Балаларға жайлы бақша керек, ол үшін ақша керек
Аудан өмірінің сан түрлі салаларының бірі – білім болса, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие жалпы қоғамда аса маңызды рөлге ие. Өйткені, бұл саланың мамандары сіз бен біздің жалғасымыз – өскелең ұрпақтың бағбандарын тәрбиелейді. Әрине, ата-ана үшін баланың маңыздылығы, бала үшін ата-ананың рөлі қашан да жоғары. Дегенмен, көптеген жұмысбасты ата-аналардың перзенттері отбасымен қатар балабақшадан білімді де, тәрбиені де, түрлі қасиетті де бойларына сіңіріп, мектеп жасына жеткенше осы ұяда қабырғасы қатаяды.
Соңғы жылдары мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің қатары жеке меншікті балабақшалармен толығуда. Бұл қуантарлық жайт. Бірақ, мәселе тәрбие ордасының саны емес, сапасында болса керек. Ауданымыздағы педагогикалық тұрғыдағы сапалық құрамы жоғары балабақшалардың бірі ретінде «Әсем» бөбекжай-бақшасын үлгі етуге болады. Тарихы өткен ғасырдан бастау алатын бұл балабақшаның аудан халқына қызмет көрсетіп келе жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен.
2016 жылдан бері Рахат Сейтпенбетова жетекшілік етіп отырған «Әсем» бөбекжай-бақшасында 12 тәрбиеші, 6 бала күтуші, логопед, психолог, асхана қызметкерлері, тағы басқа кіші қызметкерлерден құралған шағын ұжым еңбек етеді. Жалпы, 140 балаға шақталған тәрбие мекемесінде қазіргі уақытта балалар алты топ бойынша тәлім-тәрбие алуда. Оның ішінде мектепалды даярлық тобы да бар. Қазір бұл топтағы тәрбиеленушілерге білім беру мектептің мектепалды даярлық сыныбының оқыту бағдарламасымен бірдей жүргізіледі және электронды табель қолданылады. Бұған дейін ағылшын тілі, дене шынықтыру, музыка секілді кейбір пәндер бойынша жеке штатпен арнайы пән мұғалімдері оқытып келсе, қазір барлық пәннен сабақ өткізу бір ғана тәрбиешіге жүктелген. Сондай-ақ, бұрын сабақ кесте бойынша өткізілетін болса, қазіргі таңда жаңа талапқа сай білім беру процесіне тың тәсілдер енгізіліп отыр. Яғни, дамытушы орта қалыптастыру үшін жаңа әдістерді енгізу жолға қойылған. Алайда, мектепке дейінгі тәрбие ордасының педагогтары мұның кейбір тұстары шын мәнінде біздің бүгінгі ахуалымызға мүлдем сәйкес келмейтіндігін алға тартады. Ол үшін материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік база толықтай заманауи үлгіде болуы қажет.
Жоғарыда балабақшаның сапалық құрамы жайында сөз қозғаған болатынбыз. Енді, осы жөнінде кеңірек тоқталып өтейік. Балабақша меңгерушісі Рахат Тұрғынбайқызының жалпы білім саласындағы еңбек өтілі – 37 жыл. Ол 2008 жылдан бастап басшылық қызметті тізгіндеп келеді. Иемденген санаты – «Басшы-ұйымдастырушы».
Педагогикалық саладағы жалпы еңбек өтілі 34 жылға жеткен Гүлзат Абдықалықова да осы ортада 30 жыл тапжылмай табысты еңбек етіп келеді. Санаты – «Педагог-модератор».
Сондай-ақ, 2001 жылы қызметке қабылданған «педагог-модератор» санатындағы Шолпан Кисадилова 33 жыл бойы балалармен лайықты жұмыс жасауда.
«Әсем» бөбекжай-бақшасындағы еңбек жолын 2013 жылы бастаған Сұлушаш Исаеваның жалпы педагогикалық еңбек өтілі ширек ғасырдан асқанын айта кеткен жөн. Ал санаты – «Педагог-модератор».
Өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Гүлзира Кебісбаева аталмыш тәрбие ордасында алғашқы жұмыс күндерін 2001 жылы бастағанымен, жалпы педагогикалық жолдағы 26 жылдық еңбек өтілі бар «Педагог-зерттеуші».
