Ақпараттық портал

“ОЙЛА IQ”: жастар алаңы

Халықтың біртуар даңқты перзенті Бауыржан Момышұлы ұрымтал сәттің өзінде ұтымды шешім қабылдап, қарулас жолдастарын жаудың ортасынан аман шығарғаны әмбеге аян. Бұл орайда біз білектің күшімен қатар ойдың да жүйрік болуы маңызды екенін аңғарамыз. Оны батыр атамыз “Ақыл да ойланғанды ұнатады. Ойланып-толғанған адамға ғана ақыл дұрыс жол көрсетеді” деп топшылаған болатын.
Кейінгі жылдары ауданымызда интелектуалды-танымдық сайыстар жиі ұйымдастырылып жатқанын байқаймыз. Бұл сайысты өңір өміріне енгізген ауданымыздың белсенді жастарының еңбегін де атап өтуіміз қажет. Оның үстіне ой додасына қатысушылардың да жаңа іс-шараға бой үйрете бастағаны айқын сезіледі.
Еліміз жуырда ғана Республика күнін абыроймен атап өтті. Бас мереке қарсаңында Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне бағынысты “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі “ОйлаIQ” атты танымдық-зияткерлік сайыс өткізді.
Барлығы бес айналымнан тұратын доданы осы орталықтың маманы Жалғас Қиябай тізгіндеп, бақ сынауға келген 7 командаға әр кезеңнің тапсырмаларын таныстырып отырды. Ниет білдіргендер арасында “Оқушылар сарайы”, “Сөз-Найза”, “Ақпарат айдыны”, “Шу ауданы әкімі аппараты”, “Шу қалалық әкімінің аппараты”, “Мәдениет жастары” және ақ халатты абзал жандардан құралған “ЦРБ” командалары бар.
Кіл жүйрікте кім жүйрікті анықтаған аламанда Шу қаласы әкімінің аппараты жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар аудандық орталық аурухана қызметкерлері күміс, ақпараттық медиа орталық мамандары қола жүлдені еншіледі. Аталған командалар қараша айына жоспарланған финалдық кезеңге жолдама алды.
Үздік үштік география, дүниежүзі тарихы, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы және логикалық сұрақтар бойынша жоғары ұпай жинап, өзгелерден дараланды.
-Бүгінгі шара санамызды сергітіп, білім алуға талпындырды. Әрі түрлі салада тер төгіп жүрген жастармен танысуға мүмкіндік сыйлады. Мұндай жарыстың бізге берері мол. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, осындай нұсқадағы іс-шараларды жиірек өткізсе деген тілек білдіремін,-дейді жарысқа қатысушы Мұрат Асқарұлы.
Сайыс соңында орталық директорының орынбасары Нұрзат Қилыбай жеңімпаздарды марапаттап, ақтық кезеңнің жолдамасын өз иелеріне табыстады.
Фариза Әубәкір, журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.