Ерекше балаларға мүмкіндік сыйлаған мамандар
Қоғамның өркениеттілік деңгейі – оның әлсіз топтарына көрсеткен қамқорлығымен өлшенеді. Солардың ішінде ерекше назарды қажет ететін жандар – мүмкіндігі шектеулі балалар. Олардың әрқайсысы – өзіне тән таланты мен арман мақсаты бар, болашағы жарқын бала. Сондықтан да олар ешқашан назардан тыс қалмауы керек.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасауға бағытталған көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Арнайы білім беру ұйымдары, оңалту орталықтары мен инклюзивті сыныптар саны артып келеді. Бұл – балалардың қоғамға бейімделіп, өз әлеуетін толық ашуына жол ашуда. Бұл тек балаларға ғана емес, олардың ата-аналары мен мұғалімдерге де үлкен қолдау болып отыр. Мұндай ортада балалар өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезініп, өз күшіне сенуді үйренеді.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар баланың өсіп, қалыптасуы барысында кездесетін қиыншылықтарды жеңе отырып, оларды өздерінің кемшіліктерінен қысылмай, қоршаған ортаға қиналмай ене алатын жеке тұлғаны қалыптастыру, танымдық қабілеттерін толықтыру, ерік-жігер саласындағы ақауларды жою, білім қорын толықтыру, ортаға, мектеп жағдайына бейімдеу – қазіргі таңдағы оңалту, түзету мекемелері мамандарының негізгі міндеті. Ал ерекше балалармен жүргізілетін жұмыстың басым бөлігін ауданда білім бөліміне қарасты психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті атқарады. Жалпы түзету кабинетінің мақсаты – ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және түзеп-оқыту, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, әлеуметтік ортаға бейімдеу болса, негізгі міндеттеріне – есту, көру, сөйлеу тілі қабілеттері, тірек-қозғалыс аппараты, эмоционалды-ерік саласы бұзылған, зерде бұзылыстары бар, психикалық дамуы тежелген, мінез-құлқында қиындықтары бар балаларға психологиялық-педагогикалық түзету көмегін көрсету жатады.
Сейдахметова Гүлнәр Ернистқызы меңгерушілік ететін аталған мекемеде бүгінгі таңда 7 логопед маманы, 1 педагог-психолог, 2 дефектолог, 1 тифлопедагог, 1 сурдопедагог, 2 емдік дене шынықтыру маманы, 1 емдік уқалаушы, 1 әлеуметтік педагог жұмыс жасайды және Нұрымова Райса Абдуакасқызы әдіскерлік етеді. Қазір мұнда 190 ерекше білімді қажет ететін бала тіркелген болса, соның 56-сы мүгедектігі бар балалар қатарына жатады.
– Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылықтарымыз, әр бала еліміздің ертеңі екенін ескерсек, әрбір мүмкіндігі шектеулі баланың қатарға қосылып, сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау біздің міндетіміз. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіндегі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға түзете дамыту тұрғысынан оқытуды ұйымдастырудың формалары жеке немесе шағын топтық және топтық сабақтар, консультативтік сабақтар, қысқа мерзімді топтар болып табылады. Сабақтың ұзақтығы ерекше білім беруге қажеттілігі бар баланың жасына байланысты. Топтар бірдей жастағы немесе әртүрлі жастағы принцип бойынша жинақталады. Ата-аналарға кабинет мамандары үнемі консультациялық көмек беріп отырады,- дейді мекеме меңгерушісі Г.Сейдахметова.
Сөйлеу дағдысы бұзылған, жүріп-тұруында, ақыл-есінде туа бітті кемшілігі бар балаларға білім берумен қатар, оларды өнерге де баули білген бұл мекеме үстіміздегі аптаның сәрсенбісінде жылдағы дәстүрге сай «Жылы жүрекпен» тақырыбында ерекше балалардың өнері көрсетілген концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Бұл шараның өтуіне, әсіресе педагог-психолог Зина Боскумбаева мен логопед Назира Калыкова ерекше атсалысты. Сол күні сахна төрінде балалығы тағдырымен күресумен өтіп жатқан ерекше балақайлардың бойына біткен өнері тамашаланды. Олар әнді де айтты, биді де биледі. Тіпті, ата-анасымен бірге қалықтата ән шырқаған балаларды көрген көрерменнің көздеріне жас келді. Әдемі сахналық образдармен көптің алдында өнерін паш еткен балалардың көздері жанып, бақытқа бөленгендігін байқадық. Концерт соңында демеушілік көрсеткен Төле би ауылы мешітінің бас имамы Т.Кәрібайұлының атынан өнерпаздарға сыйлықтар мен тәттілер тарту етілді.
Жыл бойына балалармен психологиялық-педагогикалық тұрғыда жүргізілген түзету жұмыстары нәтижесінде балалар түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды қанжығалап келеді. Атап айтқанда, Батчаев Артур, Ескермес Бексұлтан, Ганжуева Гульназ, Бақберген Жанерке, Тілеубай Айару, Мұса Іңкәр, Әділбек Айдана, Серікбай Нұрислам, Төлеу Алихан, Қарақойшы Аман, Танабек Айару республика көлемінде өткізілетін «JULDYZAI» фестивалінің және «Біздің таланттар» балалар шығармашылық байқауының алдыңғы орын жүлдегерлері.
Иә, әр бала – бір әлем. Егер біз олардың жүрегіне жылулық ұялатып, мүмкіндігіне емес, қабілетіне назар аударсақ, олардың өмірге деген құштарлығы арта түседі. Ал мүмкіндігі шектеулі балаға мейірім мен қолдау көрсету – адамгершіліктің ең биік көрінісі деп сөзімізді қорытындылағымыз келеді.
Балнұр Жексенбекқызы.