Ақпараттық портал

Асыл тұқымды малдың өрісін кеңейтуде

Қай өңірде болмасын жергілікті тұрғындардың әлеуметтік ахуалының артуында маңызды рөлге ие салалардың бірі – ауылшаруашылығы саласы екені анық. Бұл салаға асыраушы сала деген балама атаудың берілуі де тегін емес. Өйткені, мал мен егін шаруашылығы жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қайнар көзі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына қарағанда бүгінгі таңда мал мен егін шаруашылығының аясы айтарлықтай кеңейгенін байқауға болады. Оған түрлі мемлекеттік бағдарламалар да өзіндік септігін тигізуде. Алайда, мемлекет қаражатына қол жаймай, несие атаулыны иемденбей-ақ, ауылшаруашылығының дамуына үлес қосып жүргендер бар.

Солардың бірі – Қорағаты ауылдық округі, Жиенбет ауылының тумасы, «Биғазы» шаруа қожалығының жетекшісі Оразалиев Биғазы Жапарұлы. Жуырда біз есімі аталған азаматпен жолығып, шаруа қожалықтың жұмысын көзбен көріп, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Дамудың дара жолына түскен шаруа қожалық жұмысын өз көзімізбен көрген соң, осындай кәсіппен айналысып жүрген немесе ісін жаңадан бастаған өзге де жерлестірімізге бір пайдасы тиіп қалар деген сеніммен мұны оқырман қауыммен бөлісуді жөн санадық.
2000 жылы құрылған шаруашылықта алғашында ата-анасынан енші ретінде берілген 60 қой, 15-ке жуық ешкі малы болған екен. Кейін ауыл шетінен шағын үй соғып, мал ұстауға ыңғайлы қора-жай салып, осы жерден мал басын көбейте бастайды. Бұл шаруа қожалық құрылған алғашқы жылдар болатын. Сол уақыттан бері кәсіп иесі ешбір банктен немесе ұйымдардан несие алмай, тек өзінің айналым қаражатымен шаруашылығының табысын арттырып келеді. Тек соңғы үш–төрт жылда мемлекеттен өзінің ұсынылу тәртібіне сай субсидия алып, оны мал азығына жұмсауда. Қазіргі уақытта шаруа қожалықта 484 бас қой, оның ішінде 134 бас тоқты, 5 қошқар бар. Сонымен қатар, жиырмаға жуық жылқы малын да өсіріп отыр. Шаруа қожалық иесі сиыр малына қарағанда қой малының артықшылығы зор екенін айтады. Өйткені, сойсаң азық, сатуға өтімді, бағуға қолайлы. Оған қоса қойдың «Байсары» деп аталатын бұл тұқымы өсімді әрі өтімді көрінеді. Мысалы, салмағына қарай тірідей өлшеніп, сатылатын бір тоқты 120-130 мыңға бағаланады. Үлкен қой 200 мың теңгенің төңірегінде болса, ірі қошқарлар одан жоғары бағада сатылады. Бұл бағаға қойдың біркелкілігі, жекелей алғанда салмағы, сыртқы келбетінің де өзіндік әсері бар. Сонымен қатар, ақ қой секілді емес, қысқа төзімді, бір орында тұрып қалмайды, өрісте жайылып жүре береді. Қара күзге дейін өрісте болса, қыстың күні де ара-тұра жайылымға шығып тұрады. Дегенмен, қыста қосымша жем-шөп дайындалады. Шаруашылық иесі қой малына өзінше бөлек мың түк шөп, үш тонна бидай жинайды екен.
Ал, сату мәселесіне келер болсақ, көбіне әлеуметтік желілердегі мал саудасына арналған топтармен жұмыс жүргізіледі. Шаруашылық иесі мал сату үшін мал базарына барып, әуре-сарсаңға түспейді. Әлеуметтік желідегі топтарға жазылған хабарландыру нәтижесінде өз өңірімізден бөлек, Алматы облысы, Шымкент, Петропавл сынды өз өзге өңірлерден де келіп, сатып алушылар бар. Тіпті, Кавказ елінен хабарласып, қызығушылық танытқандар болған екен. Бірақ, сатып алынған малды ол жаққа жеткізу қиын болғандықтан, тоқтап қалған.
Ал, өз төлі есебінен мал басы санын көбейту жөнінде айтар болсақ, шаруа қожалық иесінің айтуы бойынша «Байсары» тұқымында егіз төл аз кезігеді. Мысалы, шамамен 300 қой болса, оның ішінде 20-25 бас егіз болуы мүмкін, қалғандары жалқы туады. Мал төлдету науқаны жауапты кезең болғандықтан, бұл кезде отбасымен осы орынға келіп, қосымша жұмысшы алып, жаппай жұмыс жасайды. Егіз мал, жалқы мал, төлдейтін мал әрқайсысы бөлек-бөлек бағылып, науқан жұмысы қырағы қолға алынады. Дегенмен, қой малының бұл тұқымының тез аяқтанып, тез көтерілетін қасиеті шаруашылық иесіне айтарлықтай салмақ салмайтынға ұқсайды.
Биғазы Жапарұлы мал болған соң, өлім-жітім де болып тұратынын тілге тиек етті. Дегенмен, өз қаражаты есебінен дәрі-дәрмегін алып, уақытылы екпе салдырып, арнайы дайындалған орында дәріленген суға шомылдыру жүйелі жүзеге асырылатынын жеткізді.
