Түйткілді тарқатуға өз үлесін қосуда
Аудан өміріне қатысты жергілікті тұрғындар тарапынан туындаған сан түрлі қоғамдық мәселелердің шешімін табуға «AMANAT» партиясының аудандық филиалы да өзіндік үлес қосып келеді. Бұл тұста қоғамдық қабылдаулардың рөлі ерекше.
Бүгінгі күнге «AMANAT» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 107 қабылдау өткізіліп, партияның аудандық филиалына 236 өтініш келіп түскен. Түскен өтініштердің 138-і оң шешімін тапты, яғни бұл 58,4 пайызды құрайды. Ал, қалған 98 өтініш бойынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, партия аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде бекітілген кестеге сәйкес Шу ауданы әкімінің де азаматтарды қабылдауы тұрақты түрде жүргізілуде.
«Қарызсыз қоғам» жобасы ауданымызға қарасты Бірлік, Көктөбе, Қонаев, Балуан Шолақ, Дулат, Жаңа жол, Ескі Шу, Алға, Өндіріс, Бірлікүстем, Төле би ауылдық округтері мен Далақайнар ауылында және Шу қаласында өтіп, жалпы 570 адам арнайы сертификаттар алды. Сондай-ақ, “AMANAT” партиясы Шу аудандық филиалы тарапынан бастауыш партия ұйымдарының төраға,төрайымдарымен ағымдағы жылдың үшінші тоқсанына арналған жұмыс жоспары және жиырма пайыз нысаналы трансфертті пайдаланудың жаңа тәртібі бойынша «ZOOM» платформасы арқылы онлайн семинар өткізілді. Нысаналы трансфертті пайдалану мақсатында 5-маусымда «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында “Далақайнар” бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен, 9 бастауыш партия ұйымының мүшелері арасында шахматтан жарыс өтті. Жеңімпаздарға медальдар, кубоктар, арнайы қатысқаны үшін дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді!
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырыстары да белгіленген жоспарға сәйкес өткізіліп тұрады. Күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес тиісті бөлім басшылары мен құзырлы орган басшыларының есептері тыңдалып, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылай келе, тиісті қаулылар қабылданады.
Сонымен қатар, аудан аумағында 6 партиялық бекет ашылды. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері тарапынан барлық партиялық бекетке тұрақты түрде зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Комиссия мүшелері “Бақытты отбасы” партиялық жобасының жоспарына сәйкес “Балалар үшін қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым” акциясы аясында және оқу маусымы кезінде 1-4 сынып оқушыларының ыстық тамақпен қамтамасыз етілуімен танысу мақсатында аудан орталығының бірқатар білім нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізді. “AMANAT” партиясы аудандық филиалының қызметкерлері аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инспекторларымен бірге шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелерін тұрғындарға түсіндіріп, арнайы парақшаларын таратты. Сондай-ақ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, Шу қалалық әкімшілігінің мамандарымен бірлесіп, сауда объектілері – дүкендер, дәмханалар, дәріханалар сыртындағы көрнекі жарнамалардың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабына сәйкес қолданылуы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді.
Аудандық мәслихаттағы партияның фракция отырысы да бекітілген кестеге сәйкес өтуде. Фракцияның күн тәртібіне байланысты аудан әкімінің орынбасарларының, бөлімдер мен мекеме басшыларының есептері тыңдалып, отырыс соңында шығарылған мәселелерді талқылай келе, тиісті шешімдер қабылданды.
Партия аудандық филиалының тарапынан кәсіби мерекелерде сала мамандарын және Чернобыль апатына 38 жыл толуына байланысты марапаттау рәсімдері де тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мысалы, апат салдарын жоюға атсалысқан батырлар “AMANAT” партиясы Шу аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, 1- Мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында ауданның этно- мәдени орталықтарының басшыларымен, “Халықаралық байланыс және ақпараттандыру қызметкерлері күні” қарсаңында ауданның байланыс қызметкерлерімен, мәдениет және өнер саласының, медицина саласының өкілдерімен, мемлекеттік қызметшілермен, полиция және сот, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен кездесу өткізілді. Кездесу барысында аталған сала қызметкерлерінің үздіктеріне партия аудандық филиалының Құрмет грамоталары табыс етілді.
