Ақпараттық портал

Ауылына қарап, азаматын таны

Халқымызда “Сұңқар жемін шашып жейді” деген даналық сөз бар. Әдетте бұл теңеу елге пайдасы тиетін, атымтай жомарт жандарға бағытталып айтылып жатады. Мұндай азаматтар Шу өңірінде де аз емес. Сондай сом тұлғалардың бірі – Азамат Әшімханов.
Азамат Рашидұлы осы аптада өзі туып-өскен Балуан Шолақ ауылында құны 190 млн теңге болатын заманауи әмбебап спорт кешенін салып, туған жеріне тарту етті. Бұл спорт кешеннің қазығын осыдан 6 жыл бұрын қазақ мақтанышы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінің палуаны Жақсылық Үшкемпіров қаққан екен. Содан бері ыждағатпен жүргізілген жұмыс мәресіне жетіп, есігін елге айқара ашты.

Жұма күні құрметті қонақтардың қатысуымен “Рашид ата” спорт кешенінің ашылуы салтанатты түрде өтіп, ауылдың аспаны думанға бөленді. Балуаншолақтықтардың қуанышын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бөлісе келді.
Аймақ басшысы Е.Қарашөкеевтің сәлемін жеткізген Серік Жақсылықұлы жомарт жерлесіміздің игі ісі үшін ризашылығын жеткізді.
Сайын даланың сайыпқыраны, бұла күштің иесі, композитор Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығы тұсында тарту болған спорт кешенінің құрылысын жүргізген мердігер “Автономный Энерго Комплекс” ЖШС басшысы Нұртас Найманбай көпшіліктің алдында Айтжан Әшімхановқа символикалық кілтті табыстады.
Сонымен қатар, ауыл әкімі Д.Сандыбаев ауыл тұрғындары атынан меценатқа тұлпар мінгізді.
Бұдан соң маңызды сәтке кезек беріліп, жаңа спорт кешенінің лентасы қиылды. Бұл құрмет облыс әкімінің орынбасары С.Сәлемов пен Ж.Үшкемпіровтың жары К.Мұқашқызына берілді.
Әрбір қадамды ақ батамен бастаған халық дәстүріне сай Рашид ақсақалдың көзін көрген замандасы, ауылдың қадірлі қариясы Нұрсұлтан ата білегін түріп, ақ батасын берсе, ақ жаулықты аналар құт тілеп, шашуларын шашты.
Мұнан кейін меймандар ішке еніп, зәулім ғимаратпен танысты. Одан бөлек, жас спортшылар жаңа кешенде алғашқы жаттығуларын жұртшылыққа паш етті. Ауылдың ажарына айналып үлгерген, аумағы 800 шаршы метрді құрайтын спорт нысаны бір мезетте 80 шәкіртті қабылдай алады. Мұнда ауылдың болашақ чемпиондары футбол, волейбол, баскетбол мен күрес т.б мәшһүр спорт түрімен айналыса алады. Одан бөлек, ұлдар мен қыздарға арналған киіну және жуыну бөлмесі қарастырылған.
Ауылдың тайлы-тұяғына дейін қуанышқа кенелген күні қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары Наркенже Серікбаева, “Меломен” тобы мен Данияр Төре сынды өнерпаздар мен аудандық Мәдениет үйінің әртістері сазды бағдарлама ұсынды.
Осылайша, Шу ауданында спорт кешендерінің қатары артып, заманауи үлгідегі нысанның саны 5-ке жетіп отыр. Алдағы уақытта жерлестеріміз Бірлік ауылы мен Шу қаласында салынып жатқан ангар типтес спорт кешенінің игілігін көреді деген үміт бар.
Ауылына қарап, азаматын танитынымыз анық. Бүгінгі таңда Балуан Шолақ ауылының біршама мұң-мұқтажы шешімін тауып, келбеті келісе түскен. Мұнда әз бабалардың “Жомарт деп айтса болады, Сұратпай өзі бергенді” дегені ойға оралады. Өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп отырған бұл ауылдың азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.