Аталмыш саладағы еңбек өтілі 19 жылды құрайтын тағы бір қызметкер – Лязат Четтыкпаева. Жоғары білімді маман 2022, 2024 жылдары біліктілікті арттырудың арнайы курстарынан өте отырып, тәрбиешілік қызметті жалғастырып келеді.
Айта кетерлігі, балабақша басшысынан бастап тәрбиешілердің барлығы мектепке дейінгі тәрбие бойынша білім алған, түрлі оқу орындарында білімдерін жетілдірген, арнайы курстардан өткен, білікті мамандар.
Сонымен қатар, «Әсем» бөбекжай-бақшасында 1999 жылдан бері қызмет етіп, балабақшаның тыныс-тіршілігімен етене таныс болып келе жатқан Гүлнар Мұсаеваның жалпы білім саласындағы еңбек өтілі 34 жылды құрайды. «Әсем» бөбекжай-бақшасындағы алғашқы еңбек жолын орыс тілі маманы болып бастаған ол қазіргі уақытта әдіскерлік міндетті мінсіз атқарып келеді. Санаты – «Педагог-модератор».
Әдіскерлік қызмет те қыр-сыры мол, жауапты жұмыстардың бірі. Сол себептен болса керек, мұнда бұл қызметке екі қызметкер тағайындалған. «Әсем» балабақшасындағы алғашқы еңбек жолын 1999 жылы бастаған Талшын Байболатова алғашында ағылшын тілі пәнінен сабақ берсе, бүгінгі таңда балабақшаның дамуына әдіскерлік ісімен үлес қосуда. Педагогикалық саладағы жалпы еңбек өтілі 29 жылды құрайды.
Сонымен қатар, бұл ұжымда 13 жыл қызмет еткен Үміткүл Құдакелдиева, 12 жылдық еңбек тәжрибесі бар Ақмарал Тастандиева сынды тәрбиешілер мен өзге де жас мамандар алдыңғы буын өкілдерімен тәжірибе алмаса отырып, өздерінің қызметтік міндеттерінде зор жауапкершілікті ту етіп, еңбек жолдарын жемісті жалғап келеді.
Осындай ортадан тәлім-тәрбие алып, сайдың тасындай іріктелген мамандардың алдынан өткен балалар да осал болмауы заңдылық емес пе?! Есесіне балабақша бүлдіршіндері де шығармашылықтың биік шыңдарынан көрініп, түрлі сындарда алдыңғы қатардан табылып жүр. Оған балабақша ғимаратындағы қабырға толы грамоталар мен дипломдар айқын дәлел. Мысалы, ағымдағы жылы республикалық «Самұрық» өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен өткен «Мектебім – мейірім мекенім» атты балалар шығармашылық байқауына белсене қатысып, жеңімпаз шәкірт дайындағаны үшін «Әсем» бөбекжай-бақшасы аталмыш орталықтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, өткен жылы Ұстаздар күні мерекесіне орай, мекеме ұжымы еліміздің білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлестері мен адал еңбектері үшін Оқу ағарту министрінің Алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының сегізінші аудандық фестивалінде балабақша ұжымы үшінші дәрежелі дипломды еншіледі.
Ал, балабақша қызметкерлерінің жекелеген жетістіктері жөнінде айтар болсақ, бұл тұрғыдағы билік өкілдері тарапынан ұсынылған марапаттар да бір төбе. Бір ғана басшылық қызметті тізгіндеген меңгерушінің марапатының өзі жетіп артылады. Мысалы, балабақша басшысы Р.Сейтпенбетова 2020 жылы «Мұғалім әлемі» халықаралық білім порталы ұйымдастырған «Халық педагогикасы» атты халықаралық байқауда «Болашақ балабақшадан басталады» атты мақаласымен «Үздік мақала» номинациясын жеңіп алып, бірінші орынды иеленді. Осы жылы ел Президентінің Жолдауынан туындаған міндеттер аясында туындаған мақсаттарды іске асыруға бағытталған «Білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда жеңімпаз деп танылып, ІІ-дәрежелі дипломмен, 2021 жылы республика бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдары меңгерушілерінің арасында ұйымдастырылған «Үздік меңгеруші» онлайн олимпиадасында жақсы нәтиже көрсеткені үшін ІІІ-дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, өткен жылы республикалық білім беретін ғылыми-әдістемелік, танымдық, шығармашылық «Педагогтардың шыңдалуы» журналында өз тәжірибесімен бөлісіп, әдістемелік материал жариялағаны үшін осы журналдың бас редакторының Алғыс хатын және арнайы сертификатын еншіледі. Сондай-ақ 2024 жылы «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Сонымен қатар, балабақша қызметкерлері арасында да өз міндеттерін тиянақты атқарып, абырой биігінен көрініп жүргендер жоқ емес. Мысалы, соңғы екі жылда әдіскер Гүлнара Мұсаева «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, тәрбиеші Ақжарқын Райс жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен, балалар шығармашылық байқауына белсене қатысып, жеңімпаз шәкірт дайындағаны үшін «Самұрық» өнер-білім орталығының Құрмет грамотасымен, тәрбиеші Гүлзира Кебісбаева «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» республикалық байқауында жеңімпаз қатарынан көрініп, Халықаралық білім беруді дамыту академиясының ІІ-дәрежелі дипломымен, аудандық семинарға белсене қатысып, тәжірибесімен бөліскені үшін аудандық білім бөлімінің сертификатымен, ағымдағы жылы аудан әкімінің «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және білім беру саласындағы көп жылғы адал еңбегі мен салалық кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан зор үлесі үшін кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен, Мадина Сарыбаева балалар шығармашылық байқауына белсене қатысып, жеңімпаз шәкірт дайындағаны үшін «Самұрық» өнер-білім орталығының Құрмет грамотасымен, балабақша тәрбиеленушілерін оқыту мен тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін балабақша басшысының Мадақтама грамотасымен, балабақша психологі Клара Әуесбаева білім саласын жетілдіруге және кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін Ұстаздар күні мерекесіне орай аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бұл жалпы балабақша ұжымы қол жеткізген жетістіктердің бір бөлігі ғана. Шәкірттер мен ұстаздардың мақала желісінде жазылмаған әлі талай марапаттары бар. «Әсем» бөбекжай-бақшасының ұжымы алдағы уақытта да осы қалыптан жаңылмай, шығармашылық жолында биік шыңдарды бағындыра беретініне сенім мол.
Осы тұста өздерінен кейінгі буын өкілдеріне өнегелі бағыт нұсқап, қажетті кеңестерімен бөлісіп, жарқын сәттерге жол ашып кеткен аға буын өкілдері туралы да айта кеткенді жөн көрдік. Олардың қатарынан балабақшаның бұрынғы басшысы болған М.К.Құлжанысова, осы ортада тәрбиеші болып қызмет еткен білікті мамандар Ұ.А.Сүлейменова, М.Ж.Джаманкулова, Р.Қ.Ахтанова, Г.Ж.Құлжанысова, М.К.Кошкинбекова, Г.М.Бадаловалардың есімдерін атап айтуға болады. Сондай-ақ, осыдан бірнеше жылдар бұрын «Әсем» бөбекжай-бақшасында тәрбиешілік міндет жолында табысты еңбек етіп, қызмет сатысында жоғарылап, бүгінде басшылық тізгінін ұстап жүргендердің осы ортадан түлеп ұшқандығын мақтанышпен жеткізуге болатындай.
Аталған жетістіктер «Әсем» бөбекжай-бақшасы қызметкерлерінің өз істерінің кәсіби шеберлері екендігін айқындап тұрғандай. Өйткені, бұл ортадан тәлім-тәрбие алған шәкірттердің, білім мен тәрбиені бала бойына сіңірген ұстаздардың да алған асулары асқақ. Бұл жалпы, ауданымыз, оның ішінде жергілікті білім саласы үшін мақтан тұтарлық жайт.
Алайда, осындай ілкімді істерімен, жоғары сапалық құрамымен көптің көңілінен шығып, ата-аналардың зор алғысына бөленіп жүрген балабақша ұжымына лайықты жағдайдың жасалмағандығы қынжылтады. Нақты айтқанда, балабақшаның әлеуметтік ахуалы төмен. Біздің тілек – ұлт болашағына ұқыптылықпен қарап, өскелең ұрпақтың оң тәрбиесіне жан-тәнімен араласып, осы жолда тынымсыз тірлік кешіп жүрген ұстаздар еңбегіне және ертеңнен кешке дейін осы ортадан тәлім алып алып жүрген бүлдіршіндерге лайықты жағдай жасалса. Өйткені, екі қабатты ғимарат алыстан-ақ көзге түскенімен, кейбір тұстарындағы сылақтары сылынған сырт келбеті, ескірген қоршауы, аула ішіндегі әбден тозығы жеткен, ой-шұңқырлы асфальт, көнерген ойын алаңдары жүрегінде мейірімі бар, балаға жаны ашитын кез келген саналы азаматты селк еткізетіні анық. Ал, ғимараттың іші барынша ұстаздар қолынан шыққан көркем көрнекіліктермен көмкерілгенімен, ескірген жиһаздар секілді өзге де материалдық жабдықтарға көз салсаңыз, көңіл деген көк дөнен тағы да құлази түседі. Сондай-ақ, ауа райы қолайсыздық танытып, толассыз жаңбыр жауа қалса, ауланың іші көл-дарияға айналады. Жер тегіс болмағандықтан, сай-салаға жиналған судан айналып өтер жол тапсаңыз ғана, өте аласыз. Бұл жағдайларды күнделікті баласын балабақшаға апарып жүрген әр ата-ана жақсы біледі.
