Өмірін өнермен өрген өнерлі жандар
Өнер – адам жанын тәрбиелейтін, рухани байлыққа жетелейтін құдіретті күш. Бұл жол шабыт пен табандылықты, ізденіс пен жанқиярлықты қажет ететіні белгілі. Ал осындай қасиеттер бір ғана адамда емес, тұтас бір отбасының бойында болса мұны шынайы өнер иелерінің әулеті деуге негіз бар.
Өнер өрісінде табысып, өмірін өнермен өрген өнерпаздар Мақсұт Мақсат пен Мадина Серпер бүгінде өңір мәдениетінің дамуына орасан үлес қосып келе жатқан өнерлі жұп.
Мақсатты аудан халқы той саласының маманы, асаба, шоумен ретінде көбіне тануы мүмкін, бірақ оның бір бойынан өнердің түрлі жанрын табуға болады. Өмірін тек өнермен байланыстыратын ол той жүргізуден бөлек, театр саласында режиссерлық қырынан да, би өнерінде де, ән шырқауда да алдына жан салмайтын, жеті өнерді де азсынатын нағыз өнерлі жан десек те жарасады. Осы жолда ол талай мәрте облыстық, республикалық додаларда сайысқа түсіп, алдыңғы орындарды қанжығалаған болатын.
Сонымен қатар, оның режиссерлық бағытындағы жұмысы да жоғары бағаланып келеді. Мақсаттың жетекшілігімен жұмыс жасайтын «Шырақ» балалар-жасөспірімдер театрының шәкірттері өткен айда аудан көлемінде ұйымдастырылған халықтық театрлар байқауында үздік қойылыммен көзге түсіп, І-орынды жеңіп алғанына да көпшілік куә болған еді.
Мақсат табиғатынан жалқаулыққа жаны жат азамат. Себебі ол өзінің бір күнін де бос қалдырмаған. Осыншама өнерді қатар ала жүріп, өзін кәсіп саласында да көруді жөн көріп, жуырда «Мұзбалақ» атты балаларға арналған ойын-сауық орталығын ашты. Кәсіпкер ретінде қайырымдылық шараларына да атсалысып жүрген ол жақында аудан әкімінің де Алғыс хатын иеленді.
Бірнеше жыл аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарған Мақсат кейіннен жеке жұмыс жасауға бел буып, елімізде жүргізіліп жатқан мәдени және шығармашылық жағынан қабілетті балаларды өнер жолына тәрбиелейтін «ArtSport» жобасына қатысып, бүгінде «BiART» деп аталатын би студиясының директоры атанып отыр.
Осы тұста әңгімеміздің жалғасын Мақсаттың жұбайы Мадина жайлы жалғағымыз келеді. Себебі Мадина би студиясында хореогроф маманы ретінде жұмыс атқаруда. Алты жасынан бастап ән мен би өнерінде жүзе білген Мадинаның бүгінде ең жас қатысушылары да алты жастан басталады. Алғашқы жылдары он-он бес баламен басталған студия жұмысы кезеңімен шарықтап, бүгінгі күні жүзге жуық баланың би әлемінде қалықтауына жағдай жасап отыр.
Ашылғанына 5 жылдың ғана жүзі болған студиядан түлеп үшқан түлектер қаншама, жеткен жетістіктері бір төбе. Мәселен, үстіміздегі аптаның басында ғана Мадинаның алты топтан құралған жүзден аса жас бишісі Астана қаласында өткен халықаралық «Creative kz» өнер байқауында бақ сынап, Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында өтетін халықаралық өнер сайысына жолдама алып қайтты. Одан бөлек, осы байқауда бір жетекшінің жүзден аса бала дайындаған еңбегін елеген қазылар алқасы «Үлкен жанұя» номинациясын да ұсынған екен. Бұл «BiART»-тың алғашқы үлкен сахнасы емес. Осыған дейін Алматы қаласында өткен халықаралық «Бала шабыты» көп жанрлы би байқауында жалпы төрт топтан тұратын 82 биші ұлттық және заманауи билерден өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған. Сонымен қатар биылғы жылдың тағы бір жетістігі Ташкент қаласында өткен «Нұрлы фест» халықаралық би фестивалінде Мадинаның бишілері топтық және жекелей де өнерлерімен тәнті етіп, бас жүлделерді қанжығалап қайтқан болатын.
Жалпы Мақсат пен Мадинаның отау құрғандарына биыл 8 жыл. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін өнер жолында жүрсе де, төрт бала тәрбиелеп, көпбалалы отбасылар қатарын жалғап, шаңырақтарының түтінін түзу, босағасын берік ұстауда.
Бала бойындағы туа бітті қасиет атаның қанымен, ананың сүтімен қонатыны секілді Мақсаттың да бойындағы өнері анасынан дарыған екен. 26 жылдан бері мәдениет саласында қызмет атқарып келе жатқан Гүлнәр Мақсұтованың Мақсаттан бөлек балалары да ауданның мәдени қызметкерлері.
– Анам да, мен де, жұбайым да, тіпті артымнан ерген бауырларым да Тараздағы бір жоғарғы оқу орнының бір факультетінің түлегіміз. Барлығымыз бір ұстаздан тәлім алдық. Сондықтан отбасылық мақсатымыз да туған өлкеміздің мәдениетін дамытуға күш салу, аз да болса ізімізді қалдыру, өнер жолында шәкірт тәрбиелеуге еңбек ету, – дейді Мақсат Мақсұт бізбен әңгімесінде.
Отбасы тірлігімен қатар өнерді де өрге сүйрей білген Мадина Серпер: «Кез келген адам өнерлі бола бермейді. Бұл бізге берілген сый, қонған бақ деп білемін. Жолдасымның қолдауы барда мен жұмысымды еш алаңсыз атқарамын. Отбасының іргесі берік, ынтымағы мызғымас үшін ерлі-зайыптылардың өзара үндестігі аса маңызды. Ал мен жұмысымның алға басуына жағдай жасап отырған жарым барда өмірде де, өнерде де бақыттымын», – деп ағынан жарылды.
Иә, өнер – уақыт пен кеңістікті жеңетін, адам жүрегіне жол табатын киелі ұғым. Ал осы өнерді өмірінің жолы еткен әулет ел руханиятының алтын арқауына айналары сөзсіз. Мақаламызға арқау болған өнерлі жұп сахнада ғана емес, өмірде де жұртқа үлгі бола білуде. Сондықтан осындай әулеттер барда қазақтың өнері ешқашан өлмейді, қайта жаңарып, жасара береді деп білеміз.
Балнұр Жексенбекқызы.