Ақпараттық портал

Натрий цианидін өндіру ісі қолға алынбақ

Кейінгі жылдары ауданымыз аграрлы аймақтан өндірісті өңірге айналып бара жатқаны жасырын емес. Бұлай деуімізге ауданда ашылып жатқан іргелі өндіріс ошақтары сеп болып отыр. Өткен ғасырда шаруасы шалқыған диқандар мен малшы қауымының жеткен жетістіктері әлі күнге дейін көптің есінде екені де рас. Алайда, заман ағымына қарай технологияның да қарыштап дамып кеткенін аңғаруға болады. Тиісінше, осындай озық технологиялар арқылы бұған дейін қолжетімсіз болып келген жерасты байлығын игерудің де тың тәсілдері пайда бола бастады. Қазіргі таңда дәл осындай ірі кәсіпорындарды ашуға ниетті инвесторлардың ауданымызға жиі келетінін де айта кеткен жөн.
Әсіресе, «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағына қызығушылық танытатын ірі серіктестіктердің қатары қалың. Өйткені, «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағының Шу өңірінде орналасуының өзі алдын ала ойластырылып, жан-жақты зерттелген мәселе. 505 гектар аумақты алып жатқан экономикалық аймақ «Тараз-Шу» бағытындағы темір жол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне шығатын «Меркі-Бурылбайтал» автодаңғылынан 5,8 шақырым ғана жерде орналасқан. Сондай-ақ тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан да кәсіпкерлер үшін ауданымыздың әлеуеті үлкен болып отыр. Осыны ескерген «Altynalmas Reagents» ЖШС арнайы экономикалық аймаққа тіркеліп, өз кәсібін ашуға ниет білдіруде.
Осыған байланысты, серіктестік өкілдері аудан әкімі Бақытжан Жәнібековпен кездесіп, кәсіпорынның алдағы жоспары мен өзге де мәселелер бойынша пікір алмасты. Басқосу барысында серіктестіктің бас директоры Уалихан Атагелдиев алтын өндірісіне айрықша қажет бағалы металды басқа қоспалардан ажырату үшін қолданылатын натрий цианидін өндіруге ниетті екендерін жеткізді. Жалпы, алтын өндіру өнеркәсібі, сондай-ақ басқа да біршама өндірісте пайдаланылатын, импорттық тауар саналатын химия өнеркәсібі туралы сөз қозғалғанда ең алдымен Талас ауданындағы «Talas Invest Company» кәсіпорнының ойға оралатын рас. Оның жылдың қуаты 15000 тонна болса, «Altynalmas Reagents» ЖШС жылына 25000 тонна натрий цианидін өңдеуді көздеп отыр. Дайын өнімге қол жеткізу үшін шикізат ретінде аммиак, каустикалық сода және табиғи газ қолданылмақ. Сонымен бірге, дайын өнімді көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттеріне экспорттау жоспарланған.
Жалпы жобалық құны 45 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорынның құрылысы келесі жылдың басында басталады деп жоспарлануда. Сәтін салып, құрылысы қолға алынса, 2026 жылы өндіріс ошағының механикалық бөлігі толық аяқталмақ. Дәл осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындар әлемнің 6 мемлекетінде ғана бар екенін айта кету керек. Кездесу барысында серіктестік өкілдері аудан басшысына жұмыстың негізгі бөлігіне қолбайлау болып отырған мәселелерді жеткізіп, жан-жақты талқылады. Бұдан бөлек, серіктестіктің жергілікті тұрғындар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі туралы да сөз болып, екі тарап та өз ойларын ортаға салды. Өз кезегінде серіктестік өкілдері аудан тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетуге мүдделі екендерін жеткізді. Бұл ретте аудан әкімі Б.Оразалыұлы да кәсіпорынның жұмысын жандандыруға мейлінше қолдау білдіретінін, түйткілді мәселелерді оңды шешуге атсалысатынын айтты.
Сонымен қатар, зауыттың құрылысы басталғанда 300 адам жұмыспен қамтылса, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастағанда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сайып келгенде бұл да аудан тұрғындары үшін негізгі жұмыс көзіне айналатын кәсіпорын болмақ. Заманауи технологияларды іс жүзінде қолданысқа енгізуді көздеп отырған кәсіпорын ауданымыздың индустриалды аймаққа айналуына тың серпін береді деген сенімдеміз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.