Ақпараттық портал

Жаңа филиал жаңа бағытта қызмет ұсынады

Осыдан екі жыл бұрын
Шу қаласында жергілікті кәсіпкер Жанар Иманалинованың басшылығындағы «AMAKids» оқыту орталығы ашылғаны баршаға мәлім. Көп ұзамай Төле би ауылынан аталмыш орталықтың алғашқы филиалы қызметін жолға қойған болатын.
Ал, өткен аптада тағы да Төле би ауылының орталық аумағынан салынған су жаңа ғимаратта «AMAKids» оқыту орталығының үшінші филиалының есігі
айқара ашылды.

Алғашында өз кәсібін «Айналайын» балалар дәмханасынан бастаған жергілікті кәсіпкердің кәсіпкерлік бағыты уақыт ағымында басқа арнаға түсіп, бүгінгі таңда тағы да тың мақсаттармен толықты.
Жаңа филиалдың ашылуына осы орталықтың білім алушылары, олардың ата-аналары, орталық қызметкерлері мен өзге де қонақтар қатысты. «AMAKids» оқыту орталығының үшінші филиалы үш бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтар болсақ, балалар мен жасөспірімдер және әйелдерге арналған би студиясы, кешкі сағат 21:00-ге дейін жұмыс жасайтын кафетерий және туризм саласы.
Би үйірмесінде балалар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп, екі ауысымда би үйренетін болады. Сонымен қатар, бұл үйірмеде ересек азаматшаларға арналған фитнес би бағыты да жұмыс жасайды. Кешкі сағат 21:00-ге дейін жұмыс жасайтын кафетерий кофе мен түрлі тәттілерден дәм татып, бос уақытта демалуға негізделген. Ал, «Travorium» саяхатшылар клубы жекелеген азаматтардың және кез келген адамның отбасымен бірге шет елдерде тиімді бағада саяхат жасауына ұйытқы болмақ.
Салтанатты шарада алғаш болып сөз алған Жанар Иманалинова жиылған қауымға жаңа филиалдың қызмет бағыттарын түсіндіріп, оның ішінде жергілікті жұртшылық өкілдері үшін жаңашылдық болып отырған «Travorium» саяхатшылар клубының негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Ол сөзінде осы уақытқа дейін көп жағдайда шет мемлекеттерде тек қалталы азаматтардың қыдырып, демалып жүретіндігін назарға салып, енді «Travorium» саяхатшылар клубы арқылы кез келген қарапайым отбасы мүшелерінің де өзге елдерді аралап, тарихымен танысып, керемет демалыс өткізуге болатындығын жеткізді. Ал, 350 доллар теңгемен есептегенде 168 мың теңге төлеп, компанияға тіркелген азаматтарға компанияға тіркелгені үшін 4 адамға арналған бір реттік саяхатқа жеңілдік бар. Яғни, оған екі ересек адам, екі бала жатады. Сондай-ақ, Ж.Иманалинова осы бағытта бірлескен жұмысты жүзеге асырып жүрген өзінің әріптестері «Travorium» компаниясының Шу қаласындағы директоры Асемай Лаппаева мен екінші деңгейлі директор Гүлжан Сабиеваға сөз берді.
-Жаңа филиалдың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Бұл ортаның қызметі арқылы көптеген игі істерді үйреніп, жаңашылдықтарды көруге болады. Біздің мақсат – өз жерлестеріміздің қолжетімді бағада әлемді аралауына мүмкіндік жасау. Бұл көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға, жастарға қажет дүние. Клубқа 350 доллар төлеп тіркеліп, әлем елдеріне саяхат жасауға 70 пайызға дейін жеңілдік алып немесе түрлі тәсілдер арқылы табыс табуға да болады. Отбасылық саяхат үшін өте тиімді. Қазақтың балалары білімге құштар, кез келген жаңашылдыққа қабілетті, орыс, ағылшын, түрік секілді шетел тілдерін оңай меңгеріп, еркін сөйлей алады. Біз жиі ұшамыз, алайда ол ата-аналарға оңайға түсе бермейді. Біз соның оңтайлы жолдарын қарастырып, “Travorium” арқылы олимпиадалар өткізіп, сол арқылы бір бала ғана емес бүкіл отбасының да саяхатқа шығуына жағдай жасағалы отырмыз. Сондықтан, сіздердің де осы мүмкіндікті пайдаланып, өзге елдерді аралап, ел мен жер көрулеріңізге шын жүректен тілектеспін. Жаңа филиалдың қызметіне сәттілік тілеймін,-деді Асемай Лаппаева.
Келесі кезекте Жанар Иманалинованың кәсіпкерлік ісіне әрдайым қолдау көрсетіп, қолдан келген көмегін аямай, әр бастамасына сәттілік тілеп жүретін әкесі, Құрметті теміржолшы Оралхан Иманалинов сөз алды. Ол өз сөзінде қызының тың бастамасына серіктес болып, қолдау көрсетіп жатқан барша ізгі ниетті жандарға алғысын жеткізіп, қызмет аясы кеңейе беруін тіледі. Сондай-ақ өзінің ақ батасымен жаңа ғимараттың лентасын қиды.
Мұнан кейін жиылған көпшілік нысан ішіне бет алып, ішкі бөліктерімен танысты. Ал, кәсіп иесі әр бөліктің қызметіне жекелей тоқталып, қызмет алудың ережелерін кеңірек түсіндіріп өтті. Бұл күні жаңа нысанның ашылу салтанатына келген қонақтар тегін түрде түрлі тәттілерден ауыз тиіп, тіл үйірер кофеден дәм татты. Айта кетерлігі, би үйірмесіне алғаш болып жазылғандар үшін үйірмеге бір апта тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Мұнда, ұлттық би, лезгинка, балалар гимнастикасы, тағы басқа би түрлері бар.
Шара барысында оған қатысушы ата-аналар да ізгі тілектерін жеткізіп жатты. Солардың бірі – Төле би ауылының тұрғыны Мулкия есімді азаматша кәсіп иесінің еңбекқорлығын, мақсатқа ұмтылғыштығын тілге тиек етіп, жергілікті халыққа мол мүмкіндік сыйлағаны үшін разылығын жасырмады.
Жалпы, жаңа нысанның ашылуына жиылған жұртшылық өкілдері бұл ортадан жаңа жігер мен ұмтылысқа толы сезімге бөленіп, ризашылықпен тарқасты.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.