Атап айтар жайт, байқасаңыз «Әсем» бөбекжай бақшасына мүмкін орталыққа жақын орналасқандықтан шығар, аудан әкімдігіне қарасты мекемелерде қызмет ететін жерлестеріміз өз балаларын, енді бірі немерелерін жетелеп келеді. Бір қызығы, осы көріністерді көзбен көріп жүрген жергілікті билікке бір табан болса да жақын азаматтардың ешқайсысы тым болмаса балаға жанашырлық танытып, балабақшаның әлеуметтік мәселесін билік өкілдері алдында көтеріп, лайықты қолдау табуына күш салыспайды. Бұл газет қызметкері ретінде бізді ойландырғаны жасырын емес.
Көзге көрініп, шешімін табуды қажет етіп тұрған мәселелерді неге қозғамасқа? Ойды мазалаған осы сұрақпен жуырда «Әсем» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Р.Сейтпенбетоваға жолығып, бірқатар мәселелерді алға тартып, көкейдегі күпті сұрақтарға жауап алуға тырыстық. Мақсат – балабақшаның материалдық ахуалының артуына септігіміз тисе деген ниет.
Әңгімені әріден бастаған балабақша басшысы көптеген маңызды мәселелерді жіпке тізгендей баяндап берді. Айтуынша, балабақша ғимаратының соғылғанына шамамен 50 жылдан астам уақыт өткен. Даму тарихы тереңде жатқан бұл балабақша алғашында зағип жандардың балаларына арналып ашылған. Кейін тоқырау жылдарында өңірдегі бірқатар балабақшалар өз жұмысын тоқтатқан кезде жалғыз осы балабақша тыныс-тіршілігін үзбей, халыққа қызмет көрсетуді жалғастыра береді. Дегенмен, бір өкініштісі қаншама жыл жергілікті халықпен біте қайнасып, ұзақ жылдар бойы аудан халқына қызмет көрсетіп келе жатса да, бұл нысан жарты ғасыр ішінде жарытымды жөндеу көрмеген. Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін екі жыл бойы жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындалғанымен, қолдау таппаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғимараттың шатыры ауыстырылып, сырты әктелгеннен басқа айтарлықтай оңды іс жүзеге асырыла қоймапты. Бүгінгі таңда балабақша маңайының ой-шұңқыры ата-аналарды да алаңдатуда.
Балабақша ғимаратының өзі ыңғайластырылған ғимарат болғандықтан, барлық қажеттілік орынсыз орналасқан көрінеді. Мысалы, кәріз суы жиналатын 4-5 шұңқыр ауланың әр жерінде орналасқан. Ал, ондағы суды сорғы арқылы алып кететін арнайы көлік бүкіл ауланы айналатын болғандықтан, ол асфальттың бүлінуіне әкеледі. Осылайша, аула ішіндегі асфальт төсемнің кедір-бұдыр болуына зілдей көлік те өз әсерін тигізуде. Қазіргі уақытта кәріз жүйесінің суын бір орынға жинақтайтындай құрылыс жұмыстарын жүргізу қомақты қаражатты қажет етеді. Сондай-ақ, жыл сайын сырланса да, жаңарғаны көрінбейтін күйге түскен яғни, әбден тозығы жеткен терезелерді ауыстыруға да бірнеше рет ЖСҚ жасалған екен. Қолдау таппаған соң оны да тоқтатуға тура келіпті.
Бөбекжай-бақшасының дамуына қатысты барлық мәселе айналып келгенде қаражатқа тірелуде. Оның үстіне бұрынғыдай тиісті орынға басшылық атынан сұраныс хат жазып, қажетті соманы ала алмайды. Өйткені, қазір балабақшаға бөлінетін қаражат жан басына есептеледі. Ол қызметкерлердің жалақысы, жарна, салық пен күнделікті қажеттіліктен артылмайды. Сол себептен, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары мәселесі соңғы орынға шегерілуде.
Балабақша басшысы мемлекеттік сатып алу ережесіне өзгеріс енгізу қажет деп санайды. Өйткені, олар балабақшаға бір нәрсе қажет болса, мемлекеттік сатып алумен порталға шығады. Оны ережеге сәйкес мерзімде белгілі бір сомада жеке кәсіпкерлік иесі ұтып алады. Ол кәсіпкер Қазақстанның кез келген аймағынан болуы мүмкін. Ұтып алған кәсіпкерлік иесі қандай да бір затты тиісті мекенжайға жөнелтеді. Ал, оның сапасына келгенде түрлі келеңсіз жағдайлар туындап жатады. Әсіресе, мұздатқыш, тоңазытқыш сынды дүниелерді порталмен сатып алуда қиындық көп көрінеді. Өйткені, жедел жеткізілмейді, сатып алу ережесінің тәртібіне сай бірнеше уақытқа созылады. Ал, сақтау көтермейтін тағамдар сол мерзімге шыдамайтыны айдан анық. мемлекеттік сатып алу мәселесінің кемшін тұсы – осы.
Балабақшаның мұңы мұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта ғимараттың бір бөлігі көмірмен, екінші бөлігі электр қуаты арқылы жылытылады. Оған қоса жылыту пештері ғимараттың ішінде орналасқан. Бұл балалар үшін қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Осыдан бірнеше жыл бұрын балабақша басшысы биліктегі жауапты тұлғалар алдында ауланың шетінде, балабақша ғимаратынан алшақ орналасқан отын сақтайтын орынға аздаған қаражат бөліп, нысанды ретке келтіріп, пеш қоятын орын жасап, балабақшаны көгілдір отынға қосу жөніндегі ұсынысын айтқан. Өйткені, газ құбыры көшеден өтіп тұр. Екі жыл бұрын қазандық ғимараты бойынша да құжаттар дайындалған. Алайда, облыс орталығынан келген өкілдер тексере келе, балабақша ғимаратынан бөлек тұрған қосымша ғимараттың талапқа сай еместігін алға тартады. Өкінішке орай, бұл мәселе де қолдау таппайды.
Балабақша басшысы ата-аналар тарапынан төленетін төлемақыны да жіктеп, жіліктеп, қалай, қайда жұмсалатындығын айтып берді. Ол әр баланың күнделікті тамағына бағытталады. Бір қарағанда, осыншама баладан жиналған қаражат айтарлықтай көп болып көрінгенімен, есептеп келгенде бір айдағы әр баланың күнделікті тамағына жарытымсыз сомадан айналады. Сол себептен, қазіргі уақытта ең қарапайым ас мәзірі қолданылуда. Өйткені, қазіргі нарық бағасымен есептегенде ең қарапайым ас мәзірінің өзі бала басына шаққанда 10-12 мың теңге аралығын құрайтын көрінеді. Ал, базардағы азық-түлік бағасына бақылау назардан тыс қалуда. Осыған орай, ата-аналардың да төлемақыны уақытылы төлеп отыруы маңызды болып отыр.
– Уақыт ағымында біртіндеп жаңарып жатырмыз. Мүлдем еш нәрсе жаңартпадым деп айта алмаймын. Тоңазытқыш, мұздатқыш, кір жуғыш машина, кілемдер сатып алынып, балабақшаға кіре берістегі бұрынғы ағаш есіктер ауыстырылды. 140 баланың төсек-жабдығы толықтай жаңартылып, жылы көрпе, сүлгі секілді қажеттіліктер алынды. Шама жеткенше аса қажетті мәселелердің шешімін табуға біртіндеп қол жеткізіп келеміз. Ал, шама жетпейтіндер бірі-бірінің үстіне қатталуда.
Жалпы, бұл ғимаратқа күрделі жөндеу ауадай қажет. Соның ішінде, ғимаратты көгілдір отынға қосу, көнерген кәріз жүйесін орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу, балабақша ауласын балаларға ыңғайлы етіп тегістеу кезек күттірмейтін мәселелер қатарында.