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі А.Әшімова аудандық филиалдың мәжіліс залында ауданның кәсіпкер әйелдерімен кездесу өткізіп, аудандағы кәсіпкер әйелдердің жұмысымен танысу мақсатында бірқатар нысанды аралады. Сонымен қатар, кездесу барысында Шу ауданында Әйелдер қанатының төрайымы болып «Қонаев» бастауыш партия ұйымының төрайымы М.Сұлтанова сайланды.
Партия аудандық филиалының “Жастар рухы” ЖҚ-ның ұйымдастыруымен, “ТазаLike” акциясы аясында Жеңіс күні мерекесіне орай, жалғызілікті қариялардың үй шаруасына көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесі мен “Жастар рухы” ЖҚ-ның мүшелері “ТАЗА БЕЙСЕНБІ” акциясына да белсенді түрде қатысуда. Жастар ресурстық орталығы мен “Жастар рухы” ЖҚ-ның мүшелері «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, көршілес Мойынқұм ауданына да барып қайтты.
Партияның Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен, «Тараз-арена» спорт кешенінде өткен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында балаларға арналған «ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР ӘЛЕМІ» атты облыстық инклюзиялық спорт фестиваліне Шу ауданынан 6 оқушы қатысып, жүлделі орындарға ие болып, ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хатпен марапатталды.
«Айтылды-орындалды!» айдары бойынша ауқымды мәселе шешімін тапты. Атап айтсақ, Шу ауданы, Көктөбе ауылының тұрғындары аудан орталығы – Төле би ауылы мен Көктөбе ауылының аралығындағы автомобиль жолының 4 жыл бойы ашылмауына байланысты көліктерінің техникалық жағдайдайлары нашарлап, әлеуметтік жағдайларына кері әсерін тигізіп жатқандығын айтып, партия аудандық филиалына өтініш білдірді. Аталған мәселеге байланысты партия аудандық филиалының төрағасы бастаған депутаттық фракция мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында ауыл тұрғындарына «Қазавтожол ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалынан келіп түскен ресми жауап хат таныстырылды. Нәтижесінде, партия аудандық филиалының төрағасы тарапынан «Қазавтожол ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалына хат жолданып, бүгінгі күні Көктөбе ауылы тұрғындарының өтінішіне сәйкес, Көктөбе ауылына дейінгі салынған асфальт жол аралығы ашылып, қолданысқа берілді.
Бекітілген жоспарға сәйкес депутаттық фракция мүшелері де өздері сайланған округ тұрғындарымен кездесулер өткізуде. Кездесу барысында фракция мүшелері атқарған жұмыстары туралы және сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша есеп берді. Сонымен қатар, депутаттар қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардан түскен өтініштер бойынша заңға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шу ауданына арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Г.Нұрымова партияның сайлауалды бағдарламасындағы 3 нысан, атап айтқанда, Шу қаласында жаңадан салынып жатқан 80 пәтерлік 1 көпқабатты тұрғын үй құрылысымен, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп ғимаратына жапсарлас құрылыс жұмыстарымен және Шу-Қайнар (56 шақырым) аралығындағы асфальт жолдың күрделі жөндеу жұмысымен танысты.
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында жұмыстар атқарылып, филиалдың жоспарына сәйкес аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балаларға мектеп және спорттық формалары, спорттық аяқ киім мен сөмкелер алынып берілді.
Сонымен қатар, 6-қазан күні өткен референдумға партия аудандық филиалының жанынан Халықтық штаб құрылып, штаб құрамы ауданымыздағы белсенді азаматтар, депутаттар және волонтерлармен қамтылды. Бекітілген желілік кестеге сәйкес Халықтық штаб мүшелері ауданымыздағы барлық елді мекенде тұрғындармен кездесу өткізіп, референдумда өз таңдауларын жасауға шақырды.
Болатхан Ниязбеков,
«АМАNAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы.