Шу мектеп-интернатының алғашқы қарлығаштары
Балалық шағымды еске ала отырып, мектеп-интернаттың директоры болған Нәмет Базылов ағайдың 100 жылдығына орай арнаймын.
1958-1959 жылғы оқу жылында Амангелді колхозына қарайтын Халық батыры Амангелді Иманов атындағы жеті жылдық мектепте 5-сыныптан 6-сыныпқа көшкен кезім. Кейінгі тоқсандарда класс жетекшіміз Несіпбала апай «Новотройцкіде келесі оқу жылында мектеп-интернат ашылады екен. Оған малшылардың балалары, әкесі немесе шешесі қайтыс болған ұл-қыздарды қабылдайды екен деп айтып жүрді. Менің әкем колхоздың алдыңғы қатарлы шопаны болған. 1953 жылы март айында қайтыс болған еді. Менің мүмкіндігім бар еді. Анама айтып едім көнбеді. «Баласын асырай алмай детдомға өткізіпті деген сөзге қаламын ғой» деді. Үйге мұғалімдер келіп ақыры анамды көндіріпті. Сонымен ауылдағы Жеңіс, Серік, Досымбек, Амангелді және мен Рысбай (Көшкін) баратын болдық.
Біздер мектеп-интернатқа барғанымызда екі үлкен ғимарат бар екен. Ол кезде интернаттың айналасында үйлер аз болатын. Интернаттың қоршауы да жоқ болатын. Бәрімізге екі сыпырадан жап-жаңа киімдер берді. Бірі мектеп формасы, ал екіншісі күнделікті киімдер. Әр қайсымызға жаңа жеке төсек орындар берді. Мұндай жақсылықтарды көрмеген біздерге, бұл үлкен қуаныш болды. 1-ші қыркүйек күні бәрімізді сыртқа шығарып сапқа тұрғызды.
Орташа аққұба жүзді, қап-қара шашын артқа тараған етжеңді бір ағай шығып сөз сөйледі. Біздерді интернатқа келуімізбен және жаңа оқу жылымен құттықтады. Кейінірек білдік осы мектеп-интернаттың директоры Базылов Нәмет ағай екен. Бір ай көлемінде интернаттың асханасы дайын болмағандықтан, РТС-тің асханасынан тамақтанатынбыз.
Интернаттың айналасында құрылыс қалдықтары шашылып жататын. Сабақтан соң Нәмет ағай бастаған мұғалімдер тәрбиешілер және ересек балалар мен қыздар ауланы ретке келтіре бастадық. Ағаштарды отырғыздық. Нәмет ағай әрқайсымызға бір теректен бекітіп беретін. Суғарып топырақтарын қопсытып тұруды біздерге жүктеген. Қазіргі кезде мектептің алдында өсіп тұрған теректерді біз отырғызғанбыз. Ер балалардың тәрбиешісі Әлішев Шахан деген ағай еді. Жүзінен нұр төгіліп тұрушы еді.
Бір күні сабақтан кейін Шахан ағай бәрімізге форманың шалбарын, галстуктерімізді алып далаға шығумызды өтінді. Далаға шықсақ екі жерде сексеуіл жағылып, шоқтары қызарып тұр. Екі үстелге одеял жауып қойыпты, үстерінде екі шойын үтік тұр. Нәмет ағай бір үтікті алып көсеумен шоқ сала бастады. Үтікті ары-бері шайқап, үстелдің қасына келіп бір баланың шалбарын алып суланған дәкемен үтіктей бастады, қызыл галстугімізді де солай етті. Тағы да бір баланың шалбарын ала беріп, тәрбиеші апайлары «Нәмет ағай үтікті бізге беріңіз, қалғанын біз үтіктейміз» деп қолындағы үтікті сұрап алды. Кейін үйреніп алып киімімізді өзіміз реттейтін болдық. Жағамыздағы ақ шүберекті де жуып қайта тігуді де Нәмет ағайымыз үйретті. Бұрын шалбарымызды матрастың астына салып қоятынбыз. Интернат жеті жылдық болған соң біздің алдымыздағы класс мектеппен қоштасты. Біздер интернаттың үлкені болып қалдық. Барлық жауапкершілік біздің мойынымызда еді.
Интернатта горнның дауысымен тұрып, тамаққа барып, кешкі сағат 10:00-да ұйықтайтын едік. Төрт мезгіл тамақ беретін, апта сайын моншаға түсеміз. Жылына күзге, қысқа, көктемге жаңа киім беретін. Киімді Нәмет ағай өзі кигізіп «игіліңе ки деп әр баланың қасына барып өзі қадағалайтын, егер ұнатпай тұрса, ауыстырып алуға рұқсат беретін еді.
Сол жылы институт бітірген жоғары білімді жас мұғалімдер келді. Сариев Сейтқазы жұбайы Берденова Дария, Қостүтінов Ермахан жұбайы Айтжанова Мәрия, Сыдықов Тұрғынбек жұбайы Мырзаханова Әсемкүл. Осы ағайлар мен тәтейлердің бәрінен сабақ алдық. Интернаттың көркемдік жетекшісі Серік Әденов еді. Ол ағайдың еңбегі өте зор еді.
Бір күні Нәмет ағай бір орыс ағайды классқа алып келіп «мына ағай сендерге духовой оркестрден сабақ береді» деді. Орыс ағайымыз біздерге қарап тұрып шетімізден тақтаға шығарды. Олар: Жеңіс, Мейрамбек, Кеңесхан, Сатыпалды, Батырғалди, Әбдірахман және мен Рысбай (Көшкін) концерт залына апарып орыс ағай Нәмет ағайдың көзінше саусақтарымызды, құлақтарымызды, аузымызды ашып тістерімізді көрді. Маған келіп, тістерімді көргенде орыс ағай басын шайқады. Күрек тісімнің жартысын сындырып алғанмын. «Ну ладно ничего страшного. Ты барабанщиком будеш. Барабан король оркестра» деп көңілімді көтеріп қойды. Оншақты күн біздерге нота үйретіп, балаларға шамасына қарай инструменттерді үлестіріп берді.
Сабақты жақсы оқитын балалар болғандықтан оркестрді тез үйрендік. Екі айдың көлемінде екі әскери марш, бір вальс үйрендік. Алдымызды 7-ноябрь мейрамы еді. Біздерді дайындай бастады. Алдында оркестр, артында ересек балалар әскери маршпен жүретін болды. Біздерді дайындаған дене тәрбиесінен беретін Қасқабай Мұқанов ағай еді. Ол кісі әскери адам болатын. Қолынан шыбығы түспейтін, бәрімізді тәртіпке үйретті. Ол кезде 1 май көшесі (Балуан Шолақ) орталық көшесінде болатын.
Трибунаға жақындағанда біздер оркестрмен әскери марш орындап артымыздағы балалар аяқтарын бірдей қадаммен жүргенде жиналған халық, трибунадағы басшылар қол соғумен болды. Аудан бойынша бірінші болып парадтың сәнін біздер келтіргенбіз.
Парад біткенде біздерді Нәмет ағай паркке апарып вальс ойнатқан. Аудан тұрғындары би билеп көңіл көтерді. Аудандағы үлкен жиналыстарда әнұран орындаушы едік. Кейін оркестрді Амантай, Құлтай деген ағайлар басқарды. Осы басталған дәстүр біз мектеп бітіргенше жалғасты. Оркестрде жүрген балаларды Қостүтінов Ермахан ағай домбыра оркестріне шақырды. Бізден басқа класс төмен оқитын үш қыз болды. Олар Қалдыш, Дина, Гүлжан. Оркестр «Би» күйінен бастап «Балбырауын» күйін тарту дәрежесіне дейін жеттік. Интернатқа бір биші ұстаз келіпті, би үйірмесін ашады екен деген сөздер шыға бастады. Ол кісімен де таныстық, Нәмет ағайдың туған келіні екен, аты Күләш. Баяғы екі оркестрде ойнайтын балалар мен қыздар би үйренуге келдік. Күләш тәтейдің де қолынан шыбық түспейтін. Ең бірінші жігіттердің үйренгені «Қара жорға» биі. Қыздармен қосылып «Біржан-Сара» операсынан үзінді би және орыс, татар билерін де үйрендік. Аудан орталығында концерт қойғанымызда «Қара жорға» биін көрермендер қайта-қайта қол шапалақтап бірнеше рет билетті. Бұл биді ауданда бірінші болып билегенімізді мақтан етемін. Сонымен қатар біздер футбол және волейбол командасында ойнайтынбыз. Ондағы жетістіктеріміздің өзі бір төбе. Өз ауылым Амангелдіге (Алға) барып қойған концерттеріміз әлі есімде. Оны айтып та, жазып та келтіру мүмкін емес.
Интернат сегіз жылдық болғандықтан 1962 жылы бітіріп, қимай қоштастық. Біздің адам болып қалыптасуымызға, өнерлі, өнегелі азамат болуымызға бойымыздағы жақсы қасиеттерді осы интернаттан алдық. Біздерге үш жыл бойы сабақ беріп жақсы тәрбие берген мұғалімдерге, тәрбиешілерге, осы интернаттың негізін қалаған Нәмет ағайға мың да бір рақмет айтамыз. Қазіргі кезде ол кісілердің көбісі жоқ, біздің де қатар сиреген. Оларға бар айтарымыз «Алла Тағала алдарынан жарылқасын, имандары жолдас болсын!» дейміз. Нәмет ағайымыздың туғанына 100 жыл болуына байланысты өткізілетін іс-шаралары қабыл болсын! Артында қалған ұрпақтарына Алла Тағала ұзақ өмір берсін, ынтымақ-береке, жақсылық берсін!
Рысбай Райсов,
Алға ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Суретте мұғалімдер: Айтжанова Мәрия, Базылов Нәмет, Әлішев Шахан.
Нұрғалиев Жансерік, Боранбаев Жеңіс, Үсенбаева Күлтай, Жексенбиева Нұрғайша, Ақбаев Батырғали, Беркінбаева Жарғал, Тәжіқұлов Амангелді, Абдраймов Нұрмақан, Жұмабаев
Сатыбалды, Билібаев Аман, Сыдықов Қойшыбай, Абетов Қырықбай, Несіпбаев Серік,
Бидосов Абдрақыман, Оразгелдиев Косил, Көшербаев Жұмабек, Қошаметов Кеңесхан, Садықов Телібай, Ақылбекова Тұрсын, Ысқақов Әбілтай, Жарықбаева Несіпкүл, Раисов Көшкін,
Катаева Орынкүл, Орынтаева Ділдәкүл, Алмабеков Әмір.