Ақпараттық портал

Ұлттық мереке – ұлы мұрат бастауы

25 қазан – Республика күні. Тас бұғаудан босап, тәуелсіздікті армандаған халқымыз үшін бұл күннің маңызы зор. Себебі, 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен Қазақстан Егемендігі туралы декларация қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл декларация қастерлі тәуелсіздігімізге жол ашып, тарихи құжат ретінде қатталған.
Соңғы екі жылда Республика күні ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнға ие болып, жұртшылықтың асыға күтетін асыл күніне айналды.

Мемлекетіміздің басты мерекесі аудан көлемінде де лайықты түрде тойланды. Атап айтқанда, аудандық Мәдениет үйінде мерекеге орай салтанатты жиын өтіп, айрықша еңбегімен көзге түскен азаматтар құрметке бөленді.
Салтанатты шараның шымылдығы 60 оқушының жанды дауыста Мемлекеттік Гимнді орындауымен түрілді.
Аудан тұрғындарын Республика күнімен құттықтаған аудан әкімі Б.Жәнібеков, мерекенің мән-маңызы мен жеткен жетістіктерге тоқталып өтті.
– Республика күні – тек өткенге ой жүгіртіп қана қоймай, болашаққа ұмтылуға ұлық себеп. Бүгінгі Қазақстан – өз даму жолында жаңа белестерді бағындырып келе жатқан, халықаралық аренада лайықты орны бар ел екені белгілі. Бұл жетістіктеріміздің бәрі халқымыздың бірлігі мен еңбегінің нәтижесі,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан кейін мінбеге Шу аудандық мәслихатының төрағасы Жасұлан Әбенов көтеріліп, халық қалаулыларының №29 шешімі бойынша “Шу ауданының Құрметті азаматы” атағын иемденген шулықтарды марапаттады. Мәртебелі атақ алғандардың қатарында білім саласының ардагері Шашубай Досмайылұлы, салық саласының озығы Тынышхан Аристеев, теміржол ардагері Мелис Бейсембаев, кәсіпкер Ләйлә Жүнісәлиева, құрылысшы Нағыметулла Нурадинов, түрік ағайынның ақсақалы Бинали Тагиров, спортшы Рамзан Хадцуев, журналист Жұмахан Чекаев пен интернационалист-жауынгер Бұралқы Шынарбеков бар.
Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында Шу ауданының Құрметті ардагерлері де белгілі болды. Әнепия Шабанбай, Нұрлыхан Бердиев, Бақытбек Абитов сынды қарияларды марапаттаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев арнайы құрмет көрсетті.
Марапаттар легі мұнымен түгесіген жоқ. Өңірдегі бірқатар азаматтар Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталып, мерейлері үстем болды. Сонымен қатар 11 азаматқа «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді. Тағы бір парасына аудан басшысы Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды.
Одан бөлек, шулықтардың тағы бір шоғыры аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлының қолынан Шу ауданының Құрмет грамотасын алғанын айта кеткен жөн.
Салтанатты жиын соңы сазды бағдарламаға ұласып, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары көрерменді патриоттық әндермен сусындатып, әсем билерін паш етті. Атап айтқанда, Балдат Бейсеқожа “Қазақстан-Гүлстан” әнімен көпшіліктің көңілінен шықса, “Әсем әуен” ансамблі “Жыр әнім – Шу” шығармасын тарту етті. Сондай-ақ “Шу серілері” тобы мен “Шу еркесі” бишілері, Мәди Жапар, Жансая Мұратқызы, Жалғас Нұрғожа, “Назар” триосы, Мейіржан Базарлы, Арайлым Әділбекова сынды жас өнерпаздар мен Нұрболат Іңкәрбеков өз өнерімен тәнті қылды.
Байжан ЖЕЛДЕН.

Leave A Reply

Your email address will not be published.