Ақпараттық портал

КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР ҚАРАЛДЫ

Апта соңында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен аппараттық кеңес өткен болатын. Аталған кеңесте күн тәртібіне енгізілген төрт мәселе қаралды.
Ең алдымен халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылуы және көрсеткіштерді арттыру бойынша Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жайдар Әйтішев пен қалалық емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гаухар Инкарбекова баяндама жасады.
Жайдар Әскербекұлының айтуынша, “Халықты тіркеу регистрі” бойынша 55895 азамат тіркелген. Жыл басында мәртебесі сақтандырылмағандар саны 12713 болса, өткен айдың соңындағы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 263 адамға азайған.
Сол секілді Шу қаласында 40420 тұрғын тіркелген. Оның 80,4 пайызы немесе 32533 азаматы сақтандырылған. Осы деректерді мәлімдеген Гаухар Меркібекқызы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Одан кейін халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева өз есебін ұсынды.
Бөлім басшысы ұсынған ақпарға сәйкес жергілікті атқарушы органның шешімімен 754 адамға материалдық көмек көрсету жоспарланып, 118 млн теңге қаржыны игеру көзделген. Қазіргі таңда 822 адамға көмек көрсетіліп, 103,7 млн теңге жұмсалып отыр. Аталған көмек 14 санат бойынша қарастырылған.
Есептен соң іле-шала Шу ауданы бойынша Мансаптық орталық директорының орынбасары Ақжол Құрманғазыұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданымызда 47 758 адам экономикалық белсенді. Жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды яғни 1756 адамды құрайды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша мінбеге Жаңа жол ауылдық округінің әкімі Дархан Әліпбаев шығып, өз аумағында атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын жеткізді.
Округ әкімінің баяндамасынан кейін аталмыш округте жүргізілген инспекторлық зерделеудің нәтижелері кеңес талқысына түсті. Оны аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Әли Мұхамеджан таныстырып өтті.
Мәлім болған мәселелер мәресінде аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы кеңесті қорытындылап, тиісті тұлғаларға ұсыныстар мен тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ кеңесте көтерілген түйткілдер жедел түрде шешілу қажеттігі аталып өтті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.