Ақпараттық портал

Cирек кездесетін металдар саласын дамыту жөнінде кеңес өткізілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Саланы дамыту Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға, технологиялар мен капитал тартуға, сондай-ақ экономиканың жаңа секторларындағы жеткізу тізбегіне қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Қазақстанда бериллий, скандий өндіретін әлемдегі толық циклді үш зауыттың бірі, сондай-ақ тантал мен ниобий өндіретін жаһандық төрт өндірістің бірі орналасқан. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәлімдеуінше, еліміздің металлургия зауыттарында висмут, сүрме, селен және теллурид өндіріледі, алюминий тотығынан галлий, полиметалл шикізатынан индий алу технологиясы бар. Биылғы қараша айында Алматы облысындағы қуаты 3,3 млн тоннаға дейін жететін Бұғыты кен орнында вольфрам концентраты өндірісі іске қосылды. Жобаға салынған инвестицияның жалпы құны $350 млн-ды құрады.
Батарея материалдарын, тұрақты магниттерді өндіру, ресайклинг әдісі және ыстыққа төзімді қорытпаларды өндіру секторларын дамытуға назар аударылды. Қажетті металдарды өндіру және қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылуда. Мәселен, әлемдегі ең ірі Сарытоған кен орындарының бірінде дайын өнімге жеткізумен графит концентратын өндіру жоспарлануда. 2024 жылдан бастап Қазақстанда марганец сульфаты моногидраты шығарылады, ол әлемдік нарықтың 5 пайызын қамтиды. Сондай-ақ Германияның Bergbau AG компаниясымен литий кен орындарын игеру бойынша жобалар іске асырылуда. Кореяның KIGAM институты Шығыс Қазақстан облысында литийге геологиялық-геофизикалық зерттеулер жүргізуде.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.