Қырды төлге, қамбаны астыққа толтырған шулық шаруалардың еңбегі ерен
Өзені арнасынан тасып, қамбасы кемерінен асып, түгін тартсаң майы шығып, тіршілік қазаны қайнаған Шу өңірінің өткен ғасырларда Кеңестік кеңістіктегі елдерге кеңінен танылғанына тарих куә. Құрылғанына ғасырға жуық уақыт толған шуақты өлкемізде теміржол табаны төселгеннен-ақ өрлеу дәурені басталды десек асыра айтқандық емес. Әсіресе, шаруаға қолайлы құт мекенде шаруаны белден басқан еңбек адамдары абыройдың биігінен көріне білді. Қаншама жер емген жерлестеріміз ата кәсіптің асығын алшысынан түсіріп, егіннің де, төрт-түліктің де өнімділігін жоспарынан артық орындап, кеудесіне жарқ-жұрқ еткен орден-медальдарын таққаны да өлкелік тарихымыздың беттерінде сайрап тұр. Ата-бабамыздан жалғасын тапқан берекелі кәсіптің бүгінгі күні де тіні үзілген емес. Мемлекет тарапынан экономиканың тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, қолдауға бағытталған шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Мемлекет қолдауын, түрлі бағдарламалардың игілігін көріп жатқан біздің ауданның да ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтыра айтарлықтай нәтижелері баршылық.
Сондықтан қарашаның үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Шу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құттыбеков Қайсар Қонысбайұлымен сұхбаттасқан едік.
-Қайсар Қонысбайұлы, заман ағымына сай ауыл шаруашылығы саласында өзгерістер орын алып, қажетті техникалар да түрленіп, мемлекеттен де қолдау айтарлықтай артуда. Біздің ауданның ауыл шаруашылығы саласында қандай оң өзгерістер бар?
-Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында “Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн” деген болатын. Шын мәнінде ауыл шаруашылығын ілгерілету-экономиканы оңтайландырудың бірден-бір жолы екендігі тер төккен халқымызға, оның ішінде шаруаны шалқытқан Шу өңіріне бұрыннан белгілі. Біздің диқандар мен шопандар түрлі мемлекеттік бағдарламалардың берекесіне бөленіп, кәсібін дөңгелетуде.
Ауыл шаруашылығын ілгерілету бойынша мемлекет тарапынан бірнеше бағдарламалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, Шу ауданы бойынша «Кең дала» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Шу несие» серіктестігіне 9 АШТӨ 55,871 млн теңгеге өтінім берілген. Бүгінгі күнге 5 АШТӨ 37,022 млн теңге қаражат алған. Қалған 4 АШТӨ 18,848 млн теңге қаражатын күтуде. Ал, 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобалары» аясында ауданда 1,532 млрд теңгеге 179 жоба қолға алынып, 403 жұмыс орны ашылу жоспарлануда.
Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 28 жоба құны 205 млн теңгеге жүзеге асып, 50 жұмыс орнына аудан азаматтары тартылмақ. Аудан бойынша жалпы 1682 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. Оның ішінде 113 бірлік – комбайн, 511 бірлік – трактор, 1058 бірлік – басқа техникалар (соқа, дәнсепкіш, культиватор, тіркеме, пресс жинағыш және т.б.). 2024 жылы 168 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, техникалардың жаңару көрсеткішін 10 пайызға жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге 633,95 млн теңгеге 49 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Оның ішінде 31 трактор 421,0 млн теңгеге, 18 аспалы ауыл шаруашылығы жабдықтары 212,9 млн теңгеге сатып алынды. Жаңару көрсеткіші 3,0 пайызға орындалып отыр. Жоспар жыл қорытындысымен орындалады. Сондай-ақ, «Казагроқаржы» АҚ арқылы жалпы 246,410 млн теңгеге 25 техника алуға өтінім берілді (16 бірлік трактор 206,180 млн теңгеге, 9 бірлік аспалы ауыл шаруашылығы жабдықтарына 40,230 млн теңгеге).
-Кезінде Асанбай Асқаров Шу ауданына табан тірегенде Жапар Түйебековтің мақтауын асырып, «Қызылшаны агроном өсірмейді, аупарткомның бірінші хатшысы өсіреді» деп керемет бағасын беріп кеткен. Бүгінгі күні сол қызылшаның жайы қалай?
