. Күннен-күнге әлденіп, тұрмысымыз артуда. Жеке зәулім үйлер бір-бірімен жарысып, бой түзеуде. Бірақ, «дүние байлық – қолдың кірі» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Бізді өсірген әкелеріміз «еліміз байысын, Отанымыз өркендесін» деп жаңа қоғамды құруға атсалысты. «Өкімет біледі, білгеннен соң елге жөн айтады» деп басқарушы ел ағаларының да айтқанын бұлжытпай орындайтын. Одан жаман болған жоқпыз. Әбдімомын Желдібаев ағамыздың «Ерке сылқым» күйінің құдіретіне арнап орнатылған ескерткіші ыңғайлы жерде тұр деп айта алмаймын. Іс басталып, «Махаббат аллеясы» өмірге келіп жатса, «Ерке сылқым» ескерткішінің де сол қатардан орын алуына тілекші болар едім. Оған қоса, бұл ескеркіш те аллеяның ажарын айшықтай түсетіні анық. Сағыныш әрі махаббат құдіретіне арналған белгілер монумент көркін аша түсер еді. Бұл менің ойым ғана. Біреулер құптар, біреулер құптамас. Айтылған пікірлер тоғысатын күн болса, келешек жастарға жасалған мәдени, тарихи ескерткіш болып қала бермек. Кез келген арманшыл жаста болатын махаббат сезімдерінің белгісіндей етіп, махаббат деген ұлы әрі құдіретті сезімді былғамай өмір кешуіне себепкер болатындай «Махаббат аллеясын» неге жасамасқа? Тарихымызда болған Сауытбек-Ақбөпе оқиғасының негізінде «Махаббат аллеясына» неге ескерткіш белгі орнатпасқа? Бұл кейінгі жастарға ой салатыны сөзсіз. Мұны тәрбиелік мәнге ие әрі өскелең ұрпаққа өнеге болатын іс деп бағалауға болады. Себебі, қазіргі зымыран заманда өмір сүріп жатқан өскелең ұрпақ өкілдері үшін мұндай игі іс жастардың жадында мақтаныш сезімін туындататын тамаша кешен болар еді. Сондай-ақ, ауданымыздың мәдени қоры толығып, ауылымыздың тұсынан өткен жолаушы мен келген қонақтардың назарын бірден аударатын дүние боларына сенім мол. Ал, оның қандай мәтінде соғылатыны суретші, мүсінші мамандардың еншісінде.
Өзім оқу-тәрбие саласында еңбек еткендіктен, болашағымыз – жастарға көп көңіл бөлінгенін қалаймын. Жас кездегі қалыптасқан сана тасқа жазылғанмен бірдей екендігін назарға салған халық даналығы бекер айтылмаса керек.

Топтастырған Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.