Ақпараттық портал

Он үш жоба жүзеге асырылу сатысында

Тәуелсіз Қазақстан тарихының кейінгі жылдарында елімізде көптеген инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын аңғарып келеміз. Мақала желісі оқырманға түсінікті болу үшін әр ұғымға ғылыми негізде анықтама беріп кетуді жөн көрдік.

Жалпы, инвестициялар деп өнеркәсіпке, құрылысқа, ауылшаруашылығына және өндірістің басқа да салаларындағы шаруашылық субъектісіне мүліктей, заттай, сондай-ақ ақша қаражаты түрінде, яғни капитал түрінде салынып, шаруашылықты одан әрі өркендетіп, дамыту үшін жұмсалатын шығындардың жиынтығын айтады. Яғни, капиталды тиімді пайдалану арқылы келешекте пайыз түрінде немесе басқадай үлкен кәсіпкерлік табыс табу. Ал, инвестор дегеніміз – қор нарығындағы құнды қағаздарды сатып алушылар болып табылады. Инвестор өз алдына дербес екі топқа бөлінеді: жеке инвесторлар – жеке адамдар. Институттандырылған инвесторлар – банктер, инвестициялық қорлар, зейнетақы қорлары, тағы басқалар. Ұлттық инвестор – Қазақстан Республикасында инвестицияны жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы.
Ал, «капитал» ұғымына қысқаша түсінік беріп өтер болсақ, капитал – тауар өндірісінің жұмыс күші тауарға айнала бастаған кезде пайда болады.
Инвестиция өзінің құрамы жағынан біртекті емес. Ол инвестициялау нысандарына, айналыс өрісіне, негізгі капиталдың ұдайы өндірісіндегі мақсатына, рөліне, қаржыландыру көздеріне қарай негізгі капиталға салынатын инвестиция, қоржындық инвестиция және шетелдік инвестиция түрлеріне бөлінеді. Соның ішінде негізгі капиталға салынатын инвестиция елдің экономикалық өрлеуінің негізгі факторы. Қоржындық инвестиция – ұзақ мерзімді борышкерлік міндеттемелер мен бағалы қағаздарға салынған қаражат, яғни капиталға қатысуды және салынған капиталға шаққанда табыс алуды қамтамасыз етеді. Шетелдік инвестиция – шетел инвесторы жүзеге асыратын инвестиция. Яғни, қабылдаушы елдегі компанияның қызметін бақылап, басқарып отыру үшін капиталдың мақсатты түрде ауысуы болып келеді. Бұл бүгінгі таңда елімізде ашық нарықтық экономиканың қалыптасуына байланысты объективті қажеттілікке айналып отыр. Шетелдік инвестицияға тікелей шетелдік инвестиция, қоржындық шетелдік инвестиция, сыртқы несиелер, қарыздар, дамуға ресми көмек, гуманитарлық көмек жатады.
Жоғарыда аталған инвестиция түрлері арасындағы шетелдік инвестицияға жататын тікелей шетелдік инвестиция Қазақстан үшін неғұрлым тиімді бағытқа айналып отыр. Жалпы, тікелей инвестиция деп капиталды экспорттаушының қабылдаушы ел территориясында өндірісті ұйымдастыруын айтады. Тікелей шетелдік инвестиция қабылдаушы елдің шаруашылық қызметінде инвестордың ұзақ мерзімді мүддесін қанағаттандырады және сыртқы борышты қалыптастырмайды. Сол себептен болса керек, соңғы жылдары елімізге тікелей шетелдік инвестиция тарту аясы ұлғайып келеді. Соның жарқын дәлелі, біздің ауданымызда да көрініс беруде.
Ал, аудан аумағындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі ретінде «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда мұнда 3 жоба іске асырылса, 13 жоба жүзеге асырылу сатысында. Іске асырылған жобалар бойынша айтар болсақ, 3 жобаның жалпы құны 26,5 миллиард теңгені құрайды. Олардың алғашқысы – «ХИМ-плюс» ЖШС – гербицид өндіру зауыты. Жоба құны 26,3 миллиард теңге. Жұмыс орындары-48. Қазіргі таңда өндіріс орны жүйелі жұмыс жасауда.
Екінші жоба – «C9 techonlogies» ЖШС. Яғни, кассалық чек өнімдерін өндіру цехы іске қосылып, өнім шығаруда. Жоба құны – 59,4 миллион теңге, 23 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Үшінші жоба – «Chemical Engineering» (Кемикал Инжиниринг) – аммоний бифторидін өндіру (әйнек өндірісінде қолданылады). Жоба құны 226,0 миллион теңге. Қуаттылығы жылына 200 мың тонна өнімді құрайды. Жұмыс орындары-20. Қазіргі таңда іске қосылып, өнім шығарылуда. Аталған үш жобаның барлығы отандық инвесторлардың ықпалымен өз жұмыстарын жолға қойды.