-Шу ауданының ауыл шаруашылығы жерлерін суландыру, әсіресе қызылша егістігінің көлемін ұлғайту үшін 1962 жылы Шу қаласынан 25 шақырым жердегі Шапай, Ақсу, Семейсозақ ауылдарын басқа жаққа ауыстырып, орнына Тасөткел су қоймасының құрылысы басталады. Осының нәтижесінде “Тасөткел” совхозын жаңадан ашу туралы үкім шығарылады.
Бәріңізге белгілі, Тасөткел су қоймасынан суармалы егістіктерге суды жеткізуге арналған үш магистралды каналдар бар. Тасөткел су қоймасында 1 935 млн теңгеге қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өнімнің үлесін арттыруға бағытталған жұмыстардың бір парасы. Әйтсе де «Qyzylsha Zher» ЖШС-і 370,845 млн теңгеге 10 дана жаңбырлатып суару құрылғыларын, 880,762 млн теңгеге өздігінен жүретін 2 қант қызылшасын жинайтын комбайн (Holmer) сатып алды. 2024 жылдың өніміне егілген 1030 гектар қант қызылшасы дақылының 20 гектары ауа райының қолайсыздығына байланысты есептен шығарылды. Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінен 1010 гектар қант қызылшасын жинау жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге 351 гектар қант қызылшасы жиналып, түскен 25 272 тонна өнім Меркі қант зауытына өңдеуге өткізілуде. Орташа өнімділігі 750 ц/га.
1010 гектар қант қызылшасы алқабынан 63 900 тонна өнім алу жоспарлануда. Егін жинау жұмыстарына 3 қант қызылшасын жинайтын комбайн қатысады (өздігімен жүретін Holmer комбайны – 3 дана). Жиналған өнім Меркі қант зауытына өңдеуге өткізіледі. Егін жинау жұмыстары тұрақты бақылауда.
-“Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды” демекші, қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа және келер маусымға дайындық барысы қалай?
-Мал қыстатуды шығынсыз өткізу үшін аудандық штаб құрылған болатын. Штаб төрағасы – аудан әкімінің орынбасары, мүшелері – бөлім басшылары және ауыл әкімдері. 2024-2025 жылғы қысқы кезеңде аудан аумағындағы қыстауларда мал шығындарына жол бермеу жөніндегі жұмыстарға басшылық ету негізге алынған болатын (Шу ауданы әкімінің 2024 жылғы 19 қыркүйектегі №435 – ө н/қ). Жалпы аудан бойынша мал қыстауларының саны-322. Бұған қоса, 2024 жылдың 3 шілде күні облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғ.Тамабектің төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің №22 хаттамасының 2-ші тармағына сәйкес, қыс мезгіліне мал азығының жеткілікті мөлшерде болу үшін әр ауылдық округтерде жалпы малдың басына қажетті мал азығының 10 пайызынан кем емес шөптік қорын жинау тапсырмасы берілген. «Қыстың қамын жаз ойлайтын» шаруа қожалық басшылары күрең күз түскенше қажетті мал азығын жинап алатындығы белгілі. Тапсырманы орындау мақсатында әр ауылдық округтерде елді мекендегі мал басы санына қарай мал азығы қоры қалыптастырылды. Аудан бойынша елді мекендегі мал басына қажетті 144 тонна шөптік мал азығы қорының 353 тоннасы жиналды. 2025 жылдың өніміне 17 850 гектар күздік бидай егу жоспарланған. Бүгінгі күнге 10 150 гектар күздік бидай егіліп, жоспар 56,9 пайызға орындалды. Аудандық тұқым зертханасына 3213 тонна тұқымды тексеруге өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге тұқым зертханасына 2 235 тонна тексеруге өткізіліп, 69 пайызға орындалды.
-Қайсар Қонысбайұлы, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Беткейі малға толы, топырағы құнарлы, табиғаты шұрайлы құт мекеніміздің шөбі шүйгін, егіні бітік өсе беруіне, берекелі ырысы одан әрі молая түсуіне үлестеріңізді қоса беріңіздер!
Шу ауданының ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Сұхбаттасқан
Айғаным АСҚАРБЕК.