Ұшқырлық ұстаздарға жарасады
Тағылымды тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ата-бабаларымыз ықылым заманнан-ақ “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген нақылды насихат еткен. Осы бір сөздің салмағы бүгінгі күні де бір мысқалға кемімей, керісінше артуда.
Аузын айға білеген алпауыт елдер жаһандық бәсекелестік жолына түсіп, білім мен ғылымға айрықша көңіл бөліп жатқанда дамудың даңғыл жолына түскен біздің жас мемлекетіміз де қарап қалмасы анық. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Содан болар, қазақстандық білім саласында оң өзгерістер орын алып, жаңашылдыққа бет түзеудеміз..
Ұстаздар қауымының алдына мемлекетіміз жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшінің сүбелі тұсынан орын алып, жол бастауға қабілетті, әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндетін қойып отыр. Білім беру мазмұнының жаңару жағдайында мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру арқылы жоғарғы сапа мен бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізе отырып, кәсіби дамуын қамтамасыз ету мәселелері біліктілік арттыру саласындағы басым бағытқа айналған.
Осыған байланысты, Жамбыл облысының 85 жылдығына және Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің Шу аудандық комитетінің ұйымдастыруымен «IQ-PEDAGOG» атты танымдық, интеллектуалдық-зияткерлік ойыны өтті.
Оған Шу ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беру ұйымдарынан 13 команда қатысып, өздерінің тапқырлығын, шапшаңдығын, ұйымшылдығын көрсетті. Әр команданың құрамында 5 педагог, яғни 1 директор, 4 педагог (29 жасқа дейінгі) болды.
Жүгі ауыр мұғалімдік қызметке енді ғана кірісіп, Абай айтқандай ақырын жүріп анық басуға бет алған жас мамандардың зердесін көтеруге сеп болған игі шарада Шу ауданының білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина сөз алып, лебіздерін білдірді.
Тартысты өткен 4 кезеңдік ойында әдебиет, тарих, салт-дәстүр, әлемдік заманауи техникалық бағыттағы сұрақтар қойылды. Сондай-ақ негізгі басымдық логикалық сұрақтарға берілді.
Тартысты ойын нәтижесінде ІІІ орын Е.Бекмұханов мектеп гимназиясының “Өнер” командасына, ал ІІ орын М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің “Алау” командасына бұйырды. Сондай-ақ, жүлделі І орын М.Мәметова атындағы орта мектебінің “Қыран” командасы еншіледі.
Жеңімпаз командаларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Айғаным Асқарбек.