Ақпараттық портал

Өнерде өрісі кең тұлғамен кездесу

Туған өлке, тұғырлы ел түлеткен азаматтарымен мақтанатыны хақ. «Табалдырықтан асқан тау жоқ» деп текке айтылмаған. Сол сияқты туған жерден биік тұғыр да болмайтыны бәрімізге ақиқат. Әр тарапқа жіберген перзенттерін болсын, өзінің іргесінде өрістеген азаматтарын болсын өскен өңір өзекке теппей, қашанда бауырына басуға әзір тұрады. Ал абыройы асып-тасып, үлкен беделге ие болса, даңқын одан әрі асыруға барын салатын туған жері өз топырағынан шыққан айтулы азаматтарына тұлға атағын телиді. Онда да ұшқан ұяға туын тіккен азаматтарға арнайды. Сондай жандардың бірі- республикаға белгілі суретші, мүсінші һәм карикатурашы Қали Қораласбаев екендігі белгілі.
“Жаныңда жүр жақсы адам” демекші, атағы алыс-жақын елдерге жетіп тұрса да ат төбеліндей ғана ауылының мәдениетінің дамуына үлесін қосып жүрген Қали Қораласбаевтың өнері таңдай қақтырмай қоймайды. “Мал жұтайды, өнер жұтамайды” деп дана Абай айтпақшы, қолынан шыққан туындылары ғасыр асатындай шедевр екендігін жалпақ жұрт тегіс мойындайды деп сенеміз.
Бойына икемділікті Алла бермесе кез келген жан бір сызықты да сызып қатырмас. Ал, өнер өлкесінде өзіндік сүрлеуі бар Қали ағамыздың сызған әр дүниесі тарихта қаларлықтай жауһарлар. Өнерін өз бойына ғана жиып қоймай, өзгеге үйрете білетін суретші, мүсінші Қали Қораласбаев шәкірт тәрбиелеуде де биік шыңға шыға білген дарын иесі. Шәкірттерінің алды Нұржан Сауытбеков Суретшілер одағының мүшесі, Тұңғыш Президент қоры сыйлығының иегері. “Ат тұяғын тай басар” демекші, бұл күндері де жүйріктен жүйрігі озып, талай байқауларда топ жарып жүрген шәкірттері бір төбе. Ұстаздан шәкірті озып жатса, міне абыройдың биігі. Таудай таланты бар текті азаматты өскелең ұрпаққа үлгі ету ісін жолға қойсақ өнердің өрісі кеңейе түспек.
Осыған байланысты, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысының 85 жылдығына орай және 25 қазан-Республика күні қарсаңында республикаға белгілі суретші, мүсінші, карикатурашы Қали Қораласбаевпен кездесу өтті.
Тағылымы мол кездесу барысында оқушылар көкейлерінде жүрген сауалдарға тұшымды, мәнді жауаптар алып, шабыттанып отырды. Атақты суретші Әбілхан Қастеевтің «Мен сурет салуды ақынның өлеңінен, ортекенің мүйізінен үйрендім» деген сөзі бар. Кездесудің қонағы Қали Қораласбаев та өзінің әрбір туындысын туған жеріне арнағандығын, ондағы әр кейіпкердің өзінің төңірегінде жүрген жандар екенін айтып, оқушыларды ойға батырды. Әр оқушы сұрағын қоя бергенде-ақ, Қали Ерғазыұлы “тамаша сұрақ” деп жеткіншектерді жігерлендіріп отырды.
Сондай-ақ, дарын иесі балаларға шеберлігін көрсетіп, бір ғана сызықпен керемет туынды салып, оны оқушыға сыйға тартты. Өнер иесінің талантына тәнті болған оқушылардың сұрақтары таусылмады. Кездесу соңы концерттік бағдарламаға ұласып, оқушылар республикаға белгілі азаматпен естелікке суретке түсіп, тарқасты.
Айғаным
Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.