«Байсары» тұқымдас қойдың бірқатар артықшылықтары болғандықтан, шаруа қожалық иесі биылдан бастап авторлық бағдарламаға қатысып отыр. Айтуынша, шаруашылыққа арнайы комиссия келіп, малдың кескін-келбетін байқап, бойын, салмағын өлшеп, жүнінің сапасын қарап, жалпы бұл тұқымның талапқа сәйкестігін тексеріп кеткен екен. Комиссияның негізгі ұстанымына сәйкес биіктігі, жалпақтығы, белінің ұзындығы, құйрығы, жүнінің сапасы басты назарға алынады. Комиссияның нақты құжаты қолға берілмегенімен, бастапқы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
-Әскерден келген соң, Отар қаласындағы әскери бөлімде жұмыс жасадым. Отбасын құрып, алғашқы ұлым дүниеге келгеннен кейін, мал шаруашылығына бет бұрып, осы шаруа қожалықты құрдым. Жалпы, мал шаруашылығы маған жат дүние емес. Біздің бала кезімізде ата-анамыз да мал өсіріп, біз оларға қолқабыс жасап, жастайымыздан қыр-сырымен танысып өстік. Өзіміз отбасымызбен Жиенбет ауылында тұрамыз. Мал ұстайтын орын бөлек болғанымен, әрдайым осы жердеміз. Бұл орынды жасақтауды 2000 жылы қолға алып, алғашында баспана ретінде шағын үй салдық. Кейін 2004 жылы жанынан үлкенірек үй соғылды. Қазіргі уақытта малшы ұстау қиындау болып тұр. Сол себептен, әзірге балам екеуміз екі жақтап бағып, қарап жүрміз. О баста өзімде әкемнен қалған «Еділбай» тұқымды қой болды. Біз оны Қарағанды өңірінің Ағадыр стансасынан жеткізіп жүрдік. Кейін олар майдалана бастаған соң, 2006 жылы Қырғызстан еліне ойыстық. Олар біздің Еділбай мен тәжіктің Гиссар тұқымын будандастыратын. Мұны қазір олар «Арашан» деп те атайды. Бастапқыда Қырғызстан жақтан екі қошқар әкелдім. Осы сәттен бастап шаруашылық жұмысы бір бағытқа түсіп, асылдандыру жұмысы қолға алынды десем болады. Өзімнің 6 гектар суармалы жерім бар. Мезгілінде шауып аламын. Алайда, мал азығының басым бөлігін сатып аламыз,-дейді шаруа қожалық иесі.
Ата кәсібімізді өркендетіп, сол арқылы әлеуметтік ахуалын арттырып отырған Биғазы Жапарұлы қайырымдылық мәселесін де назардан тыс қалдырмаған. Әсіресе, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі кезінде жергілікті билік тарапынан көмек сұрап келген азаматтарды құр қол қайтармай, барынша қолдау көрсетуге тырысады. Сондай-ақ, өзі туып-өскен ауылдағы аз қамтылған немесе көп балалы бір отбасыға жылына бір рет қой малын беріп тұруды дәстүрге айналдырған.
Шаруа қожалық иесін алаңдатып отырған бір мәселе – ауданымызда жүн, тері өткізетін орынның жоқтығы. Қолындағы қыруар қойды мал басына тиісті ақысын төлеп, қырықтырғанымен, жиналған жүнді өртеп жіберуге мәжбүр. Өйткені, ауданымызда жүн қабылдайтын бір де бір арнайы орын жоқ. Сол себептен, қожалық иесінің жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлік иелері осы мәселеге назар аударса деген өтініші бар. Бұл бір жағынан қалдықсыз өнім өндіруге сеп болмақ. Ал, қойдың қиын көп жағдайда даладағы нан пісіретін, қазан қойылатын пешке жағып, отын ретінде пайдаланатын көрінеді. Осы тұста «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген мақал еріксіз еске түседі. Алайда, сол қой өнімінің бірі жүнді, теріні орынды пайдалануға жүн қабылдау пунктінің жоқтығы расын да қой шаруашылығымен айналысып отырған өзге де азаматтар үшін өткір мәселеге айналуда.
– Өзімізде жүн мен тері шашылып жатса да, оны өңдеп, кәдеге жарататын орындардың жоқтығы салдарынан теріден жасалған ат әбзелдерін сатып аламыз. Ал, көршілес елдерде мұндай шикізатты өңдеп, түрлі бұйымдар жасап, пайда келтіріп отыр,-дейді кейіпкеріміз.
Жалпы, «Биғазы» шаруа қожалығының бүгінгі тыныс-тіршілігін, ұстанымын өзгелерге үлгі ретінде дәріптеуге болатындай. Ешбір банктердің, ұйымдардың несиесіне жүгірместен, өз қаражаты мен қолдағы малының есебінен қой шаруашылығын дамытып, оны асылдандыру ісін жүзеге асырып жүрген азамат алдағы уақытта да ата кәсіптің алға басуына үлес қоса бермек. Істің көзін тапқан азамат шаруашылығын шалқыта жүріп, адамдық абыройдың да биік белесінен көріне береді деген сенімдеміз және Биғазы Жапарұлының алдағы тың жоспарларына тек сәттілік серік болсын демекпіз.

Динара Батырхаирова,
Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.