Жастар жеңіспен оралды
Бокс – әлем жұртшылығының назарындағы спорт. Жаһанды былай қойғанда елімізде бұл өнердің іргетасы берік қаланғаны белгілі. Ал аты аңызға айналған спорт саңлақтарын санамалаудың өзі артық.
Биылғы өткен Париж олимпиадасында Қазақстан боксының бір қайнауы кем болып көрінді. Оған қоса, біраз боксшылар «Батыраштардың» балтасына да ілінді. Мұнан кейін федерация жаттықтырушылар штабына өзгеріс жасап, реформа қабылдады.
Қазан айының 22-і мен қараша айының 3-і аралығында Черногорияның Будва қаласында жастар арасындағы әлем чемпионаты атамекеніміз үшін табысты тәмамдалды. Олай дейтініміз, 25 боксшы сынға түскен былғары қолғап шеберлері бәсекесінде Қазақстан жалпы есепте 6 алтын, 1 күміс, 10 қола жүлде алып, бірінші орынды иемденген. Екінші орынды Өзбекстан еншілесе, үштікті Ресей түйіндеп отыр.
Атап айтқанда, ерлер арасында жуалылық жас тарлан Бексұлтан Боранбек, команда капитаны Төрехан Сабырхан, Өнер Сейілхан, Санжар-Али Бегалиев алтыннан алқа тақса, бұрымды боксшылардан Елянұр Тұрғанова мен Аружан Зейноллаеваның мерейлері үстем болды.
Құрама қатарында 80 келідегі салмақта Мадияр Бексұлтанов та аталған чемпионатқа барған болатын. Ол өзбекстандық Жавохир Мехриддиновпен қолғап түйістірді. Бірінші раундты 5:0 есебімен бастаған жерлесіміз, екінші раундта да белсенділігінен танбаған. Одан кейін ұпайын алып тастап, кейін нокдаун деп есеп ашылды. Осылайша Мадияр қиянатқа ұшырап, жеңісі ұрланды. Тіпті, жеңімпаздың аты аталмай тұрып, өзбек боксшының қолы көтерілгені сорақылық.
Бір бас жоғары өнер көрсеткен біздің чемпион бұл “жеңілістен” сағы сынбайтынына кәміл сенеміз. Әрі алдағы додаларда атой салатынына шүбә жоқ.
Чемпиондар елге оралып, батыр ұл-қыздарды Қазақстан бокс федерациясының басшылығы, олардың туысқандары мен жанкүйерлері Алматы әуежайынан зор қошеметпен қарсы алды.
Байжан Емберді.