Ақпараттық портал

Үлкендер жолы ұлылық

Еліміздің болашағы — бүгінгі жастардың қолында, ал олардың бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастыруда үлкендердің өмірлік жолдары мен өсиеттерінің маңызы зор.
Осы мақсатта Қарттар күніне орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназиясында ерекше және тәрбиелік мәні зор жоғарғы сынып оқушылары Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шу ауданының Құрметті азаматы Ержан Өмірәлиевпен кездесті.
Кездесу “Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып” тақырыбымен өтті.Бұл іс-шараның негізгі идеясы — ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты нығайту және өмірлік тәжірибелерден үлгі алу және тек адал еңбек пен елге деген сүйіспеншілік арқылы биік мақсаттарға жету.
Ардагер өз сөзінде: “Біздің міндетіміз — елге қызмет ету, ұрпақтарға жарқын болашақ қалдыру. Біз осы жолды жүріп өттік, енді сіздер біздің ізімізбен жүріп, еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек,” – деп, жастарға өсиет қалдырды.
Кездесу барысында Ержан Көрікбайұлы өзінің өмірлік жолын, еңбек жолындағы жетістіктерін, қоғамға қосқан үлесін әңгімелеп, оқушыларға адамгершілік, адалдық және еңбексүйгіштік сияқты қасиеттердің маңыздылығын түсіндіре отырып: “Біздің заманымызда елге, жерге қызмет ету – ең үлкен парыз болатын. Біз сол жолды жүріп өттік. Енді сіздер, жас ұрпақ, сол жолды жалғастырып, жаңа соқпақ салуларыңыз керек,” – деді.
Одан бөлек, оқушылар ардагерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, үлкен өмірлік тәжірибесі бар адамның құнды кеңестерін тыңдады. Ержан Көрікбайұлы жастардың білім алуға, туған жерге қызмет етуге ұмтылысы олардың болашақта табысты тұлға болуына негіз болатынын атап өтті. Оқушылар үшін бұл кездесу ерекше әсер қалдырды. Олар ардагердің әңгімелерінен үлкен мотивация алды, әрі осындай кездесулердің маңыздылығын түсінді.
Ардагер кездесуде өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, Шу ауданының тарихына қатысты кітаптарын оқушыларға таныстырды. Ол оқушыларға кітаптарын оқуға кеңес беріп, әрбір кітапта ел тарихы мен тұлғалардың өмірлік жолдары туралы маңызды мәліметтер бар екенін атап өтті.
Кездесуден кейін жоғары сынып оқушылары бұл кездесудің олардың өміріне қаншалықты әсер еткенін айқын сезінді. Оқушылардың бірі: “Бүгінгі айтылған сөздер біздің болашағымызға үлкен сабақ болды. Ол кісінің өмірі бізге үлгі-өнеге. Осындай кездесулер мен тұлғалар бізге көп нәрсені үйретеді, олардың өнегелі өмір жолын білу біз үшін үлкен мәртебе” – деп өз әсерімен бөлісті.
Сыр сұхбат барысында “Үлкендер жолы ұлылық” деген сөздің мағынасы айқындалды. Аға буынның өмірлік жолы – қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге, олардың болашағына бағыт-бағдар болары сөзсіз. Осы кездесудің негізгі мақсаты – жастарға үлкендердің өмірлік тәжірибесін жеткізу және ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайту болды. Осындай тұлғалардың даналығы мен өсиеттері жастарды патриоттыққа, елге қызмет етуге тәрбиелеуде үлкен үлес қосары сөзсіз.
Осындай кездесулер өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыра түседі. Ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын түсіндірген жастарға ақыл-кеңес бере отырып, жастардың бойына үлкендердің өмірлік тәжірибесінен тәлім-тәрбие алуға мүмкіндік берген ардагеріміз Ержан Көрікбайұлына алғысымыз шексіз.
Нұргүл Қадыр,
А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның ұстазы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.