Бедері бөлек бәсеке
Өткен аптада ел мұғалімдері кәсіби мерекелерін атап өтті. Осыған орай өңірімізде ұстаздарды ұлықтауға арналған түрлі ауандағы іс-шаралар өтіп жатты. Соның бірі – Шу қаласындағы “Le Rich” мейрамханасындағы зияткерлік ойын.
Шу қаласы әкімі аппараты мен қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен ой додасына шаһар аумағындағы 12 мектептен 60 мұғалім қатысты. Ереже бойынша әр топта мектеп басшысы мен жасы 35-ке дейінгі жас маман бақ сынады.
Шара шымылдығын Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дурманов құттықтау сөздерімен ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ауданның бас мұғалімі бедері бөлек іс-шараны өткізіп отырған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ойынның алғашқы кезеңінде қатысушылар әділ қазылар алқасы алдынан жеңіл, орта және қиын деңгейлі билеттерді таңдап, топтың талқысынан кейін өз жауаптарын ұсынды. Келесі кезеңде логикалық сұрақтарға ой жүгіртіп, өзге де тапсырмаларды орындады.
Әрбір сәтті бағалап отырған әділ қазылар қатысушылардың ұпайларын қағазға түртіп, дұрыс жауаптармен салыстырды. Қатысушылардың пікірінше сергіту мақсатында өтіп жатқан шараның мазмұны ауқымды. Ең алдымен әріптестер арасындағы байланысты бекітіп, білімдерін сынап көруге мүмкіндік туған.
Төрт кезеңнен тұратын зияткерлік ойын өте тартысты өтті. Оны қатысушылар да, тәуелсіз сарапшылар да мақұлдап жатты. Нәтижесінде, әр сында олжа жинаған А.Макаренко атындағы орта мектебі көш бастаса, екінші орын Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің еншісіне бұйырды. Ал үшінші орынды А.Байтұрсынұлы атындағы гимназия иемденді.
Жүлдеден бұрын жадылары сергіп қалған жарыс жеңімпаздарына шағын тоңазытқыш, диспенсер мен ас жылытқыш сынды бағалы әрі керекті сыйлықтар табысталды. Одан бөлек, топқа түсіп, сәл ғана сәттілік жетіспеген командаларға да ұйымдастырушылар естелік сыйлықтарды үлестірді.
– Ұстаздарды құрметтеу – ұрпақтың парызы. Біздің де борыш. Сондықтан төл мерекелері қарсаңында қала мұғалімдеріне тың бағыттағы іс-шараны ұйымдастырдық. Қатысушылардың әлеуеті зор, білімі мол екеніне куә болдық. Сергіту мақсатында ұйымдастырылған додадан жас мұғалімдер жағымды әсер алды деген ойдамыз. Барлық мереке иелеріне шығармашылық табыс пен жақсылық тілеймін,-деді қала әкімі Елдос Бекболатұлы.
Жығылғанға да жүлде берген ұйымдастырушылар ұстаздарға қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайтынын айтуда. Бәсекеде қарсылас болған әріптестер шара мәресінде дастархандас болып, көңілді нотада тарқасты. Әр шараны әрлі өткізе білетін қала жастарының да бұл жолы бәсі биік болды.
Байжан Емберді.