Ал, жүзеге асырылу сатысындағы 13 жобаның ішінде 2024 жылдың тамыз-қыркүйек айларынан бастап құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 6 жоба бар. Бұл алты жобаның жалпы құны 76,1 миллиард теңге. Олардың қатарынан отандық инвестициялық жобалармен қатар, шетелдік инвестициялық жобалар да орын алып отыр.
Оның алғашқысы – «JVictorNewEnergy» ЖШС – кремний өндірісі. Жоба құны 17,7 миллиард теңге. Мұнда 150 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Аталған мекеме экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркеліп, 50,0 гектар жер учаскесін жалға алып отыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан кейінгі «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС-дегі сутегі асқын тотығын (пероксид водорода) өндіру жобасы. Жоба құны – 2,0 миллиард теңге. Жұмыс орындары-40. Жылдық қуаттылығы 5000 тонна өнімді құрайды. «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында орналасқан аталмыш серіктестікке 16 гектар жер телімі берілген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Үшінші жоба – «TarazGelatin» ЖШС-дегі астық желатин өндірісі, тері өңдеу және сабын өндіру жобасы. Бұл отандық жобаның құны 7,0 миллиард теңге. Жаңа жұмыс орындары–150. 2024 жылдың 17 сәуірінен бастап «Jibek joly» АЭА-ның қатысушысы ретінде тіркеліп, жер телімі жалға берілді. Қазіргі таңда, жоба «Өнеркәсіпті дамыту қоры» (ФРП) арқылы қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізіліп, шұңқыр қазу жұмыстары басталған.
Төртінші жоба – «Эко Бәйшешек» ЖШС-дегі өндірістік үй-жай салу жобасы. Жоба құны 1 миллиард теңге. Бұл серіктестікке 6 гектар жер телімі беріліп, қазіргі таңда, құрылыс жұмыстары басталды.
Бесінші – «SANY Group» ЖШС-дегі жел электр станциясының құрылғыларын өндіру зауытын салу жобасы. Қытай инвесторлары арқылы жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның құны–8,4 миллиард теңге. Жұмыс орындарының саны-88. Қазіргі таңда 24 гектар жер телімі беріліп, құрылыс жұмыстарына дайындық қолға алынып, шұңқыр қазу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, алтыншы жоба – «ALTYN ALMAS REAGENTS» ЖШС-дегі натрий цианидін өндіру зауытын салу жобасы. Бұл отандық жобаның құны – 40,0 миллиард теңге. Жаңа жұмыс орындарының саны-100. Қуаттылығы жылына 25 мың тонна. Қазіргі таңда 12 гектар жер телімі берілді. Жобалау-сметалық құжаттамасы «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына («Мемсараптама» РМК) жолданған. Бұл серіктестіктің құрылыс жұмысын 2025 жылдың бірінші тоқсанында бастау жоспарлануда. Яғни, алыс емес деуге болады.
Өздеріңіз байқағандай, ауданымызда шетелдік инвестициялық жобалар біртіндеп өз жұмысын жүйелі жолға қойып келеді. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының алға басуына өзіндік оң септігін тигізері сөзсіз. Іске қосылуы алдағы уақыттың еншісінде тұрған өзге де жобалар лайықты жүзеге асатын болса, бұл да өз кезегінде жергілікті халықтың жұмыспен қамтылып, тұрмыстық табысын арттыруына ықпал етері анық. Ендеше, жоғары оқу орнына тапсырамын деуші жас түлектердің «құлағына алтын сырға». Өйткені, өңірімізде шетелдік инвестиция арқылы салынған ірі өндіріс орындарын шет мемлекеттің өкілдері көтеріп кетпейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан, жергілікті жастардың өз өңірімізде ашылып жатқан өндіріс орындарында тұрақты еңбек етуі үшін әуелі сол салаға лайық мамандықты таңдап, оны жетік меңгеруі маңызды. Өмір заңына сәйкес, бүгінгі аға буынның орнын уақыты келгенде жас мамандар иемденетіні де аян. Сол себептен, болашақ жастардың қолында екендігін аға буын өкілдері де шынайы сезініп, олардың өзге елдің сұлтаны болғанша, өз елінің ұлтаны болуына үлес қосып, қазірден өзара тәжірибе алмасуды жүзеге асырғаны жөн деп білеміз. Біздің көкейімізде елдің жарқын болашағы жолындағы осындай игі жобалар сәттілікпен сабақтасса деген ниет қана. Ендеше, іске сәт!

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.