Rөкпаршылар сынға түскен сайыс
Шу ауданының білекті көкпаршылары «Qyzylsha Zher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарысын асыға күтетіні ақиқат. Себебі серіктестік бұл доданы үшінші мәрте өткізіп, көптің ықыласына бөленуде.
Ескі-Шу ауылдық округінде өткен командалық көкпарға қатысуға бұл жолы 8 команда бел байлаған. Мейман ретінде Меркі, Тәтті және Құлан, Ақыртөбе ауылдарынан командалар келсе, қалған төрт команда Шу қаласы, Балуан Шолақ, Көктөбе мен Белбасар ауылдарынан қатысқан.
Жарыстың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, компания басшысы Алёна Лобанкова алғысөз сөйледі. Ал, ауылдың сыйлы қариясы Әзіз Әбдешов шабандоздарға ақ батасын берді. Одан бөлек, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ержан Өмірәлиев пен Мелис Бейсембаев, ауданның Құрметті азаматы Қазақбай Байжұманұлы да өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
– Көкпар – қазақтың байырғы мәдениеті мен жауынгерлік рухының символы, ер азаматтардың батылдығын, шеберлігін, ептілігін шыңдайтын ерекше сайыс. Бұл ойын ата-бабаларымыздың ерлік рухы мен намысын, бірлік пен татулықты дәріптейтін бай мұра. Бүгінгі сайыс еліміздің спорттық дәстүрлерін жалғастырып, ұлттық рухымызды жаңғыртуға үлкен үлес қосатын маңызды шара. Игі шараны ұйымдастырып отырған “Kyzylsha Zher” компаниясы өкілдеріне алғысымды білдіргім келеді,-деді Найман Кенжеханұлы.
Дала шаңын аспанға көтерген көкпар ойынында алаң иелері белбасарлық «Аманат» командасы топ жарып, 3 млн теңгенің сертификатын иемденді. Көршілес Меркі ауданының командасы күміс жүлдегер атанып, 2 млн теңгені қанжығасына байлады. Үздік үштікті Шу қаласының шабандоздары түйіндеп, 1 млн теңгенің иесі атанды. Одан бөлек, бабы келіскен 5 тұлпар иесіне 100 мың теңге сомасындағы қаржылай сыйлық табысталды.
Ұлттық спорт ұлықталған шарада аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Қан қыздырған дода соңы аспен қорытындыланды.
Байжан Емберді.