Бір ауыз сөз
«Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,
Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды.
Бір ауыз сөз ұшса бақыт кұсы боп,
Бір ауыз сөз жаман атқа қияды»- деп ақын жүрегі жырлағандай кеше ғана бақилық болған құрдасым, әріптесім
Норкин Петр Палладиевич
жайлы бір ауыз сөзбен еске алғанды жөн көрдім.
Петр Норкин 1971 жылғы күзде аудандық «Шу өңірі» – «Шуская долина» газетіне фототілші болып орналасты. Арада бір жыл өткен соң мен де сол редакцияға подчидчик болып қызметке тұрдым. Бұл қызметті корректордың көмекшісі деп атауға да болады. Қазіргі кезде фототілші де, подчидчик те, корректор деген қызметтер қысқартылған.
Атап айтатын жай П.Норкин фототілші ретінде сол редакцияда жарты ғасыр табан тіреп қызмет атқарды. Газеттің жұмысына байланысты ол аудан шаруашылықтарын жылдың қай мезгілінде болмасын тұрақты аралап тұрды. Малшылармен, диқаншылармен танысып, олардың озаттарын, іс-тәжірибесін кеңінен насихаттады. Бірде теміржолшылар арасынан табылса, бірде медицина, білім беру салаларынан табылып жатты. Мәдениет, спорт және жастар мәселелері де назарынан тыс қалмады. Осындай қым-қуыт тіршіліктің ортасында жүріп суретке түсірерінде: “Күлімдеңізші, көзіңізді ашыңызшы” деп те бәйек болатын.
Ол табиғат тамашаларын қызықтап, әртүрлі аң, құстарды, жануарларды оқырмандар назарына ұсынды. Ауданның тарихындағы қандай басқосулар болса да ортасында жүрді. Әсіресе, орталық алаңда өткен Наурыз мейрамдарының көрікті көріністерін аудандық РЭС-тің мұнарасы бар машинасының төбесінен түсірді. Біз жерде жүрсек, ол көкке көтеріліп еңбек етті. Жиындарда есімі елге белгілі тұлғаларды тосыннан суретке түсіріп, оларға қуаныш сыйлады. Айта берсек аудан топырағын жарты ғасыр шарлаған Норкиннің еңбегі ересен елеулі. Оның кейбір суреттері аудандық, облыстық, республикалық газеттерді былай қойғанда, Мәскеуде шығатын “Известие”, “Труд” және тағы басқа да басылымдарда жарияланып тұрды. Қазір ойлап отырсақ мұның бәрі құрдасымның қолы жеткен биік белестері тәрізді.
«Қазақстанның Құрметті журналисі», Шу ауданының Құрметті азаматы болған әріптесімнің, сырласымның өмірден озғанына қырық күн таяп қалғанда мынадай өлең шумақтары ойыма оралған еді:
Дос еді, құрдас еді, әріптесім,
Дауысың құлағымда әлі сенің.
Елу жыл фототілші бола жүріп,
Ақтадың абыроймен ел сенімін.
Шын сүйдің тамылжыған табиғатты,
Кей кезде саясында таңың атты.
Аралап тау мен тасты, сай саланы,
Газетке суреттерің шығып жатты.
Шарладың ауылды да, аймақты да,
Өзіңмен санасқандай қай мықты да.
Малшымен, диханшымен көп сырласып,
Жан едің қарапайым жайшылықта.
Айтайын ақиқатты бүгін менде,
Қуандым төбең сенің көрінгенде.
Бұл күнде аңыз адам болғандайсың,
Сезімге сағынышты берілгенде.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.