Қазір жыл аяғы жақындап қалғандықтан, қаражаттың қалай жұмсаларын бағамдап отырмыз. Егер де қандай да қаржы артылып жатса, балабақшаға ең қажетті затты алу жоспарда бар.
Өз сөзіңізде балабақшаның сапалық құрамын жоғары бағалап жатырсыз. Дегенмен, мен тіптен мақтана алмаймын. Өзім басқарып, күнделікті көз көріп жүргендіктен, арасында кемшілік кезігіп тұратыны жасырын емес. Бірақ, орын алған кемшілікті дер кезінде түзеуге тырысамыз,-деген балабақша басшысы алдағы уақытта да өз міндеттерін барынша тиянақты орындауға күш сала беретіндігін жеткізді.
Жоғарыда айтылған балабақшаның тыныс-тіршілігіне қатысты барлық өзекті мәселелерді жиып-теріп, аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Дүрмановқа жолықтық. Аудандық білім бөлімінің басшылық қызметіне тағайындалғанына енді ғана бір жыл толған Тұрар Мұханбетханұлы жыл ішінде аудандағы білім мен тәрбие ошақтарының тыныс-тіршілігімен танысқандығын, білім саласындағы көптеген нысандарға қатысты проблемалардың барын жасырмады.
-Ағымдағы жылдың басында балабақшалардың әлеуметтік ахуалы бойынша мониторинг жасалды. Ауданда 23 мемлекеттік балабақша болса, соның ішінде барлық талаптарға сай келетіні жалғыз «Айналайын» балабақшасы болып отыр. Мұнан кейін «Астана» балабақшасы алдыңғы қатарда. Қалған балабақшалардың басым бөлігінде шешімін табуды қажет ететін сан түрлі мәселе бар. Соның бірі «Әсем» бөбекжай-бақшасы. Мұндағы ең қауіпті мәселе – жылыту пештерінің ғимарат ішінде орналасуы, екіншіден ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселелерден хабардармын. Алдағы жылға аудандағы 4-5 балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындау үшін өтініш беріп отырмыз. Оның ішінде «Әсем» бөбекжай-бақшасы да бар. Алайда, ол зерделеуден өтіп, нақты қаражат бөлініп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, аталған балабақшаның кезегі жеткенше 2027 жылдың еншісіне енеміз.
Шын мәнінде, ел үкіметінің 2026 жылға дейін білім мен тәрбие ошақтарына қатысты мәселені бір жақты шешу жөніндегі тапсырмасы бар. Яғни, жаңа нысан салу немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Біз осыған біртіндеп келеміз деген ойдамын.
Көптеген мемлекеттік балабақша меңгерушілерінің бас ауруына айналған мәселе – жан басына шағатын қаражат мәселесі. Жан басына есептеліп берілетін қаражатқа қомақты жұмыстар атқару мүмкін емес. Әр мекеменің өз ішіндегі мәселені бөлінген қаражатты үнемдеуі есебінен шешу қажеттігі жөніндегі талап та бар. Зерделей келе, қандай да бір мекемеден үнемдегеннің өзінде алты айда 400-500 мыңнан артық ақша артылмайтынын байқадық. Бұл мекемеішілік қажеттіліктен әрі аспайтыны белгілі. Ал, мемлекет қаржысы есебінен бөлек қаражат қарастыруға заң аясында рұқсат жоқ. Бұл да білім мен тәрбие мекемелеріндегі қолбайлау. Сол себептен, кейбір аса қажет мәселелер бойынша батыл қадам жасап, қажетті қаражатқа қол жеткізу жолында жұмыс жасау да маңызды.
Тағы бір айта кететін жайт, жобалық-сметалық құжат дайындаған кезде оны мемлекеттік құзырлы мекемелермен келісіп жасаған айтарлықтай тиімді,-дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Дүрманов.
Қалай десек те, еліміздің ертеңі саналатын бүлдіршіндердің бүгіні баршамызды алаңдатуы тиіс. Ел болашағының жарқын болуы үшін өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие қажет. Ол үшін жан-жақты қамтылған лайықты жағдай жасау маңызды. Өңірдегі жан басына есептелетін қаражатпен күнелтіп отырған өзге де мектепке дейінгі мекемелердің қазіргі ахуалы осыны ұқтырады. Бұл мәселеге жергілікті билік өкілдері де қолдау көрсетіп, мәселе оң шешімін табады деген сенімдеміз.
Динара
Батырхаирова.