Ақпараттық портал

Тұрғын үй саласында түйткіл көп

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдардың басшыларына жүктелетіні мәлім. Ал жұмыстың жүйелі болуы үшін атқарылған жұмыстарды саралап, түйткілдерді талқылап алудың маңызы зор.
Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен өткен жиында күн тәртібіне маңызды мәселелер қойылып, шешілу жолдары қарастырылған болатын.
Аппараттық кеңесте алғашқы болып аудан әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арыстан Мәделі баяндама жасады.

Оның айтуынша, Шу қаласында 133 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда 118 көпқабатты тұрғын үй толығымен кондоминиум объектісіне кіріп, Әділет басқармасына тіркеліп, 88.7 пайыздық көрсеткішті құраған. Сонымен қатар Төле би ауылында 23 көппәтерлі тұрғын үй толығымен кондоминиум объектісіне кіріп, Әділет басқармасына тіркелу көрсеткіші 100 пайызды құрады.
Одан бөлек, бөлім басшысы Шу қаласында көппәтерлі 34 тұрғын үй жөндеуден өтіп, жалпы сметалық құны 247,3 млн. теңгені құрағанын мәлім етті.
-Бүгінгі уақытта өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес 2012 жылғы 8 КПТҮ-дің және 2014 жылғы 5 КПТҮ-дің республикалық бюджеттен бөлінген қайтарым қаражаттары туралы тұрғын үйлердің пәтерлерін аралап, толық анықтама жұмыстары жүргізілді. 2012 жылы жөнделген 8 КПТҮ-ге барлығы 50,0 млн.теңге қаражат жұмсалып, 33,9 млн.теңгесі қайтарылған. Ал, 12,3 млн. теңге қаражат төленбеген,-деді А.Мәделі.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасы бойынша, «Мүлік иелері бірлестігі» немесе «Жай серіктестік» құру қажет болатын.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, Шу қаласындағы және аудан орталығындағы КПТҮ-ң тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алайда, қала бойынша 2 МИБ-і (мүлік иесінің бірлестігі) және 6 ЖС (жай серіктестік) құруға тұрғындары келісімдерін берген.
Арыстан Байжұманұлының баяндамасына құлақ түрген аудан басшысы өзінің бірқатар сын-ескертпелерін жеткізді. Атап айтқанда, әлеуметтік желімен жұмыс, тұрғындарды ақпаратпен құлақтандыру, қайта жаңғырту жобасын насихаттау және «Самал» мөлтек ауданындағы кейбір иесі бар бірақ бос үйлерді сатып алу мәселесімен шұғылдану қажеттігі айтылды. Себебі бұл бағыттағы жұмыстар өте сылбыр, халықты ақпараттандыру амалы баяу жүруде. Сондықтан тиісті бөлім мен мекеме басшыларына кабинеттен шығып, тұрғындармен жиі тілдесу керектігі ескертілді.
Одан бөлек, Бақытжан Оразалыұлы кеңеске қатысушыларға бірқатар тапсырмаларды жүктеп, олардың тиянақты орындалуын міндеттеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.