Белгілі дінтанушы шулықтармен жүздесті
Халқымызда “Отан- отбасынан басталады” деген даналық бар. Оның астарына отбасы беріктігі – мемлекет беріктігі деген ұғым ұялайды. Мұны жете түсінбегендіктен көптеген жандар ойланбай отау құрып, арланбастан ажырасып жатады. Соның салдарынан жетім мен жесірдің саны артып, ұлттық сапаның жоғала бастайтыны жасырын емес.
Бұл тақырыпты әркім әрқалай тарқатып жүр. Солардың ішінде белгілі дінтанушы һәм психолог Нұрлан қажы Байжігітұлы «Tik Tok» әлеуметтік желісі арқылы жұртшылыққа кеңінен танымал. Ол бұқараға оның ішінде жастарға “жастар тілінде” ата-баба дәстүрін, әдет-ғұрыптар мен отбасы құндылықтарын насихаттап келеді.
Астана қаласындағы “Ырыскелді қажы” мешітінің бас имамы қызметін атқаратын Н.Байжігітұлы өткен аптаның соңында Шу жұртшылығымен жүздесті. Алдымен аудандық Мәдениет үйінде “Отбасы – бақыт мекені” тақырыбында кездесу ұйымдастырылып, қадірлі мейманды шулықтар күмбірлеген күймен қарсы алды.
Аталмыш дидарласу аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында жоспарланып, оны “Жамбыл облысы азаматтық альянсы” заңды тұлғалар бірлестігі жүзеге асырып отыр. Өңірдің белсенді жасы Серік Спанәлі кеш қонағын аудиториямен таныстырып, спикерге сөз кезегін ұсынды.
Зор ықыласпен сөз алған Нұрлан имам асыл дініміз бен ата дәстүріміздің ұштасқан тұсын түсіндіріп, ұғынықты тілде отбасы құндылығы, ортақ мүдде мен ең керекті дүниелерді тарқатты. Сондай-ақ жиылғандардың сұрақтарына жауап қатып отырды.
Мұнан кейін мейман Шу қалалық Мәдениет үйінде шаһар тұрғындарымен тілдесті. Аталған кездесулерге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов сынды басшылармен бірге ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналар, жастар буыны қатысып, қадірлі қонақтың айтқанына құлақ түрді.
– Асыл дініміздің қайнарын іздесек, алысқа бармай Абай мен Шәкәрімге үңілсек әбден болады. Құдай бір, Пайғамбар ақ деген олар адамды сүюге, теріс қылықтардан аулақ жүруге, еңбек етуге, қанағат пен рақымға шақырғаны анық. Сондықтан ізгілердің ізімен жүріп, інжу-маржандарын терсек дінді де, ділді де табарымыз ақиқат. Себебі ата-бабаларымыз дәстүр мен салтты діннен тарқатып, ұрпағына ұлағат еткен,-дейді Нұрлан қажы Байжігітұлы.
Теолог Н.Байжігітұлы бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесіп, өзінің Т.Рысқұлов, Шу және Қордай аудандарына жасайтын рухани сапарының жай-жапсарын жеткізген. Бұл бастамаға қолдау білдірген аймақ басшысы облыста атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, дінтанушының сапарына сәттілік тілеген.
Расымен, рухани тұрғыда байытып, ұлттық мұрат жолында ұйытқан кештен әркім өз сыбағасын алып қайтты. Көрермендер кеш соңында ел сүйіктісімен суретке түсіп, жекелей сұрақтарына да жауап алып тарқасты.
Фариза Әубәкір,
журналист.